Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания патшайымына көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эдинбург герцогі, Ханзада Филиптің қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

Қазақстан халқының және жеке өз атымнан Ұлы Мәртебелі Патшайым Сіздің және барша британдықтың қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамын. 70 жылдан астам уақыт бойы, әсіресе, Ұлы Мәртебелі Патшайым, Сіз таққа отырған сәттен бастап, Эдинбург герцогі тұрақты тірегіңіз және күш-жігеріңіздің сарқылмас көзі болды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың құрметті батыры, бүкіл өмірін Біріккен Корольдік пен оның Тәжіне қызмет етуге арнаған, мұқтаж жандарға көмектесіп, Британия ұлтының, Достастық пен одан тыс жерлердегі халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосқан аса көрнекті, Жоғары Мәртебелі биік тұлға болды. Осындай қиын сәтте біздің дұғамыз Сіздің Ұлы Мәртебеңізге, Корольдік отбасыңызға, сондай-ақ, Ханзада Филипті білетін және қызметтес болған адамдарға арналды. Ол біздің жадымызда парасаттылық пен әділдіктің, батылдық пен өз халқына адалдықтың символы ретінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.

Бұған дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Патшайым ІІ Елизаветаға көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.