— Дүйсен аға, жылдам ақпарат заманында «Балдырған» журналы интернет басылымдармен қалай бәсекелесе алып жатыр?

— «Балдырған» — қазақ балалары баспасөзінің көш басында тұрған журнал. 1958 жылдың шілде айынан бастап шығып келеді. Содан бері 63 жылға жуық уақыт өтті. 1958 жылы осы журналды ашып, бас редакторы болған белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев еді. Мұзафар ағамыз журналды 28 жыл, 3 ай, 15 күн басқарыпты. 1986 жылы еңбек демалысына шығып, «Балдырған» журналының тізгінін Тұманбай Молдағалиевке тапсырып кетті. Тұманбай ағамыз журналды 25 жыл басқарды. Өмірінің соңына дейін журналда қызмет етті. Ал өзім осы журналды басқарып келе жатқаныма 10 жылға жуықтап қалыпты.

«Балдырған» — бастауыш класс оқушыларына арналған журнал. 1958 жылдан бері «балалар әдеби журналы» деген мәртебесі бар. Қазір де осыдан айнымай келеміз. Басылымға жарияланып жүрген материалдардың 80-85%-і — әдеби шығармалар, қалғаны — танымдық материалдар.

Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» — балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деп айтқаны бар еді. Осы бір ауыз сөздің өзінде көп нәрсе жатыр. «Балалар әдебиетінің бас кітабы» дегені — «Балдырған» журналы бүгінге дейін балалар әдебиетінің уығы болып қадалып, осы саланың шаңырағын көтеруге зор үлес қосып келе жатыр. Балаларға арнап шығарма жазып жүрген 50-60-қа жуық ақын-жазушы бар. Соның бәрі — «Балдырған» авторы. Кейінгі 10-15 жылда келіп қосылған жастар да бар. Ұстахана дегені — осы. Бізде тұсауы кесіліп, қазір өз алдына қалам тербеп жүргендер көп.

Жылдам ақпарат заманында бала өзіне керегін смартфоннан да оқысын, газет-журналдан да оқысын. Екеуі бір-біріне бәсеке болмай-ақ қойсын. Қазір газет-журнал не үшін керек дегендей пікірлер айтылып жатады. Көзбен көріп, қолмен ұстап оқығанға ештеңе жетпейді. Мысалы, студенттерге әлі күнге дейін конспект жазғызады ғой. Кезінде өзіміз де неге конспект жаздыра береді дейтінбіз. Сөйтсек, естігеніңді жазып отырасың, ал жазғаныңды оқып отырасың. Миға сол кезде қонады. Ал бір рет оқып шыққаннан есте сақталмауы мүмкін. Бала газетті пен журналды қолына алып, парақтап оқыса, сонда  жақсы әсер етеді. Балалар журналды, кітапты әуелі қолына ала салысымен бар бетін парақтап, суреттерін қарап шығады, содан кейін ішінен біреуіне тоқтап, оқи бастайды. Сол себепті балаларға газет-журнал керек пе деу — жаңсақ пікір. Бала кезден оқу мәдениеті қалыптаспаса, кейін ештеңе оқылмайды.

Балдырған журналы, балалар басылымы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ата-ана мен мұғалім балаға «Балдырғанды» не үшін оқытуы керек?

— Әрине, балаға көрінгенді, оның түсінуіне қиын нәрсені тықпалай беруге де болмайды. «Балдырған» сапасыз болса — бізге сын, біздің кінәміз. Кейінгі 10 жылда «Балдырғанда» көп нәрсе өзгерді. Журнал түрлі-түсті суретпен шығады. Бұрын бір ғана суретші жұмыс істейтін, кейін басшылықтың алдына қайта-қайта барып, үш суретші алғыздық.

Журналдан баланы имандылыққа, ізгілікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін көп нәрсе табуға болады. «Кім тез жаттап алады?» деген айдарда бала жылдам жаттайтын өлеңдерді беріп отырамыз.

«Балдырғанның Қызыл кітабы» деген айдарымыз бар. Жойылып бара жатқан жануар, құстар, өсімдіктер туралы қызық деректер беріледі. Басқатырғылар, скандвордтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, тесттер, логика есептері, мазақтамалар (әзіл өлеңдер) жариялаймыз. Қазіргі балаларға қызық болады деп 4 бет комикс дайындаймыз.

«Ислам атаның ізгілік сабағы» деген айдарды жүргізіп келе жатқанымызға да біршама уақыт болды. Мұнда барлығы ата мен немере арасындағы әңгіме арқылы беріледі. Атасының аты — Ислам, немересі — Иман, әкесі — Жұма, әжесі — Айша. Кейіпкердің бәрі дінге қатыстырып алынды. Мысалы, балаға көрші ақысы дегенді бір ғана оқиға арқылы түсіндіріп бердік. Иман ойнаймын деп көрші үйге кетеді де, тез оралады. Атасының «Неге тез келдің? Көршінің баласы үйінде жоқ па екен?» деген сұрағына немересі «Үйінде екен, бірақ киетін етігі жоқ, көшеге шыға алмай отыр» деп жауап береді. Сонда атасы «Кеше Алматыдан етік әкеліп беріп едім, сол үлкен болып қалды деп ең ғой, соны берейік» дейді. Немересі қуанып кетеді, өзі де соны сұрамақшы болған екен. Атасы «Досыңды үйге ертіп кел, қазір қой соямыз, содан ет беріп жіберейік» дейді. Осы оқиға арқылы балаға көрші ақысы туралы, көршімен қарым-қатынас қандай болуы керек дегенді жеткізуге тырыстық.

Сосын қазір балалар айтатын ән жоқ дейді. Бұрындары мектепке кездесуге барсақ, оқушылар «Гәккуді» айтып тұрады. Балаларға махаббат тақырыбындағы, айтылуы қиын патриоттық әндерді айтқызып қояды. Мұғалімдерге балалар әнін неге айтқызбайсыздар десем, «Жоқ, таба алмаймыз» дейді. «Балдырған» журналында екі жылдан бері балаларға арналған әндерді нотасымен қоса жариялап келеміз. Осыны мұғалімдер жаздырып, оқушыға үйретуіне болады.

Балдырған журналы, балалар басылымы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Ал коронавирус пандемиясы журналдың жұмысына қалай әсер етіп отыр?

— «Балдырған» журналы қазір 10 мың тиражбен тарап жатыр. Коронавирус пандемиясына дейін 27-28 мың таралыммен шықты. Бір жылдың ішінде мына кесел 10 мыңнан астам оқырманымыздан айырды. Неге десеңіз, қазір мектептердің бәрі жабық. Бұрын аптасына 4-5 мектепке кездесуге барып, балалардың сұрағына жауап беруші едік. Олар да бізге сұрақ қоятын, арамызда жақсы байланыс болды. Балалар осындай кездесулерден кейін басылымға жазылатын.

Туыстарымның балалары оқысын, көрсін деп өз ақшама да журналды жаздырып беремін. Кейде хал-жағдай сұрап, қонаққа барып қалғанда «Балдырған қайда?», «Оқыдың ба?» деп сұраймын. Көзін төмен салады. «Неге оқытпайсыңдар?» деп әке-шешесіне де ұрсамын. Келесі жолы келгенде сұраймын деп кетемін. Қазір мені келе жатыр дегенді естігеннен алдымнан шығып, бір тақпағын жаттап, тақылдап тұрады.

Жазылғаннан кейін журналды оқыту мәселесі бар. Мәдениет және спорт министрлігі осы жылды «балалар әдебиетін оқыту жылы» деп жариялады. Бұл жаңалықты естігенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Жақсы бастама, енді оның нәтижесі қандай болады? Қаржы бөлініп, Жазушылар одағымен бірлесіп, конференциялар, жиындар өткізіп, балалар әдебиетінің қандай мәселесі бар, соны талқылап, оны шешетін жолды іздестірсек, жақсы болушы еді. Қазіргі пандемия кесірінен жинала алмай отырмыз. Қанша дегенмен, онлайн кездесудің көзбе-көз отырып, әңгімелескендей әсері болмайды.

«Балдырған» журналын оқыту үш тарапқа байланысты. Бұл — журнал редакциясы, педагог және ата-ана. Біздің мойнымыздағы міндет — бәсекеге қабілетті, бала сүйсініп оқитын, көркем суреті бар журнал шығарып, ұсыну. Бастауыш класқа сабақ беріп отырған мұғалім оны өзіне көмекші құрал ретінде пайдаланып, баланың тілін, ой-өрісін дамытатуға қолданса екен.

Ал мұғалім балаға тапсырма беріп жіберді ме, ата-ана міндетті түрде жаздырып, бірге оқуы керек. Қазір оқы демесең, ешқандай бала кітап, газет-журнал оқымайды. Заман сондай болып отыр. Ата-ана оқуға бағыт беріп отырса, бала да оқитын еді. Осылайша, бала оқығанынан титтей де пайдалы нәрсе алса — біздің еңбектің жанғаны.

Дүйсен Мағлұмов
Дүйсен Мағлұмов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Балаларға арнап өлең, әңгіме жазатын авторларды қайдан табасыздар? Олар көбіне қандай тақырыпта жазады? Қазіргі балалар әдебиетінде қай тақырыптар жазылмай жүр?

— Кез келген балалар жазушысы бала психологиясын, өзара сөйлейтін тілін білуі керек. Көп жағдайда автордың ойын, идеясын сақтап, жазғанын түзеп шығуға тура келеді. Өйткені балаға ауыр болып кетпеуге тиіс. Ұғынықты, қысқа жазылуы қажет. Қала балаларының тіршілігін көбі жаза алмай жатыр.

Мұзафар Әлімбаев Мұқағали Мақатаев бір келгенінде «балаларға арнап бір-екі өлең жазып бер» деп қолқа салады. Сонда Мұқағали «Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың» деген атақты өлеңін жазып шыққан. Сол сияқты біз де ақын-жазушыларға өтініш айтамыз.

Сосын ақын-жазушылар балаларға арнап және бала туралы жазу дегенді ажырата алмайды. Балаларға арнап бірдеңе жаз десең, бірден бала өмірі немесе өз өмірі туралы жазып береді, балаға бір тақырыпты түсіндіріп беретін нәрсе жазу ойына келмейді.

Балдырған журналы, балалар басылымы
«Балдырған» журналының 1958 жылғы нөмірі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазір балалар әдебиеті бар бар ма, жоқ па?» деген әңгіме көп айтылып жатады. Біреулер «балалар әдебиеті бітті, ауылдан аса алмай қалды» дейді. «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары, «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері тұрғанда балалар әдебиеті өлмейді. Осы журналдар жабылғанша бола береді. Одан кейін білмеймін. Неге десеңіз, осы басылымдардың өзінде жыл сайын ақын-жазушылардың балаларға арналған қаншама әңгімесі, өлеңі жарияланып жатыр.

«Балалар әдебиеті ауыл деңгейінен шыға алмай қалды» дегеннің де жаны бар, ол рас, бірақ оған да қарсылық білдіруге болады. «Балдырған» журналы оқырмандарының 80%-і — ауыл балалары. Балалар әдебиетінде қозы, лақ, төрт түлік, жануар туралы жазылады деп айтылып жатады. Ауылдағы тіршілік қандай? Баяғы мал-жаннан қазақ әлі ажырған жоқ, сонымен күн көріп отыр. Соны жақсы көреді, сонымен айналысады. Ал қалаға келсек, мұнда басқаша. Бүгінгі заман туралы әңгімелер жазу да жоспарда бар. Жазылып та жатыр. Өзім жүрген жерімде балаларға арнап шығарма жазып жүрген азаматтарға «бүгінгінің ертегісін жазып беріңдерші», «қала баласының тіршілігін көрсететін әңгіме жазып берші» деймін. Ешкім «жоқ» демейді, бірақ жоғалып кетеді. 10-20 бет әңгіме жазып әкелетіндер де бар, оны не қысқартуға келмейді, не журналға баса алмаймыз. Өйткені 10-20 бет әңгімемен журнал толып қалады. Басылымды кішкентай балалар оқитын болған соң қысқа-қысқа материалдар жариялаймыз.

Балалар әдебиетінің 20-дан астам жанры бар. «Балдырғанда» осының бәрін қамтуға тырысамыз. Мұның өзі — үлкен жауапкершілік, жүк. Мұзафар Әлімбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің кезінде қалыптасқан дәстүрден жаңылмау үшін барынша тырысып, жұмыс істеп жатырмыз.

Балдырған журналы, Дүйсен Мағлұмов, сұхбат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Авторларға төленетін қаламақы оларға қаншалықты стимул болып отыр?

— Қолына қалам алып, шығармашылықпен айналысып жүрген ақын-жазушылардың «еңбегі еш, тұзы сор». Қазір бір баспа табақ үшін қаламақыны 260 мың теңгеге дейін көтеріпті. Бір баспа табақ дегеніміз — Word-пен есептегенде 16 бет. Жазушының 10 баспа табақ кітабы шықса, 2 миллион 600 мың теңге қаламақы алады. Қазіргі заманда мұның өзі көп ақша емес.

Ал «Балдырғанға» келсек, журналдың бір саны үшін 75 мың теңге қаламақы тағайындалады. Әр нөмірде 30-ға жуық автор еңбек етеді. Оның ішінде ақын-жазушылар, редакция қызметкерлері, суретшілер бар. 75 мың теңгені 30 адамға бөлгенде дым да болмайды. Суретшілерге жоғары деңгейде қаламақы төлемесең, салмайды. Өйткені сурет салу да оңай шаруа емес. Кейде бұл мәтін жазудан да қиын болуы мүмкін. «Балдырғанға» жазатын авторларға да қаламақы төленеді, бірақ өте аз.

Мысалы, 2 бет әңгімеңіз шықса, ары кеткенде 2,5-3 мың теңге қаламақы бере аламыз. Басшылық алдында да осы мәселені талай рет көтердім. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бұл жағдайдан хабардар. Алдағы уақытта бәрі дұрысталады деп сенеміз. «Балдырған» журналының бір нөмірі үшін қаламақы кем дегенде 200-250 мың теңгеге дейін жетсе, авторларға да ұялмай өтініш айтушы едік. Бұл ақын-жазушылар үшін де стимул болар еді.

Балдырған журналы, балалар басылымы
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балдырған» журналы ұжымына алғысы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Бұрынғы «Жас өркен» жауапкершілігі серіктестігіне қарасты балалар басылымдары «Қазақ газеттері» серіктестігіне қосылғанын білеміз. Енді бұл серіктестік құрамына «Егемен Қазақстан» газеті де қосылмақшы екен. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыздар?

— Бұрын «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында еді. Кейін бұл серіктестікті жауып, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қосты. Енді бұған «Егемен Қазақстан» газеті қосылады. Осыдан кейін «балалар басылымының жағдайы қалай болады, дұрыс көңіл бөлінбей қалмай ма?» деген мәселе туындады. Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса осы проблеманы көтерді.

Кеңес одағы құрамында болған көп мемлекетте балалар басылымы жабылып қалған еді. Өзбекстанда, Қырғызстанда осылай болды, кейін қайта ашылып, жанданған шығар. Бірақ біздің газет-журналдар бір күн де тоқтаған емес. Тек бір мәселе — тираж. «Балдырған» журналы Кеңес одағы тұсында 300 мыңнан астам тиражбан жарық көрді. Ол кезде қазақтың саны қазіргіден аз болды. Ал қазір Тәуелсіздік алып, қазақтың саны көбейді деп бөркімізді аспанға атып қуанамыз, бірақ «Балдырған» журналының таралымы 10 мыңнан аспай тұр.

Қазір барлығын әркімнің өз еркіне беріп қойған. Мектептерге барсақ, мұғалімдер Білім және ғылым министрлігі заң шығарған, сол заң бойынша ешқандай ақша жинай алмаймыз, журналыңызды насихаттай алмаймыз, бұл бізге қосымша жұмыс болып есептеледі дейді. Кейінгі 10 жылда газет-журнал шығару ісі кейінге кетпесе, ілгерілеген жоқ. Өйткені осы уақыт аралығында технология, смартфон қарыштап дамыды. Баланың бар көңілі осыған ауып кетті. Оны қадағалап отырған ата-ана жоқ. Оған баласы мазасын алмай, тыныш отырса болғаны.

Дүйсен Мағлұмов
Дүйсен Мағлұмов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Мемлекет балалар басылымына нақты қандай қолдау беріп отыр? Қандай көмек жетпей жатыр?

— Мемлекет жыл сайын тендер арқылы қаржы бөледі. Журналдың өзіндік құны деген болады, «Балдырғанның» өзіндік құны 5-6 мың теңгеге дейін жетеді. Оның ішінде қызметкерлер жалақысы, мекемені жалға алу, басып шығаруға кететін шығын, бәрі-бәрі есептеледі. Ал журналға бір жылдық жазылу бағасы — 3 мың теңге. Қалған ақшаны мемлекет беріп отыр. «Өздерің шығарыңдар» деп ақша бөлмей қойса, кеткен шығынды ақтау үшін журналды 7 мың теңгеден сатуым керек болады. Мұндай сомаға жазылатындар, жазыла алатындар көп емес. Ауылда тұратындарға осының өзі көп ақша. Қазіргі оқырмандарымыздың көбі ауыл балалары дедім ғой. Ауылда тұратындар балалары үшін 3 мың теңгесін қиып, газет-журналы жаздырып беріп отыр. Ал қалада бұл ақшаға жақсы торт та сатып ала алмайсың.

Қазір бір жақсысы — жалақымызды уақытында алып отырмыз. Журнал уақытылы шығып жатыр. Тек бір мәселе — қызметкерлер жалақысы мен авторларға төленетін қаламақы көлемі аз. Сосын Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері балалар басылымын қолдау үшін, оның тиражын көбейту үшін өңір әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істесе дейміз. Қазақстанда 9 мыңдай мектеп бар, сондағы кітапхана үшін деп бір данадан жаздырса, соның өзінде журналдың тиражы көбейер еді.

Балдырған журналы, балалар басылымы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тағы бір мәселе — «Қазпошта» жұмысы сын көтермейді. Мысалы, «Балдырған» журналы Нұр-Сұлтанға бір ай дегенде әрең жетеді. Негізі астанаға жарты-ақ күнде жететін нәрсе еді, ұшақпен бір сағатта, пойызбен бір күнде жеткізуге болады. Сонда бір ай уақыт бойы қайда жатады? Журналды уақытында шығарып, жіберсек те, жағдай осындай. «Қазпошта» оқырманымызға тезірек жеткізсін деп журналды ертерек дайындап, шығарып жүрміз. Әр айдың 10-ы күні өндіріске тапсыруымыз керек, бірақ сәуірдегі нөмірді 5-інде өткіздік. Соның өзінде «Қазпошта» жеткізіп беруге кесірін тигізіп отыр. Кей оқырманға сол күйі жетпей қалуы да мүмкін. Шалғайдағы ауылда біздің журналға бір ғана бала жазылған шығар. Оны пошта қызметкерлері ауыл арасында жүрген таксистерден беріп жібереді. Таксист жоғалтып алады немесе үйіне келгенде балалары жыртып тастайды. Содан кейін оқырман журнал келмей жатыр деп хабарласады…

— «Балдырғанға» қалай жазылуға болады?

«Балдырған» журналына «Қазпошта» АҚ арқылы жазылуға болады. Әр айдың 10-ына дейін жазылып үлгерсеңіз, журнал келесі айдан бастап қолыңызға тиеді. Жеке жазылушылар үшін индекс — 75610, қалаларда 3 051 теңге 60 тиын, аудан, ауылдарда — 3 103 теңге 20 тиын. Мекемелер үшін жазылу индексі — 25610, қалаларда — 3 291 теңге 60 тиын, аудан, ауылдарда — 3 343 теңге 20 тиын.

— Әңгімеңізге рақмет!