«Қазіргі жағдайымыз жақсы емес». Мемлекет басшысы коронавирус туралы

Президенттің төрағалығымен еліміздегі коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиология ахуалы жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көп ел бастан өткеріп жатыр. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр, — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге бизнес өкілдерінің карантин шектеулерін сақтамай жатқанын айтты.

Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтырып жатыр. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар, — деді президент.

Айта кетейік, Қазақстанда кейінгі тәуліктерде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. 31 наурызда 1 873 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды.

Коронавирус бойынша еліміздің алты өңірі «қызыл» аймақта, Қарағанды облысы мен Шымкент «сары» аймақта тұр.