Атырауда су жүйесін есептегіш құралдарын шығаратын зауыттың іргетасы қаланды

Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында су жүйесі есептегіш құралдарын шығаратын зауыттың іргетасы қаланды.

Зауыт Атырау

Шетелдік құрылғылармен жабдықталатын зауыт болашақта айына 18 мың данадан астам өлшеу құрылғыларын шығара алады.

Жобамен танысқан Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов мұндай жобалардың алдағы уақытта көбейетінін айтты.

Зауыт Атырау

Қазіргідей күрделі кезеңде біз үшін әрбір ашылған жұмыс орны мен ашылатын әр өндіріс ошағы маңызды. Сондықтан, іргетасы қаланатын су жүйелерінің есептегіш құралдарын шығаратын зауыт құрылысына сәттілік тілеймін! Бұл Махамбет ауданында бой түзейтін алғашқы өндірістік кәсіпорын. Елге, жерге пайдалы мұндай жобаларды көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады,-деді.

Аймақ басшысы сондай-ақ өндіріс орнында жұмыспен қамтылатын 80 адамның 60-тан астамы жергілікті азаматтар болатынын айтты. Солардың бірі — Сарытоғай ауылының тұрғыны Азамат Сұлташев.

Зауыт құрылысы

Бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс жасап келдім. Ауылымызда отандық өнім шығаратын зауыт ашылатынын естіп, осында ауыстым. Мұнда менімен бірге көптеген ауылдастарым жұмыс істейді. Арнайы оқудан өттім. Ерекше зауыттың алғашқы қызметкерінің бірі болғаныма қуанамын,-деді жас маман.

Ал, «Guryev» ЖШС-ның директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуынша, бұл Қазақстандағы су жүйесіне арналған жүз пайыз отандық есептегіш құралдар шығаратын алғашқы өнеркәсіп. Қажетті шикізаттың барлығы ел ішінен әкелінеді, әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Алғашқыда зауыт облыс кәсіпорындары мен ұйымдарын қамтамасыз етеді, кейін республиканың өзге өңірлерінің де сұраныстарын қанағаттандырады.

Су өлшеуіш құралдары қазіргі таңда шетелден жеткізіліп жатқанын сондай-ақ шетелден бөлшектері әкелініп құрастырылып жатқанын білесіздер. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін өте пайдалы өндіріс болады деп күтілуде. Бастапқыда мұнда механикалық есептегіш құралдар шығарылса, болашақта олардың электронды түрлері де өндіріледі. Мұның тиімділігі – ай сайын суды қаншалықты тұтынғаны туралы көрсеткіш есебін беріп керек емес, құрылғы автоматты түрде есептейді. Осы орайда, елімізде жүргізіліп жатқан ақпарат тасымалдау жүйелерін цифрландыру жұмысына да игілігі тиетін ерекше жоба деуге болады,- деді Жеңіс Бекбасаров.

Сонымен қатар, шара барысында зауыт басшылығы алғашқы өнімдерін алатын екі компаниямен меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, аталған зауыт құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталып, өндірістік жұмысын бастамақ.

Шара аясында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовке Махамбет ауданының әкімі Ринат Джанглишов аудан бойынша жүзеге асырылатын өзге де инвестициялық жобаларды таныстырды.