Sinovac немесе CoronaVac қандай вакцина?

Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы өндірген бұл вакцинаның негізгі атауы — CoronaVac. Бұл — сұйық, белсенді емес вакцина. Оны жасау үшін өлі вирус жасушалары қолданылады. Олар адамға коронавирус жұқтырмайды, бірақ иммун жүйесін вирусқа қарсы іске қосады.

CoronaVac +2 градустан +8 градусқа дейінгі температурада сақталады. Оны бұлшықетке салады. Вакцина алатын адам оның екі дозасын салғызуы керек. Екінші доза бірінші вакцинадан кейін 2 апта өткен соң егіледі.

CoronaVac-ты Қытайдың вакцина шығаратын ең ірі компанияларының бірі Sinovac Biotech жасады. Компания 2001 жылы құрылған. Жылына вакцинаның 300-ден 500 миллион дозаға дейінгі мөлшерін өндіре алады. Sinovac А және В гепатитіне, тұмау және паротит вирусына қарсы вакциналар шығарады. Компания CoronaVac-ты Бразилиядағы Бутантан биомедициналық зерттеу институты және индонезиялық Biofarma компаниясымен бірге жасаған.

Вакцинаның тиімділігі қалай бағаланып жатыр?

Басында Бразилия зерттеушілері дерегі бойынша, вакцина тиімділігіне 50,4% деген көрсеткіш берілді. Дегенмен бразилиялықтар бұл препарат коронавирустың ауыр түрінің 100%, ал жеңіл түрінің 78% алдын алатынына сенімді.

Түркия өз азаматтарына қытай вакцинасын 2021 жылдың қаңтарынан бастап салды. Вакцинаны бірінші болып елдің Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қоджа мен ғылыми кеңес мүшелері еккізді. Зерттеушілер Түркиядағы Sinovac вакцинасының тиімділігі 83,5% деп бағалады. Бұл вакцинаның үшінші фазасы сынағы қорытындысына негізделген.

Украина да CoronaVac-тың 1,9 миллион дозасын сатып алады. Оның әр дозасы үшін ел 504 гривна (18,11 доллар немесе 7 706 теңге) төлейді. 25 наурызда елге CoronaVac-тың алғашқы 200 мың дозасы жеткізілді. Бұл ел зерттеушілері қытай вакцинасының тиімділігі 50% деген баға берді.

Индонезияның денсаулық сақтау органдары қытай вакцинасының тиімділігі 65% шамасында деген қорытындыға келді. Вакцинаның әр елде әрқалай тиімділік процентін көрсеткені оның айналасында түрлі сын мен дау туғызды. Алайда бұған мемлекеттердің зерттеуді әртүрлі тәсілмен жүргізгені және зерттеуге қатысқан адам санының да бір-бірінен өзгешеленуі себеп болып отыр.

Science ғылыми журналына вирустар туралы ондаған жылдан бері материал жазатын Джон Коэн «Украинская правда» газетіне берген сұхбатында былай дейді:

Вакцина тиімділігі аурудың жеңіл түрі арқылы анықталады. Яғни тиімділігі 95% деп тұрған вакцина дәл осы көрсеткіші 75% болатын екпеге қарағанда жеңіл ауру түрімен жақсырақ күреседі. Ал аурудың ауыр түрінің алдын алатын вакциналардың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Өйткені кез келген вакцина пациент өліміне қарсы тұруға қабілетті.

Бұл препараттың батыс елдерінің мРНҚ-вакциналары сияқты анағұрлым тиімді емес екені рас, бірақ оның әсері грипке қарсы вакциналар көрсеткішінен (30-60%) жоғары.

CoronaVac-тың жанама кері әсері қандай?

Вакцинаның айтарлықтай қорқынышты жанама кері әсері әзірше анықталмады. Бірақ ең жиі таралғаны — қалтырау (лихорадка), яғни дене температурасының көтерілуі. Бұл әсер вакцина салдырған адамда бірнеше күн болуы мүмкін.

Негізі CoronaVac вакцинасының мынадай жанама әсері болуы мүмкін:

  • дене қызуы;
  • вакцина салынған аймақтың қызаруы;
  • жөтел;
  • бас ауруы.

***

Айта кетейік, Қазақстанға коронавирусқа қарсы Қытайдың Sinovac вакцинасының 3 миллион дозасы әкелінеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда өткен КВИ-мен күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысында мәлімдеді. 30 наурызда Әлия Назарбаева туристік саяхатта жүріп, коронавирусқа қарсы қытай вакцинасын салдырды.