Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Алматыдағы қазіргі эпидемиология ахуалы және коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Алексей Цой коронавирус ахуалы президенттің және Үкіметтің ерекше бақылауында екенін айтты.
Сондықтан Алматыда COVID-19-ға қатысты ахуалды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдардың, Денсаулық сақтау министрлігі, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының, жетекші клиницистер мен санэпидбақылау қызметі мамандарының, Медициналық және фармацептикалық бақылау комитеті қызметкерлерінің қатысуымен көшпелі штаб өткізу туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.
Министр мәселені инфекцияның одан әрі таралу қаупін, вирустың жаңа мутацияларын ескере отырып шешуге назар аударды.
Еске салайық, Қазақстанда 25 наурызда 1 100 адам коронавирус жұқтырды. Ең көп дерек Алматыда тіркелді. Мұнда кейінгі тәулікте 330 адамнан инфекция анықталды.
Өңір коронавирус бойынша «қызыл» аймақта.
