Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметте күнтізбелік есеппен кемінде жиырма жыл қызмет етіп босатылған әскерилер тұрғын үйді жекешелендіруге немесе ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
Ал ол мерзімнен аз қызмет еткен әскери қызметкерлердің тұрғын үйді жекешелендіру орнына ақшалай өтемақы алуға құқығы жоқ, сонымен бірге оны өтеусіз негізде ала алмайды. Заң бойынша әскери қалашықтың аумағында орналасқан қызметтік пәтерді жекешелендіруге болмайды, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Тұрғын үй заңнамасына енгізілген түзетулер жұмыстан шығарылған адамдарға қызметтік тұрғын үйді әрі қарай жекешелендіру арқылы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан басқа тұрғын үйге айырбастауға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрлігі әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының аға офицері Дәуренбек Жұмабектің айтуынша, ведомствоның балансында Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа қалаларда 236 пәтер бар.
Бұл заң қызмет мерзімі жеткіліксіз бұрынғы әскери қызметшілерге тұрғын үйді ауыстыру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Сіз пәтерді қалдық құны бойынша сатып ала аласыз. Бастапқы төлем ретінде 30% салым, ал қалған соманы он жылға пайызсыз бөліп төлеу қарастырылған, – деді Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының аға офицері, әділет майоры Дәуренбек Жұмабек.
Мәселен, Нұр-Сұлтанда қалдық құны үш миллионнан жеті миллион теңгеге дейінгі 34 пәтер айырбастауға ұсынылды. Мысалы, ауданы 31,5 шаршы метр, құны 3 млн 300 мың теңге болатын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін бастапқы жарна ретінде 990 мың теңге төлеу қажет. Қалған 2 млн 310 мың теңге он жыл ішінде төленеді. Ай сайынғы төлем 19 250 теңге.
Қазіргі уақытта жүздеген адам осы механизм арқылы тұрғын үй сатып алудың жолдары мен мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Бұл ретте Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер осы ауыстырудан кейін пәтерлерін ақысыз меншігіне айналдыра алады, — делінген хабарламада.
Қарулы күштердің әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы әскери қалашықтардағы тұрғын үйлерді республиканың басқа өңірінен пәтерге айырбастау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғасып жатқанын хабарлады.
Ведомствоның тұрғын үй қоры туралы барлық ақпарат Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» бөлімінде орналастырылған.