Рүстемнің сөзінше, осы уақытқа дейін Жаңа жылға қыруар ақша бөліп, Наурызға келгенде аянып қаламыз. Ал биыл Шымкент мегаполис ретінде олқылықтың орнын толтыруға бастама жасап жатыр.

Әз Наурызды жаңа қарқынмен, ұлттық болмысымызды насихаттай отырып он күн тойлау дегеніміз — болашақта берері мол бастамалардың бірі. Оның үстіне Шымкент мегаполис дәрежесін алғандықтан Қазақстанға қосары да болуы керек емес пе? Биыл Шымкент ұлыстың ұлы күні әз Наурызды тойлаудың жаңаша үлгісін көрсетіп жатыр, — деп жазды Рүстем Ашетаев.

Айта кетейік, бірер күн бұрын желіде Шымкентте Наурыз мейрамын тойлауға біраз қаражат бөлінгені туралы ақпарат тараған еді. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, Шымкентте Наурыз мейрамын тойлауға қатысты алты келісімшарт жасалған.

Блогер Рүстем Ашетаев осы іске қатысты пікірін білдіріп отыр. Оның айтуынша, дүниежүзінде Бразилияның карнавалы мен Қытайдың жаңа жылы сияқты туристерді қызықтыратын әлем деңгейіндегі мерекелер бар. Бұл шаралар да бастапқыда мемлекеттің қолдауымен өтіп, насихатталып, қазір өзін-өзі қаржыландыратын күйге жеткен.

Әрине, бастапқыда көбірек шығындалуға тура келеді. Әр ағаш жеміс беруі үшін су керек. Бастапқыда су құйылса, уақыты келгенде жемісін береді. Жаңа жобаларға құйылатын қаржы да осы су секілді. Қазіргі шығынды болашаққа құйылып жатқан инвестиция деп қарасақ, мұндай ауқымды жобалар да болашақта жемісін береді. Тек аздаған уақыт керек. Бір қарағанда орынсыз шығын көрінгенімен алысты ойласаң, тұтас қазаққа, дүниежүзіне танытатын, өз брендіне айналдыруға болатын жобаны көруге болады. Көш жүре түзеледі. Алғашында аздаған кем-кетігі болуы мүмкін. Оны қалыпты жағдай деп бағалаймын. Оған бола бұл жобаны тұтастай сызып тастауды дұрыс көрмеймін, — деді ол.

Рүстем Ашетаев Наурыз сияқты ұлттық мейрамға қанша қаражат бөлінсе де, орынды екенін айтты. Ол Қазақстан халқын Наурызды тойлауға Шымкентке шақырды.

Мысалы «Көшпенділер ойынын» қырғыз ағайындар өз брендіне айналдыра алды. Көлемді қаржы да шығындағаны даусыз. Есесіне одан зиян шеккен жоқ. Сол секілді «Наурыз Шымкенттен басталады» жобасының үлкен потенциалы бар деп ойлаймын. Бірер жылда бүкіл Қазақстан әз Наурызды Шымкентте тойлауға келіп жатса, өзін-өзі қаржыландыратын жобаға айналып шыға келмейді ме? Ол үшін сапалы дүниелерді ұсынуымызға тура келеді. Ал сапалы дүние арзан болмайды. Сондықтан жобаға түрлі ракустан қарап, ой қорытқан жөн болар. Барша қазақстандықты келесі жылы «көзді жұмып» он күнге Шымкентке келіп, Наурызды тойлауға шақырамын, — деді блогер.