— Йога жайлы пандемия кезінде неге көп айтылды? Коронавирусқа қарсы оның пайдасы бар ма?

— Йога — адамға өзін және айналасындағы әлемді танып-білуге көмектесетін көпқырлы ілім. Ол біздің деніміздің сау болуына мүмкіндік беретін нақты жаттығулар мен әдістерден тұрады.

Йога сабақтары иммунитетті нығайтады. Кеуде қуысын ашуды, тыныс алуды қалыпқа келтіруге көмектеседі. Осы себепті йога пандемия кезінде өзекті. Мұндай жаттығулар табиғи түрде дұрыс тыныс алуды үйретіп, өкпенің жұмысын жақсартады. Бірақ аурудың өткір түрі болса, мәселен, пневмония, әлсіздік, жөтел және ентігу кезеңін өткеріп жатқанда, дене және тыныс алу жаттығуларын жасамауға кеңес беріледі.

Алайда аурудан айыға бастағанда, денені қалпына келтіру кезеңінде йогада қолданылатын техникалар мен тыныс алу жаттығулары тұтас ағзаны сауықтыруға көмектеседі. Адам терең әрі дұрыс тыныс алса, аурудан айығады деп есептеледі. Пранаяма — йогадағы тыныс алу жаттығуы. Әдетте тыныс алғанда демді жұтамыз (пурака) және оны шығарамыз (речака). Ал пранаяма жаттығуында демді ұстап тұруға (кумбхака) болады. Ежелгі мәтіндерде демді ұстап тұру энергияны (прана) ұлғайтады және оны жұмсауды қадағалай алады делінген. Сол себепті пранаяма аурудан айығуға және ағзаның қартаймауына ықпал етеді деп сенеміз.

Йога жаттығуларынан тәніміз күшті, икемді және төзімді болады. Адам — біртұтас ағзадан тұратын ажырамас жүйе. Сондықтан йогамен айналыса отырып, бүкіл денемізге әсер ете аламыз.

Йога жаттығуларының пайдасын былай жүйелеуге болады:

  • Физикалық денсаулық, жақсы энергия тонусы, қуат пен күш;
  • Сымбатты, төзімді, әдемі дене;
  • Психологиялық саулық, күйзелістен арылу, сабыр, ішкі үйлесімдік және еркіндік.
  • Өмірдің шынымен жақсы жаққа өзгеруі — ұнамды әрі жоғары жалақы төлейтін жұмыс, қызық өмір, айналадағылармен гармониялық қарым-қатынас құру, мақсаттарға жету;
  • Рухани даму, яғни адам ашыла түседі, шынайы, қайырымды бола бастайды. Өзін және айналасын таниды және басқаларға тірек бола алады.
Валерия Чугунова
Валерия Чугунова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Йоганың қандай түрлері бар?

— Йоганың түрі көп. Жер бетінде адамдардың қанша әрекеті болса, йоганың сонша түрі бар деуге болады.

Дәстүрлі негізгі түрі — хатха. Хатха-йогадағы тәсілдер адам денесін одан әрі жетілдіруге, икемді, төзімді етуге көмектеседі. Сонымен қатар адам санасының айқын болуына, интеллектуал қабілетін арттыруына жәрдемдеседі.

Валерия Чугунова
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Йоганы спорт түріне жатқыза аламыз ба?

— Йогамен айналысып жүрген адам ретінде оны спортқа жатқызбаймын. Спортта адам нақты бір нәтижеге жету үшін талпынады. Ал йога адам денесін басқаша дамытады. Алғашында йоганы рухани тәжірибе түрінде қолдана бастады. Мұнда нақты бір нәтижеге жету, әлдебір дүниені бағындыру сияқты мақсаттар қойылмайды. Оның үстіне йога — экологиялық жаттығу түрі. Адам денесі мен кішкентай кілемшеден басқа ештеңе аса керек емес. Кез келген жерде, кез келген жаста бастауға, шұғылдануға болады. Алайда спорттағыдай үнемі айналысып отыру, қайталау, дисциплина сақтау маңызды. Сонда ғана деніміз сау, ойымыз айқын бола түседі.

Йога қағидаларының бірі «ахимса» деп аталады. Санскрит тілінен аударғанда мінез-құлық және әрекет принципін білдіреді. Бұл қағиданың бірінші талабы — зорлық жасамау, зиян келтірмеу. Йогамен айналысқанда біз осы қағиданы ұстанамыз — өзімізді қинамаймыз, мәжбүрлемейміз. Физикалық жаттығу арқылы денемізді сезінуге және зорлық пен саналы әсер етудің шекарасы қай жерде екенін түсінуге талпынамыз. Осылайша адам өзіне де, өзгеге де сезімтал бола түседі. Ал ахимса қағидасы өмірімізге еніп кетеді.

Былтырғы көктемде үйде отыру бәріміз үшін сынақ болды. Тіпті ең жақын, жақсы көретін адамдармен бірге болу да оңай болған жоқ. Жақындарымызбен ұзақ уақыт бірге жүруге үйренбеген едік. Иә, мұндай кезде йога көмектесті. Себебі йога жаттығулары кезінде адам ішкі күйіне үңіліп, оны не алаңдататынын түсініп, өзін сабырға шақырады. Нәтижесінде жүйке жүйесі де тынышталып, сабырлы, байсалды бола бастаймыз. Әрине, мұндай нәтижеге бірден жете қоймаймыз. Шамамен бір ай жасаған үздіксіз жаттығулардан соң өзіміздегі өзгерісті байқай аламыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Пандемия кезінде йоганы біраз адам онлайн үйренді. Гаджеттегі видео арқылы немесе тренермен онлайн жүздесіп үйрену норма ма?

— Йоганы онлайн үйренуге болады деп ойлаймын. Қазір барлық сала бойынша өте сапалы дайындалған онлайн курстар бар. Бастысы адам жеңілінен бастап, жаттығуларды біртіндеп қана күрделендіруі керек. Ал негізі йоганы байқап көргісі келген адам арнайы залға барғаны дұрыс. Жетекшінің түсіндіруімен біраз нәрсе оңай болады. Бұл өзіңізге зиян келтіру және жаттығуды бұрыс жасау қаупін азайтады.

— Қазақстанда тұратын халықтың біраз бөлігі — мұсылман. Сәйкесінше, йога индуизмнен шыққан деп, өзін бұл дүниеден алшақ ұстайтындар бар. Шын мәнінде қалай? Дінді араластырмай йогамен айналысуға бола ма?

— Хатха-йогамен кез келген дін өкілі айналыса алады. Сонымен қатар мұнда адамның жасы, жынысы, денесінің көлемі қандай екені маңызды емес.

Валерия Чугунова
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Алматыда көбіне йогаға кімдер қызығады және қандай себеппен келеді?

— Аудитория әртүрлі. Жастар да, қарт кісілер де, балалы аналар да келеді. Баланы 5-6 жаста алып келіп жатады. Келушілер керілу, созылу арқылы денесін шынықтырғысы келеді. Мысалы, шпагатқа отырып үйренгісі келетін адам саны көп. Сонымен қатар жұмыстан тыс бірнәрсемен айналысқысы келетіндер йогаға жазылады. Олар жүгіріп, билеп, секіруді қажет етпейтін жеңіл жаттығуларды үйренгісі келеді. Гармония іздеп келетіндер бар. Қазір йоганың аспалы тор арқылы үйренетін бағыты танымал болып жатыр. Оны ауадағы йога деуге келеді.

Жалпы йогада кез келген адамның сұранысын қанағаттандыруға болады. Осы күні йоганы қазақша үйрететін жетекшілер көбейіп жатыр. Бұрын көбіне орысша сөйлейтін аудитория қызығатын. Қазір олай емес. Сонымен қатар хиджабтағы қыз-келіншектерге арналған залдар да бар. Мұның бәрі йогамен нақты бір адамдардың тобы ғана айналысады деген таптаурынды бұзып тұр.

Дәл қазір біраз дәрігер йогамен айналысу пайдалы екенін айтып жүр. Себебі арқаның қисаюы және коронавирустан кейін қалыпқа келу мәселелері бар. Сонымен бірге жүкті әйелдерге йога жақсы көмектеседі. Буын аурулары бар адамды дәрігерлер йогаға жіберіп жатады. Адамның халін йога технологиясы арқылы жақсартамыз деп айтсам, қателеспеймін. Күрделі түрлеріне өтемін десе де, мархабат.

Алайда йогаға келгенде денсаулығында проблема бар адамдар дәрігерімен кеңескені дұрыс.

***

Жақында ресейлік имам әрі бірнеше діни кітаптың авторы Шәміл Алаутдинов өзінің Youtube каналында йогаға қатысты сұраққа пікір білдірді. 

Бірнәрсені жете білмеу әдетте орынсыз қорытындыға әкеледі. «Йогамен айналысу, медитация жасау – харам, Аллаға серік қосу екен» деген пікірді маған да көп жазады. Біріншіден, Құранда бәзбіреулер шектеулерді ойдан шығаратыны туралы жазылған. Екіншіден, Аллаға серік қосу дегеніміз – нақты біреуді немесе затты Құдаймен теңестіріп, сосын оған табыну. Ал йога — жаттығулар арқылы денені созу, буындарды босаңсыту. Визуализация — жай ғана қалаған, жоспарлап жүрген нәрсені көз алдыңа елестету. Құдайға сенетін адам сұраған нәрсесін көз алдына елестете отырып, құлшылық жасамай ма? Медитация – сабыр сақтау, тыныштық, осы сәтте және кеңістікте болу. Туған күнде үрлейтін шам да жай ғана қызық дәстүр ретінде, балаларға қуаныш сыйлау үшін жасалады. Мұның бәрінде біреуге, затқа табынушылық жоқ, — деп жауап берді Шәміл Алаутдинов.