Алексей Цой QazCovad-in вакцинасын Өзбекстанда шығаруды ұсынды

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іссапарда тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты талқылады, бірнеше кездесу мен келіссөз өткізді, сонымен бірге Ташкенттегі медицина нысандарының жұмысымен танысты.

Қазақстан үкіметінің делегациясы Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Бехзод Мұсаевпен кездесті, тараптар екі елдегі эпидемиология жағдайын және COVID-19 инфекциясына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.

Біз кейінгі жылдары Өзбекстанда болып жатқан ауқымды өзгерістерге қарап қуанамыз. Ел басшылығы мен Өзбекстан үкіметінің қарқынды саясатының арқасында қол жеткізілген денсаулық сақтау жүйесіндегі сәтті жетістіктерге қызығамыз және шынайы құрметке лайық, — деді Ералы Тоғжанов.

Қазақстан Өзбекстанмен денсаулық сақтау саласында тәжірибе, білім алмасуға және ынтымақтастық орнатуға дайын.

Фото: Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Ералы Тоғжанов өзбек әріптестерін Қазақстандағы жоғары технологиялық медицина қызметін көрсететін жетекші орталықтармен, медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілеріндегі ақпараттық технология, сонымен бірге фармацевтика өндірісімен танысуға шақырды.

Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Абдухаким Хаджибаевпен келіссөз өтті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Өзбекстандағы фармацевтика кәсіпорнында отандық QazCovad-in вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, — делінген хабарламада.

Біз эпидемияға қарсы күресте серіктестікті жандандыруды, жедел жағдайда өзара тиімді іс-қимыл жасауды, сонымен бірге қазіргі эпидемиология ахуалын және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қатысты ақпарат алмасуды жолға қоюды ұсынамыз, — деді Алексей Цой.

Алексей Цойдың айтуынша, денсаулық сақтаудың перспективалы салаларында, оның ішінде цифрлық технологиялар мен зияткерлік жүйе, медициналық білім беру мен ғылым, фармация, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және басқа да ынтымақтастықты нығайту қажет. Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы саладағы мәселелері жөнінде бірлесіп келісім әзірлеу керек.

Іссапардың алғашқы күні үкіметтік делегация мүшелері академик А.Вахидов атындағы республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медицина орталығына барды. Мұнда жүрек және қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары, бауыр және ұйқы безі, өкпе және медиастина органдары аурулары бар науқастарға жоғары білікті жалпы және мамандандырылған хирургия көмегі көрсетіледі.

Фото: Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Үкіметтік делегация сонымен бірге 2020 жылы пандемиямен күресу үшін салынған Зангиотин ауданындағы №1 және №2 мамандандырылған жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметімен танысты. Нысан бір уақытта 10 мың адам қабылдайды және COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеуге, карантинге мұқтаж шетелден оралған Өзбекстан азаматтарын орналастыруға арналған.

Сонымен бірге делегация «Dentafill» ЖШҚ фармацевтика зауытын аралады.

Қосымша ақпарат: 2020 жылғы қарашада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қабылданды, оған фармацевтика саласындағы өнеркәсіптік кооперация мәселелері енгізілді. Атап айтқанда, Шымкентте 2020-2022 жылдары дәрілік және гигиена құралдарын өндіретін зауыт салу; 2021 жылы Өзбекстан аумағында фармацевтика өнімін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру.