Спектакль оқиғасы бойынша, батыл әрі жаны асыл адам Макбет бір перзентке зар болады. Сәби сүю үшін өзінің қалай зұлымға айналып кеткенін білмей қалады. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшырайды. Бала болады деген соқыр үмітке сеніп, қолын қанға бояйды. Бірақ балалы болу Жаратушының ғана қалауына қатысты құбылыс екенін ұмытып кетеді. Қойылым адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттейді.

Спектакль елде алғаш рет қуыршақтар бейнесінде қойылды. Пьесаны ағылшын драматургі Уильям Шекспир жазған. Режиссеры — бірнеше халықаралық, республикалық фестивальдерде үздік атанып жүрген Дина Жұмабаева. Суретшісі – Юлия Чернова, балетмейстері – Анна Цой, композиторы – Г.Юн.

«Макбет. Иллюзия» қойылымы. Фото: Қуыршақ театры баспасөз қызметі

Дина Жұмабаеваның айтуынша, бұл қойылымға келетін адам Уильям Шекспирді, осы пьесаның өзін оқып келуі керек. Өйткені мұнда теңеулер көп, пьесаны білмейтін адамға оқиғаны қабылдау қиын.

«Макбетті» қоюды армандап жүргеніме көп болды. Бұл қуыршақ театры актерлары үшін де, мен үшін де үлкен тәжірибе, тәуекелге бел байладық деуге болады. Мұнда отбасылық драманы көбірек көрсеткім келді. Қойылымда Шекспир тілі болғанын қаладым, маңызды үзінділер ағылшынша айтылады. Көрерменге тіл білуге де тура келеді. Макбеттің леди Макбетке хаты және қойылым соңында Макбет пен есінен адасқан әйелінің сөздері ағылшынша сөйленеді, — деді Дина Жұмабаева.

Қуыршақ театры ұжымы спектакльді 2 аптада дайындап шығарған. Қойылымда екі құрам бар. Басты кейіпкер Макбетті бірінші құрамда Болат Момынжанов, екіншісінде Шохан Құлназаров, леди Макбетті біріншіде Жанар Мақашева, екінші құрамда Арайлым Байырбекова ойнайды.

«Макбет. Иллюзия» қойылымы. Фото: Қуыршақ театры баспасөз қызметі

Спектакльді оныншы рет қойғанда әр актер ролін толығымен «ішіне салады» деп ойлаймын. Қойылымда өлім де, қан да көп. Сондықтан театр актерларын роліне психологиялық тұрғыдан дайындау керек болды, — деді режиссер.

«Макбет. Иллюзия» спектаклі наурызда да қойылады. Алдағы уақытта қойылым халықаралық фестивальдерге қатысады.

Қуыршақ театры бүлдіршіндерге арналған қойылымдармен қоса, ересектерге арналған кешкі спектакльдерді қойып жүр. Мұндай жаңа форматқа көшкен ұжым әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс алып келіп жатыр. Бұған дейін театр сахнасында ересектерге арналған «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), «Ана-Жер Ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Медея» (авт. Еврипид, реж. А.Салбан), «Ромео мен Джульетта» (авт. У.Шекспир, реж. Д.Жұмабаева), «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» (авт. Е.Локшина, реж. А.Зайцев) және тағы басқа спектакльдер көрермен мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланып жүр.