Көршіңіз түнде шуласа…
Жан-жануардың жүріп-тұрғаны, даңғырлаған музыка немесе жөндеу жұмысы сияқты дүниелер түнгі шу болып саналады. Әкімшілік кодекс бойынша, көрші пәтерлер жұмыс күндері 22.00-ден 09.00-ге дейін және демалыс күндері 23.00-ден 10.00-ге дейін шуласа, шағымдануға болады. Бірақ әуелі көршінің есігін қағып, наразылығыңызды ауызша жеткізген дұрыс. Жөндеу жұмысы жүріп жатса, оны келесі күнге қалдыруды өтінген жөн.
Осындай өтініштен кейін де шу басылмаса, құқықтық тәртіп қызметкерлеріне хабарласуға тура келеді. Әкімшілік кодекстің 437-бабы бойынша, тыныштықты бұзғаны үшін азаматтарға 5 АЕК, шағын кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдарға 20 АЕК, орта кәсіпке 30 АЕК, ал ірі кәсіпорын өкілдеріне 100 АЕК-ге дейін айыппұл салынады.
Осы жағдайдан соң оқиға жыл ішінде тағы қайталанса, шулаған тарап екі есе айыппұл төлейді (жеке азаматтар 10 АЕК, шағын бизнес 40 АЕК, орта кәсіп 60 АЕК, ал ірі өнеркәсіп 150 АЕК-ге дейін).
Көршілер түнде шуласа, кез келген азамат үйдегі телефоннан 102-ге, смартфоннан 112-ге хабарласып, полиция шақыра алады. Учаскелік инспектор келіп, құқықтық тәртіпті ретке келтіруге міндетті.
Көршінің үйінен аққан су пәтеріңізді басып қалса…
Қабырғада сары дақ, жарамай қалған түсқағаз – мұның бәрі көңіл-күйді бұзады. Көршінің үйінен су кетіп, қос тарап бір шешімге келе алмай, сотқа жүгініп жатады. Көп жағдайда кінәлі тұрғынға жөндеу жұмысын екі үйде қатар жүргізуге тура келеді.
Мұндай оқиға бола қалса, пәтерге қандай зақым келгенін қағазға түсіріп алу керек. Бұл кезде тұрғын үйді бағалау компаниясының қызметкеріне жүгінуге тура келеді. Қызметкер үйді көріп, нақты бұзылған жерлерді белгілеп, су басқаны туралы акт жасап береді. Содан кейін ғана азамат актімен сотқа жүгіне алады.
Азаматтық кодекстің 917-бабы бойынша, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiгі мен құқығына заңсыз әрекетпен келтiрiлген зиянды оны келтiрген тұлға толық көлемде өтеуге тиiс.
Бірақ көрші келтірілген зиян оның кінәсі емес екенін дәлелдесе, өтеуден босатылады. Сәйкесінше азамат үйіне зақым қайдан келгенін, оның түпкі себебін анықтап, кінәлі талаптан шығынды өтеп алуына тура келеді.
Көршіңіз подъезде темекі тартса…
2020 жылдың 7 шілдесінен бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс күшіне енді. Осы кодекс бойынша халықты көпке ортақ орындарда темекі түтінінен қорғау қарастырылған.
Жаппай темекі тарту (мәжбүрлі темекі тарту) – адамның жабық орында басқалар тартқан темекі түтінімен тыныс алуы. Темекі тартқанда оның зиян заттарының 25%-і жанып кетеді, 25%-ін тартып отырған адам жұтады, ал қалған 50%-і қоршаған ортаға тарайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сай, біраз жерде темекі тартуға тыйым салынған. Соның қатарына подъезде темекі тарту да кіреді. Көршіңіз басқа тұрғындарға ортақ жерде темекі тартса, полиция шақыра аласыз. Тыйым салынған жерде темекі тартқаны үшін азаматқа 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір жылда екінші рет қайталанса, 25 АЕК-ге дейін көтеріледі.
Көршіңіз үйінен жеке кәсіп ашса…
Көршіңіз пәтеріне жанама құрылыс салса немесе жеке кәсіп ашса, Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сай мынадай талаптарды орындауы қажет:
- Қайта жасалған ғимарат тұрғын үй бөлмелерінен оқшаулануға және ортақ есікке ие болмауға тиіс.
- Тұрғын үйді пайдалану оны бұзуға немесе бүлдіруге әкелмеуі керек. Басқа тұрғындардың тұру шарттарын бұзбауға, қоршаған ортаға зиян тигізбеуге тиіс.
- Тұрғын үйде құрылыс жүргізу үшін үй иесі мен құрылыс нормаларына жауапты тұлғаның келісімі болуы қажет. Адам тұрмайтын локация тұрғын үй-жайдан оқшау орналасуға тиіс және ортақ есігі болмауы керек. Жобаның мiндеттi талаптарға сай келетінін заңда белгiленген тәртiппен Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган растайды.
- Үй-жайды қайта жабдықтаған кезде егер өзгерістер ортақ ғимаратқа қатысты болса, меншік иелерінің ең болмаса үштен екісі міндетті жазбаша келісім беруі керек.
Үй-жайды қайта жабдықтау және жоспарлау жөнiнде нақты атқарылатын жұмысқа заңда белгiленген тәртiппен меншiк иесi мен жұмысты атқарушы жауап бередi.
Көршіңіз осы талаптарды орындамаса, оған заң бойынша ықпал ету үшін мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына немесе аудандық прокуратура бөліміне жүгіне аласыз.
Құрылыс заңсыз, көршілердің келісімінсіз салынса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 319-бабына сай, азаматқа айыппұл салынады және құрылыс мәжбүрлі түрде бұзылады. Айыппұл көлемі — жеке тұлғаға 15 АЕК, шағын бизнеске 30 АЕК, орта кәсіпке 50 АЕК және ірі бизнеске 200 АЕК көлемінде.
Көрші үйден тұрмыстық зорлықты байқасаңыз…
Көрші үйден тұрмыстық зорлықтың қандай да бір түрін байқасаңыз, ересектерге ескерту жасаудан қорықпаңыз. Әрине, конфликт жағдайға тап болуыңыз мүмкін, бірақ соның өзі тұрмыстық зорлықты тоқтатуға көмектеседі.
Ал көршіңіз сөзіңізге құлақ аспаса, полиция шақыра аласыз. 102-ге немесе әйелдер мен балаларға арналған 150 сенім телефонына хабарласуға болады. Аноним болуды қаласаңыз, 150 нөміріне қоңырау соғып, шағымданған тиімді.
Полиция келгенде үй иелері ештеңе болмағанын айтып, оқиғаны жасырса ше?
Ересектердің баланы ұрғанын естіген, көрген азаматтың полицияға шағымдануға құқығы бар. Мұндайда арнайы дәлел іздеудің қажеті жоқ. Ол — полицияның жұмысы. Ең бастысы — адамды құтқару.
Полиция қандай бір әрекет етуден бас тартса, 115 нөміріне хабарласып немесе Egov.kz сайтына жазып, прокуратураға шағымдана аласыз.