Журналист, тележүргізуші, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық өнер академиясының кұрметті профессоры Нұртілеу Иманғалиұлы қайтыс болды. Қайғылы хабарды Qazaqstan телеарнасының баспасөз қызметі естіртті.
Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті, — делінген жазбада.
Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданының Қарасу ауылында туған.
1968 жылы орта мектепті бітіріп, әр жылдары мұғалім, комсомол қызметкері, құрылысшы болып еңбекке араласты. Ал 1972-77 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып, «журналист» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
1974 жылдан Қазақ телевизиясының жастар редакциясында тілші, кіші редактор, редактор, аға редактор, бас редактор міндеттерін атқарды. Мәскеудегі білім жетілдіру институтында бес рет оқып, тележурналистиканың қыр-сырына зерттеу жасады.
2003-2006 жылдары алдымен Үкімет кеңсесінде, одан соң Президент әкімшілігінде қызметтер атқарды.
2006 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы, 2008 жылдан зейнетке шыққанға дейін басқарма төрағасының кеңесшісі міндетін алып жүрді.
Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», Nur-Tiley авторлық бағдарламалары арқылы көрермен есінде қалды.