Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы пирамидаларымен күресуді тапсырды

Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының жолын кесу мәселесінде Бас прокуратура белсенді, бастамашы болуға тиіс екенін айтты.

Көп азаматымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болып жатыр. Бір ғана қылмыс ісі бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Алаяқтар мұндай қылмыс істерді жүзеге асыру үшін бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көп адамды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпарат ресурсын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Бас прокуратура
Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді міндеттеді. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен бірге басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Өкілеттіктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруға тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үйлестіру кеңсесінің міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілін іздестіру екенін айтты.