Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев қайтыс болды.
Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының баспасөз қызметі естіртті.
Шөмішбай Сариев 1946 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында туған.
Қамбаш орта мектебін бітірген соң Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған.
1971 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. 1970-1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған.
1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзия» атты монография жазған.
«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, тағы басқа ақындардың өлеңдері қазақ тіліне аударған.
Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған.
Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері.