Журналист Құралай Башанованың сіңлісі Қарақат Башанова 2020 жылы балалардың Junior Eurovision байқауына қатысқан болатын. Құралайдың айтуына қарағанда, мұндай конкурстарда кәсіби қазылар алқасы сайланғаннан кейін соларға басымдық берілуі керек.

Қазіргідей 50/50 емес, 70/30 болуы керек сияқты. Өйткені қатысушы қаншалықты талантты болғанымен, халықтың бәрі бірдей дауыс бермейді. Дауыс беретіндер кім? Сол байқаудың фанаттары ғана. «Балалар Евровидениесі» аяқталып, «Хабар» телеарнасына сұхбат беруге бардық. «Хабар» ұлттық іріктеуді ұйымдастарды, қатысушыны дайындады. Байқау өтетіні, Қазақстан атынан Қарақат Башанова қатысатыны, оған қалай дауыс беруге болатыны жеткілікті айтылды. Алайда телеарна журналистерінің өзі дауыс бермеген болып шықты. Біз конкурс жоспарын алдын-ала дайындағанда Қарақаттың жеңіске жетуі үшін 2 миллиондай дауыс керек болатынын. 18 миллион халықтың тең жартысы смартфон ұстайды, жаңалық оқиды, әлеуметтік желілерді қолданады дегеннің өзінде 700 мың ғана жуық дауыс жиналды. Junior Eurovision-ді жеңген франциялық қатысушының Instagram-да 360 мың оқырманы болды. Ал Қарақатқа бұл кезде 10 мың адам ғана тіркелген еді. Мұның өзі үлкен роль ойнайды. Өйткені сені танымаса, парақшаңа жазылғандар саны көп болмаса, дауыс жинау оңай емес. Қарақат байқаудың Қазақстандағы ұлттық іріктеуіне қатысқанда да Димаш Құдайбергеннің анасы, қарындасы, әнші Қарақат Әбілдиналар қолдады. Олардан қолдау болмаса, ұлттық іріктеуде де жеңбес пе едік деп ойлаймын, — деді Құралай Башанова.

Программист, балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбай қазір Қазақстанда 100-200 мыңға сайт ашатындардың көп екенін айтты. Мұндай арзан сайттарда қулық жасау қиын емес.

Шығармашылық конкурстарда интернет арқылы дауыс беру дұрыс емес деп есептеймін. Кім танымал, кімнің туысы мен досы көп, кім қулық жасайды, сол жеңіп кетеді. Талант жайына қалады. «Накрутка» болмасын деп неше түрлі технология жасалады, бір IP-адрестен, бір проксиден тек бір дауыс қабылданады деген талап бар, бірақ мұның бәрін алдап өту қиын емес. Әртүрлі IP-адрес көрсету үшін қаншама VPN бар. Анонимайзер арқылы да кіріп кетуге болады. Мұндай «накруткадан» қорғалған технологиялар бар екенін мойындауымыз керек, бірақ олар 100% сенімді болмаған және болмайды. Қазір 100-200 мың теңгеге сайт ашатындар көп. Олар жасаған ең арзан деген сайттарда «накрутка» жасауға қиын емес, сол себепті мұндай конкурстарды өз басым әділ болады дегенге сенбеймін, — дейді Мейіржан Жылқыбай.

Эстрада және опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова жеңімпазды онлайн дауыс беру арқылы анықтауда ешқандай проблема жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, конкурсант шын талантты болса, халық та оны қолдайды.

Жеңімпазды анықтау үшін интернеттегі, әлеуметтік желідегі дауыс санын есепке алуды тоқтата алмаймыз. Өйткені бұл — дүниежүзілік тәжірибе. Мұнда ешқандай проблема көріп тұрғаным жоқ. Қазір бүкіл дүниежүзін коронавирус пандемиясы шарпыды. Өнер академиясының студенттері де конкурстарда осылай дауыс жинап, марапаттарын алып жатыр. Қатысушы соншалықты дарынды болса, халық та ақымақ емес. Адамды алдай алмайсың. Керемет артист болса, оны бәрі қолдайды, — дейді артист.

SMM-маманы Жанасыл Болатбектің сөзінше, интернет немесе әлеуметтік желідегі дауыс саны көп жағдайда көрерменнің шынайы бағасын білдірмейді.

Интернет арқылы дауыс берудің кез келген түрі сол сайттың немесе әлеуметтік желідегі парақшаның «охватын» көтеру үшін керек. Мұнда ешқандай сенімділік жоқ. Екіншіден, кімнің танысы көп, әлеуметтік желіде ықпалы жоғары, сол адам дауысты көбірек жинайды. Сосын мұндай жүйенің бәрін адам жасап отыр, сондықтан дауысты қолдан көбейту де оңай. Бір адамның бірнеше рет дауыс беруі немесе бұған жалған электрон пошта арқылы мүмкіндік алуы түк қиын шаруа емес. Мұндай мысал көп, оны IT-мамандары жақсы біледі. Ал әлеуметтік желілерде лайкты ресейлік, украиналық немесе бізде кең тараған үндістандық сервистер арқылы жинауға болады. SMS арқылы дауыс беру де пайда табуды көздейді. Өйткені әр дауыс — ақша. Нөмір сатып алу, оны тіркеу қиын емес. Оның үстіне, бір телефон нөмірінен бірнеше рет дауыс жіберуге де болады. Адам қаласа, ұйымдастырса, оған кететін қаржыны тапса, «накрутка» жасау қиын емес. 10 адамды бір бөлмеге жинап, қолына мыңдаған нөмір берсе, қарсыластан озуға болады, — дейді ол.