Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заңнама нормаларын жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысының пікірінше, заң жобасын пысықтауға орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәрі жұмылдырылуы тиіс. Отбасы институтын барлық деңгейде нығайту мәселелері бойынша мекемеаралық өзара іс-қимылдың тиімді регламентін әзірлеу қажет.
Президент әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аймақтық комиссиялардың жұмыс істеу тәсілдеріне енгізіліп отырған ұсыныстарды қолдап, оларға азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату қажет екенін атап өтті. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін өңір әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктелуге тиіс.
Кездесуде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің араласу мәселесі қозғалды. Мемлекеттік органдардағы, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін сақтау олардың қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі шарты мен көрсеткіштерінің бірі болуға тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейдегі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге әйелдерді жұмылдыру жобасын оң бағалады.