Алматы маңындағы құнды жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды

Іле — Алматыға іргелес жатқан аудан. 26 ірі және орта кәсіпорны 428 миллиард теңгеге өнім өндіреді. Облыс бойынша аудан өнеркәсібінің үлесі 36,6%-ке жетті.

Былтыр 720 жаңа жұмыс орны құрылып, 20 өнеркәсіп нысаны қолданысқа берілді, 14 кәсіпорын өндірісін кеңейтті. Жоспарланған 15 өнеркәсіп нысандарының іске қосылуы (жылына 42 миллион инкубация жұмыртқасын өндіретін «Наурыз Агро» ЖШС құс фабрикасының 1-кезеңі, «Мұқағали 50 Вт» күн электрстанциясы, «Нила фуд» кондитер цехы, «Никэм» пластикалық заттар шығаратын цехы, «База брюэри» алкоголь заттар шығаратын кәсіпорын), 12 жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірісінің кеңейтілуі  және индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындардың толық жобалық қуаттылығына шығуы арқылы 2021 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 430 миллиард теңгеге дейін жеткізіп, 730 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, — деді халыққа есеп беру жиынында аудан басшысы Бағдат Қарасаев.

Ауданда өнеркәсіп өндірісінің 42,5%, яғни 182,1 миллиард теңге кіші және орта бизнес кәсіпорындарынан түседі екен. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 86,1 млрд. теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 102,1% құрады, ал 2021 жылы 93,5 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы ауыл шаруашылығы  саласын қолдауға 3,5 миллиард теңге субсидия бөлініпті.

Іле ауданы былтыр әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерде жоспардағы межелерді орындап, көптеген салада артық көрсеткіштерге қол жеткізді.

Мал шаруашылығында 88,5 мың тонна ет өндірілді, 2021 жылы 96 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. 56,9 мың тонна сүт сауылды, 2021 жылы бұл көрсеткішті 57,5 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар 126,5 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, 2021 жылы 102,5 миллион данаға жеткізу жоспарлануда. Жоспарланған жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының көрсеткіштері орындалды. 87,5 мың тонна дәнді дақылдар (100,8%), оның ішінде дәнді жүгері – 70,9 мың тонна (100,6%), майлы дақылдар – 16,6 мың тонна (95,1%), картоп – 39,2  мың тонна (103,5%), көкөністер – 136,3 мың тонна (103,7%), бақша дақылдары – 27,0 мың тонна (102,2%) өндірілді,- деді әкім.

Жергілікті әкімдік 2018-2020 жылдар аралығында 50 228 мың игерілмеген жерді анықтаған. Оның 10 340 гектары егістікке арналса, 39 888 гектары жайылымға арналған екен. Жалпы бос жатқан жердің 20 503 гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 23041, 4 гектар қайта пайдалануға берілген.