Елімізде 5 700 медицина қызметкері вакцина салдырды  

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, вакцина салдырғандардың жағдайы жақсы.

Екі күннің ішінде 5 700 медицина қызметкеріне екпе егілді. Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов екеуіміз де осы вакцинаны салдырдық. Бірінші тәулікте кішкене әлсіздік болды. Екпе қабылдаған көп әріптесім де бойында осындай симптомдар байқалғанын айтты. Министрлікке күрделі аллергиялық реакция болды деген ақпарат жеткен жоқ. Шектен тыс шыққан жағдай тіркелмеді, — деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде.

Вице-министр сонымен бірге коронавирусқа қарсы вакциналау шарасы ерікті түрде жүргізілетінін айтты.

Әрбір медицина қызметкері екпе ектірудің маңызын түсінеді. Өйткені ол тек өз денсаулығы үшін емес, оған келетін науқастардың да денсаулығын ойлауы керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал вакцина салдырудан бас тартқан медицина қызметкерін ешкім зорлап жатқан жоқ, — деді ол.

Ажар Ғинияттың айтуынша, басшылық медицина қызметкерін вакцина ектіруге мәжбүрлеп жатса, министрліктің өңірлердегі департаменттеріне шағымдануына болады.