Жалған ғылымның қандай түрлері бар?

Жалған ғылым — жақтастары ғылым деп таныстыратын, алайда нағыз ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалмаған сала. Жалған ғылымдар шын ғылымның терминдерін, теориясын, нәтижесін қолданып жатады, бірақ оны тәпсірлеуі, түсіндіруі басқаша болып келеді. Мұндай саланың артында жылдам әрі жеңіл жолмен пайда көріп қалу мақсаты тұруы мүмкін.

Нағыз ғылым сұрақ қойып, соған жауап іздесе, жалған ғылым дайын жауапты дәлелдеуге тырысады, сол үшін ресми дәйек-статистиканы, белгілі деректерді қолданып, жағдайды бұрмалай сипаттауы да ғажап емес.

Жалған ғылым көбіне мәселені шешудің қарапайым жолын ұсынады, арнайы кәсіби дайындықты талап ететін оқу-білімге мән бермейді. Өз теориясына сыни көзбен қарамайды, кездейсоқтыққа қатты сенеді.

Соның бірі…

Астрология

Планеталар мен жұлдыздар қозғалысына қарап болашақты болжау сонау Бабыл (Вавилон) мифтерінде бар. Мұнда аспан денелері Құдайға теңестірілген. Осыдан басталған сенімді уақыт өте келе грек астрологтары астрологияға (шын ғылым астрономиямен шатастырмаңыз) айналдырды.

Қазір астрология он екі (он үшінші бар дейтіндер де кездеседі) шоқжұлдыз бойынша дүниеге келген адамдарға аспан денелерінің қалай ықпал ететінін болжауға тырысады. Осы ретте астрономия мен астрологияның методикасы сәйкес келмейтінін айта кеткен жөн. Яғни қандай да бір шоқжұлдыздың көктегі орны Жер бетіндегі адамға әсер етеді дегенді ресми ғылым дәлелдеген емес.

Француз астрологы Мишель Гоклен «Марс әсері» деген атаумен танымал статистикалық гипотеза ұсынады. Онда астролог чемпион атанған спортшылардың дүниеге келген күні мен Марс фазасы  арасында байланыс бар екенін байқағанын айтады. Алайда кейін Гокленнің статистиканы бұрмалағаны белгілі болды.

Америкалық психолог Бертрам Форер әлеуметтік эксперимент жасап, астрологияның қауқарсыздығын дәлелдеп береді. Ол студенттеріне жеке тұлға ерекшелігін анықтауға арналған тест беріп, жауаптар негізінде әр қатысушының жеке психологиялық портретін жасайтынын айтады.

Бірақ психолог студеттерге терең талдаудан өткен сипаттама емес, жұлдызнамадан алынған айтары бұлыңғыр мәтінді береді. Мұны білмеген студенттердің көпшілігі өзінің «жеке» сипаттамасын жоғары бағалап, профессордың еңбегіне дән риза болған екен.

Қазір астрология әлденеше салаға бөлініп кетті. Атақты адамдарға жұлдыз-жорамал жасаумен айналысатын мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарына арнап мәтін құрастыратын жұлдызнамашылар, астрологияны ресми ғылым жасаймын деп әуреге түскен энтузиастар, тағы басқа жандар бұл саланы «тоқыратпай», ұстап тұр. Бірақ астрономдар, физиктер, математиктердің толып жатқан сынақ, тест, зерттеу, дәлелдері астрологияны әзірге академиялық ілім атағына жолатар емес.

Нумерология

Бұл да ертеден келе жатқан сала. Пифагордың ісін жалғастырған ежелгі дәуір математиктері нумерологиямен әуестенген екен. Олар кез келген зат пен құбылысты санмен сипаттауға болады деп сенген.

Нумерологияда кез келген көп таңбалы санды оның компоненттерін қосу арқылы өзіндік белгілері бар бір таңбалы санға дейін азайтуға болады. Шыққан нәтиже адамның мықты және әлсіз тұстарын айқындайды, болашағын болжап береді, оған қоса, өмірінің заңдылығын сипаттайды-мыс.

Ғылыми тұрғыдан алғанда қандай да бір сан адамның тағдырына еш әсер етпейді. 1993 жылы Ұлыбританияда, 2012 жылы Израилде жүрген эксперименттер нумерологияның ғылым емес екенін дәлелдеді. Соңғы сынаққа тіпті кәсіби нумеролог пен 200-дей адам қатысқан, алайда ешқандай сәйкестік табылмаған, анықталмаған.

Хиромантия

Хиромантия — алақандағы сызықтарды адам тағдырымен байланыстыратын сала.

Бұл псевдоғылымға сенсек, алақандағы сызықтар, алақан және саусақтар формасы адамның ішкі күйін түсінуге мүмкіндік береді екен, мәселен, бас бармақ пен одан тарайтын сызық — өмір сызығы, ал сұқ саусақ жүрек сызығымен сай келеді, ортаңғы саусақ — тағдыр сызығы, одан кейінгісі — бақыт сызығы. Некеге, ұрпаққа қатысты қосымша сызықтар да бар, ол арқылы некенің қаншалықты сәтті болатынын және балалар санын «білуге болады».

Бірақ осындай ғажайыптарға қарамастан, хиромантияны бірде-бір беделді ғылыми қауымдастық, бірде-бір ғалым шын ғылым деп санамайды, мойындамайды.

Френология

Бұл — XIX ғасыр басында Австрия дәрігері, анатом Франц Йозеф Галлдің арқасында танымал болған жалған ғылым. Дәрігер адамның психикалық портреті мен бас сүйегінің арасында байланыс бар деп сенген. Оның ойынша, мидағы, әсіресе үлкен ми сыңарындағы кез келген өзгеріс бас сүйекке өзгеріс енгізеді екен. Сол өзгеріс арқылы адамның қаншалықты дамығанын, оның белгілі бір қабілет-қарымын, мінез-құлқын «білуге болады».

Режиссер Квентин Тарантиноның «Азат етілген Джанго» фильмінде құл саудасымен айналысатын Кэнди түрлі нәсіл өкілінің бас сүйегін салыстырумен әуестенеді. Картинадағы бұл эпизод шынайы өмірге негізделген: XIX ғасырда Америкадағы құл саудасымен айналысатындар френологияға қызығып, қатаң сынақтар жүргізген.

Алайда кейін нейрофизиология дамып, адам психикасының ерекшелігі бас сүйектің пошым-порымына байланысты емес екенін анықтады, бұл ғылыми дәлел френологияның быт-шытын шығарды.

Парапсихология

Парапсихология — телепатия, телекинез, сәуегейлік, телепортация және сендіру арқылы емдеуді зерттейтін жалған ғылым.

Парапсихологтар бұл мақсатта түрлі эксперимент жасап жүр. 1930-жылдары сүйек ойнаушы ойын тасын ой күшімен-ақ қозғай алатынын мәлімдеді. Бірақ 650 000 реттен астам лақтырылған тас оның мәлімдемесін жоққа шығарды. Барлық сәйкестік кездейсоқтық екені анықталды.

Ғалым Ян Стивенсон 40 жыл бойы реинкарнацияны зерттеуге тырысты. Ол қайта туу туралы 3000 жағдайды зерттеді, меңі мен тыртығы болған балалар мен қайтыс болған адамдардың меңі мен туа біткен кемістігін салыстырды. Мұнда да реинкарнация фактісі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеді.

Әйгілі Apple коропорациясы негізін қалаушыларының бірі Стив Джобсты алайық. Кәсіпкер ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққан соң өзі сенетін ем-дом түріне, яғни инемен, шөппен емделуге көшкен, медиум сеанстарын қабылдаса, жазылып кетемін деп ойлаған. Тек мұның бәрі көмектеспейтінін білгенде барып операцияға келісім береді. Бірақ кеш еді.

Шын ғылым не дейді сонда?

«Қарапайым ғылым» ғылыми жобасы авторы Леонид Подымов жалған ғылымның шын ғылымға жапқан кінә-сұрақтарын топтастырып, жауап беріпті. Ұсына отырайық.

  1. «Ғылым бәрін білмейді»

Иә, ғылымның бәрін білмейтіні рас, оны өзі де мойындайды. Дегенмен бұл уақытша нәрсе шығар? Ғылым мен техниканың мүмкіндігі әзірге жетпей тұрған болар? Ғылым қазір бере алмаған жауапты ертең ұсынар?

«Ғалымдар мына сұрақтың жауабын білмейді» дейтіндер сол сауалға жауап беретін басқа біреуді, басқа саланы біле ме сонда? Өкінішке қарай, олай емес. Қоршаған ортадағы қандай да бір құбылыс ғылымға мәлім болмаса, онда ол жайында ешкім де білмейді.

2. «Ғалымдар қызықпайтын нәрселер де бар»

Ғылымға бәрі қызық, бірақ оған нақты дәлелдер керек. Кезінде ғылым әдеттен тыс құбылыстар мен сәуегейлік қабілетті, астрологияны мұқият зерттеп көрді. Ерекше ештеңе тапқан жоқ. Сондықтан бұл салада күмән көп. Дегенмен бұл нағыз сәуегей немесе шынайы астролог-көріпкел пайда болса, ғылым оған қызықпайды дегенді білдірмейді. Бар болғаны, мұндай құбылыстың нақты дәлелі болуы керек.

3. «Ғалымдардың ғаламдық астыртын әрекетке қатысы бар, олар шындықты әдейі жасырып отыр». 

Әңгіме адамдардың басқа ғаламшарлықтардан пайда болғаны, зират астындағы өмірдің рас екені, адамның Айға қонғаны туралы ақпараттың бұрмалануы және тағы басқа жайында болып тұр. Ақпаратты екі, үш, ары кетсе, 10 адам білсе, жасыруға болады. Ал ондаған мың адам білетін фактіні қалай жасыра алады? Ғылыми жаңалықты жасырудың не керегі бар? Дәлелденген сенсациялардан ғылымға тек пайда келеді.

4. «Ғалымдар қателесуі мүмкін»

Ғалымдар қателесуі мүмкін, жиі қателесіп те жүр. Ғылыми сыншылар ғалымдардың қатесін көрсетіп, ғылымның «әлсіздігін» дәлелдеп жатады-мыс. Ғылымда толықтай шындық жоқ. Ғылымның қуаты да сонда — қатесі дәлелденсе, кез келген ілім жоққа шығарылады. Бейғылыми, ғылымға қарсы немесе жалған ғылымның қайсысы өзін осылай қатаң сынға алуға дайын?

5. «Ғылым айналадағы шындықты толығымен түсіндіруге қабілетсіз болса ше?»

Ғалымдар қателесіп жүрсе, не болады? Біздің өміріміз біреудің көріп жатқан түсі немесе компьютермен жасалған алдау болып шықса, қайтеміз? Мұндай сұрақтарға әзірше ешкім жауап бере алмайды. Жауап берсе де, одан өміріміз аса өзгере қоймайды.

Айтпақшы, «ғалымдар білмейді, біз білеміз» деп күшенетін сәуегейлер мен көріпкелдердің бақыланатын, тәуелсіз экспериментке келгенде, қабілетінен мақұрым қалатыны несі?!

Жалған ғылым не себепті қауіпті?

КСРО тарап жатқанда оның құрамындағы елдер үшін бұрынғы идеологияның күл-талқаны шықты, жаңасы әлі қалыптаса қоймады. Одақ құрамында болған біраз елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы нашарларды. Халық өмірдің қайта түзелгенін қалап, әйтеуір бір ғажайыпқа сенгісі келді. Астрология, мистика, көріпкелдік сияқты жалған ғылым түрлері осы уақытта етек жайды деуге болады. Оған бұрынғыдай қатал тексеруден өте бермейтін газет-журнал беттері, телевизия да «үлесін» қосты. Мәселен, жұлдыз-жорамал әлі күнге трендте.

Астрологияға, хиромантияға, көріпкелдік пен сәуегейлікке сенетіндер көз тигенді қайтару үшін, кетіп қалған сүйіктісін қайтару үшін әулие-сиқыршыға барып, ақша құртады. Жалған ғылымның ең қарапайым қаупі — осы.

Бір дерек. Экстрасенстерді әшкерелеуші Джеймс Рэнди 1996 жылы бойында тылсым күш бар екенін дәлелдеген адамға $1 миллион беремін деді. Сол уақыттан бері бұл сыйлыққа қол жеткізген адам жоқ.

Жалған ғылымға сенушілер өзіне ғана емес, өзгеге де зиянын тигізеді. Мысалы, Вакцинацияға қарсылардың қозғалысы немесе АИТВ-ны жоққа шығаратындар өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді (ұжымдық иммунитет жайында оқуды ұсынамыз).

Ең дұрысы — қисынды ой мен ғылым дегеннің бәріне сыни көзбен қарай білу.