Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Бородавкинге екі ел арасындағы одақтастық қатынастарды, достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі еңбек сіңіргені үшін Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасын табыстап отырғанын айтты.
Сіз халықаралық қатынастар мәселелері бойынша білікті маман ретінде дипломатиялық орталарда танымалсыз. Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде мемлекеттеріміз арасындағы достықтың тұрақты болуына, мәңгілік сипат алуына зор күш салып келесіз. Сіздің атқарған үлкен әрі ауқымды жұмысыңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сонымен қатар сіз жақында ғана жеке өміріңіздегі елеулі мерейтойлық датаны атап өттіңіз. Бұл — керемет мерейтой. Аталған марапат та осы айтулы оқиғаға орай беріліп отыр, — деді мемлекет басшысы.
Алексей Бородавкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастар мен интеграциялық байланыстарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.
Мен бұл марапатты елдеріміз арасындағы байланыстарды дамытуға жеке өзімнің ғана емес, сонымен бірге Қазақстан бағытында еңбек етіп жатқан барлық ресейлік дипломаттың, ең әуелі, елшіліктегі әріптестерімнің қосқан үлесіне берілген баға деп санаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің одақтастық, интеграциялық байланыстарымызды одан әрі жоғары әрі сапалы деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерімді жұмсай беретінімді нық сеніммен айтамын, — деді Алексей Бородавкин.