Бет-әлпет танитын технология деген не?

Бұл — адамды оның бет-әлпеті арқылы тануға арналған биометрия технологиясы. Ол үшін әуелі мәліметтер базасы жинақталады, яғни әр адам камераға түсіріледі (арнайы орынға барудың қажеті жоқ, көшедегі құрылғының да шамасы жетеді), одан кейін фото-видео материалы дерек өңдеу жүйесіне жіберіледі. Мұнда бет-әлпет суреті белгілі бір тәртіппен нүктеленіп шығады, әр нүктеге цифр беріледі, артынша ол математикалық алгоритм арқылы өңделеді. Осының нәтижесінде камераға түскен адамның бет-жүзі «кестеленген» файл уникал форматта базада сақталады. Оны өзгерту мүмкін емес. Келесі жолы камера дәл осы нүктелі файл арқылы керек адамды жылдам тауып ала алады. Базаға бір қосылып қойсаңыз болды, камераға іліккен сәтте-ақ жүйе өзі есептеп, керек деректі анықтап қояды. Яғни бұл технологияны алдау қиын.

Бет-әлпетті тану әдісін кей мемлекет қылмыскерлерді, жоғалған адамдарды жылдам табу үшін қолданады. Сондай-ақ сауда орындарында осы технология көмегімен жылдам төлем жасау мүмкіндігі де бар. Ол аз десеңіз, Қытай бұл әдісті қауіпті ауру таралуының алдын алу үшін де пайдаланып жүр. Мәселен, коронавирус инфекциясы кезінде камералар аэропортта немесе адам көп жиналған жерде маска тақпай жүрген яки ауру симптомы байқалған адамды да тауып беріп отырған.

Камера маска таққан адамды да тауып, анықтап тұр. Скриншот: Vox.com

Hanwang Technology Қытай компаниясы маска таққан адамды да «бетіне қарап тани алатын» технология жасап шығарды. Оның базасында 6 миллион маскасыз адамның, сондай-ақ маскалы жандардың (саны әлдеқайда аз) бет-әлпеті тіркелген. Компания құрылғылары маска таққан адамның кім екенін 95%, беті ашық адамды 99,5% дәлдікпен анықтайды.

Технологияны қай елдер белсенді пайдаланады?

Көшті Қытай мен АҚШ бастап тұр. Қытай дүниежүзінде қалаларда орнатылған бет-әлпет тану камералары саны бойынша бірінші орын алады. Бұл елде құрылғылар аэропорттарға, метроға, офис ғимараттарына және өзге де қоғамдық орындарға қойылған. Тіпті мобайл нөмірді тіркеу үшін де бет-әлпет тану технологиясының камерасына бір қарап аласыз.

Техника қызметін зерттейтін Comparitech британ компаниясы 2022 жылға қарай Қытайда әр екі тұрғынға бір камерадан келуі мүмкін екенін болжады.

Қытай компаниялары бұл технологияны қаржы саласына да енгізе бастады. Мәселен, біз сауда орындарында тауар-қызмет ақысын QR-кодпен төлесек, көршілеріміз сатушы жанында тұрған камераға бір көз тастайды, артынша төлем клиенттің шотынан алынады. Әдетте, Қытай азаматтары бұл әдістің өте ыңғайлы әрі жылдам екенін айтып жатады. Алайда олар осылай төлем жасау арқылы бет-әлпетінің бірорталықтандырылған мәліметтер базасына қосылып жатқанына аса мән бере бермейтін сыңайлы.

Қытайлықтарға несие беру кезінде де осы технология көмектеседі. Мысалы, елдегі Ping An ірі қаржы компаниясы қарыз алушыға үлкен көлемдегі несие берерде 10-15 минутқа созылатын видео-интервьюден өтуді сұрайды. Технология клиент жүзіндегі былайғы уақытта аса біліне бермейтін майда қозғалыс-өзгерістерді жазып алады да, анализ жүргізеді. Бұл алаяқтарды анықтауға, несие беруде шығынға ұшырамауға көмектеседі. Оның үстіне, ақша, уақыт секілді компания ресурсын да үнемдейді. Мәселен, бұрын ірі несие 5 күн ішінде рәсімделсе, қазір технологиядан өткен адамдарға 2 сағатта беріледі екен.

2018 жылы Қытайдағы бет-әлпет тану жүйесі қылмыс жасады деген күдіктіні 60 мың адам ішінен «танып» қойғаны, оны сол сәтте полиция тұтқындағаны туралы жаңалық дүниежүзіне тарады. 31 жастағы Ао деген азамат экономикалық қылмыс жасады деген айыппен іздеуде жүрген болатын. Тұтқынға алынатын күні Ао әйелімен концертке барыпты. Алайда залға кіреберістегі камера оны «танып қояды» да, бірден құқыққорғау органдарына хабар береді. Ао орнына отыра бергенде, полция қызметкерлері оны бөлімшеге алып кетеді.

Бет-әлпет тану көзілдірігі

Бет-әлпет тану технологиясы тек камералардың көмегімен ғана жүрмейді. Тағы бір құрылғы — көзілдірік. Қытай полицейлері осы көзілдірік арқылы теміржол станцияларында, түрлі фестивальде «бала ұрлады», «жол апаты болған жерден қашып кетті», «жалған құжат қолданды» деген күдікке ілінген азаматтарды тұтқындап келеді.

BBC News дайындаған мына видеода Қытайда қылмыскерді қанша уақытта тұтқынға алуға болатыны әңгімеленді. Мұнда қылмыскердің рөлін ойнаған адамның 4 миллион халқы бар қалада бет-әлпет тану технологиясы арқылы 7 минутта табылғаны көрсетілген.

Иллюстрация: Dribbble.com

Ал АҚШ мектептері мен лагерлерінде бет-әлпет тану технологиялары 2019 жылы қолданыла бастады. Бұл үшін SN Technologies пайдаланылады. Мақсат — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мектептер өз территориясында жүруге тыйым салынған адамдардың фотосын алып, бір базаға жинайды. Аулаға, ғимарат ішіне қойылған камералар базадағы адамды «танып қойса», бірден мектеп әкімшілігіне хабарлама барады. SN Technologies бағдарламасы арқылы адамның қолындағы қаруды да «тануға» мүмкіндік бар.

Осы ретте 2020 жылы IBM, Amazon, Microsoft компаниялары бет-әлпет тану бағытында жасалған технологиясын мемлекеттік қауіпсіздік қызметтерінің қолдануына тыйым салғанын айта кету керек. Оған өткен жылы АҚШ-та түрлі наразылық көбейіп, бүлік шыққанда, көтерілісшілерді тауып, жазалау үшін осындай құрылғылардың көптеп пайдаланылуы себеп болды. Жоғарыдағы компаниялар полицияның қолына түскен жеке дерек азаматтардың құқығы мен бостандығын шектейді деп есептейді. Алайда мұндай тыйымның уақытша қабылданғанын де ескерген жөн: Amazon тек бір жылдық мораторий жариялады, ал Microsoft бұл технологияны реттеуге арналған ұлттық заң шықпайынша өнімін сатпайтынын хабарлады.

Ресей де бет-әлпет тану технологиясын барынша белсенді енгізуге тырысып жатыр. Сomparitech дерегі бойынша, Мәскеудегі камера саны Берлин мен Делиден көп, яғни солтүстіктегі көршіміздің астанасы бақылау камерасы көлемі жөнінен дүниежүзіндегі ТОП-50 қала ішінде 29-орында тұр. Мәсдкеудің әр 1000 тұрғынына 12 видеоқұрылғыдан, Санкт-Петербургтың әр 1000 тұрғынына 5,5 камерадан келеді. Айтпақшы, тізімді бастап тұрған Қытайдың Тайвань қаласында әр мың тұрғынды 120 камера бақылайды.

Ресей бұл технологияны барынша жылдам дамытуға кірісіп жатқанын жоғарыда айттық. 2020 жылы Мәскеуде 150 мың «адам тану» камерасы бар жүйе жұмысын бастаған. Ол заң бұзған, іздеуде жүрген қылмыскерлерді «тауып береді» екен. Мәселен, Жаңа жыл мейрамы кезінде 30-дан астам адам осы жүйе арқылы тұтқындалыпты.

Бет-әлпет тану құрылғысы кемшілігі қандай?

Адамның бет-жүзі арқылы қосылатын операциялар саны өсіп келеді. Оған кәдімгі қолымыздағы смартфон бұғатын бет-әлпет тану жүйесімен ашудан бастап жоғарыда айтылған Қытайдағы несие алу технологиясына дейін кіреді. Осының нәтижесінде миллиондаған адамның бет-әлпетіне қатысты алуан түрлі деректі қамтитын ауқымды базалар пайда болып жатыр.

Fuller Treacy Money инвестиция бюллетені баспагері Йон Триси жеке дерекке қатысты былай дейді:

Батыс елдерінде жеке дерек құпиялығы мен корпорациялардың мұндай мәліметке қалай қол жеткізе алатыны қызу талқыланып жатыр. Ал Қытайда мұндай мәселе сөз бола қоймайды. Адамның құпиясөзі, саусақ іздері мен бет-әлпеті, браузер тарихы, қай жерде жүргені және әлеуметтік медиадағы контактілері сияқты кез келген дерек қуалап келгенде бәрібір биліктің қолына түсіп отырады. Бұл деректер халықты бақылауда ұстау, кез келген наразылық түрін басып тастау, қаржы саласында капитал ағымын қадағалап отыру үшін пайдаланылады.

«Халықты бақылау» демекші, 2017 жылдың сәуірінен бастап Қытайдағы түзету лагерлеріне жіберілмеген немесе босап шыққан мұсылмандардың (ұйғырлар, қазақтар, т.б.) үздіксіз бақылауға алынғанын айта кету керек.

2019 жылдың қаңтары ©Ben Blanchard/Reuters

Мысалы, Шыңжаң-Ұйғыр автоном ауданында мешіттерге кіргеннің бәрі осындай бақылау камералары арқылы өтуге міндетті.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2019 жылы жарияланған адам құқығы туралы дүниежүзілік есебінде Шыңжаңдағы Қытай билігі этникалық азшылық өкілдерін қандай жолдармен қадағалайтыны туралы жазылған болатын. Соның ішінде біз айтып отырған бет-әлпет тану технологиясы да бар екен. Мұндай құрылғылар ең әуелі көшелерде, дүкендер мен мешіттерде орнатылған. Сондай-ақ ұйғыр азаматтары туралы деректер базасы жасалған. Онда жасанды интеллект пен адамды бет-әлпет, дауыс, жүріс технологиясы арқылы тануға арналған бағдарлама қолданады. Мұндай бақылауды АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «халықтың діни және ұлттық бірегейлігін «өшіру» үшін істеліп  отыр» деп айыптады.