Спикер қызметіне тек Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасы ұсынылды. Мәжіліс депутаттары төрағаны таңдау үшін құпия дауыс берді.
Депутат Дархан Мыңбайдың айтуынша, Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылымда Парламенттегі барлық партиямен жұмыс істей алды.
Nur Otan партиясының, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Сеніп тапсырылған барлық лауызымды қызметті оның лайық атқарғанын, қойылған міндеттердің үдесінен шыға білгенін айтты. Ұсынысты Nur Otan партиясының фракция мүшелері қолдады. Мен неге Нұрлан Нығматулинді ұсынып отырмын? Себебі ол бүгінгі көппартиялы Парламентімізде барлық партиямен жұмыс істей алады. Біз бәріміз оған Мәжілістің алтыншы шақырылымдағы депутаттары куә болдық. Ол заң шығару жұмысының ашықтығын арттыруға, парламентариизмді дамытуға ерекше маңыз берді. Ал Үкіметтен, оның мүшелерінен, министрлер мен басқа да лауазымды адамдардан жұмысты қалай талап ете алатынын бүкіл қазақстандық біліп, көріп отыр. Меніңше, жұмысты ұйымдастыра білетін, мемлекетіміздің саясатын тиімді жүргізе алатын, іскерлік қарым-қабілеті мол Нұрлан Нығматулин — төраға болуға лайық тұлға, — деді Дархан Мыңбай.
Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 100 депутат Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын қолдады, қарсы болғандар жоқ.
Депутаттар Балайым Кесебаева мен Павел Казанцев Мәжіліс спикерінің орынбасарлары болып сайланды.
Нұрлан Нығматулин 1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехника институтын бітірген. Саяси ғылымдар докторы. Институт бітіргеннен кейін «Қарағандыоблгаз» өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген.
Әр жылдары қазіргі Нұр-Cұлтан әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, басшысы, Қарағанды облысының әкімі, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
2016 жылдың 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып бірауыздан сайланды.
«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.