Алғашқы неке түніне жұп қалай дайындалуы керек?
Үйленуге шешім қабылдаған қыз бен жігіт отбасын құрмастан 3 ай бұрын уролог пен гинекологқа қаралуы керек. Урологқа барған ер адам мынадай тексерістен өтеді:
1) Спермограмма — ұрық сапасы мен оның белсенділік %-ін білуге арналған аппарат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шәуеттің белсенділігі ең кемі 32% деп бекіткен. Ал ұрық концентрациясы 15 миллионнан жоғары болуы керек. Жастар арасында азооспермия, яғни ұрықтың мүлдем болмауы жиі кездеседі.
2) Үрпіден ПТР арқылы жұғынды (смазка) алу. Жұғынды арқылы жыныстық жолмен берілетін уреаплазма, хламидиоз, трихомониаз сияқты инфекциялардың бар-жоғын анықтайды. Инфекция бар болып шығып, оны жоймаса, ол ұрықты жеп қояды да, адам белсіздікке ұшырайды.
3) Аталық безді УДЗ-ға (ультрадыбыстық зерттеу) түсіру. Ер адамдарда варикоцеле деген ауру болады, ұмада (мошонки) варикоз тамырларының болуын осылай айтады. Ұма адам денесінен төмен орналасады. Қалыпты жағдайда жалпы дене қызуы 36,6 градус болса, ол жердікі 34-35 градус болып тұрады. Ұманың варикозды болуы, онда артық тамыр көп дегенді білдіреді. Тамыр көп болса, ұманың температурасы жоғары болады. Ал ыстық жерде ұрық белсенділігі төмендейді де, ауру асқынса, белсіздікке алып келеді. Варикоцеленің бірінші, екінші кезеңдерінде пациент спермограмма тапсырады. Онда ұрықтың күш-қуаты төмен екені анықталса, операция жасалады. Ал үшінші кезең болса, операцияға бірден жіберіледі де, артық тамырлар алынып тасталады.
Алғашқы неке түні туралы қыз бен жігіт алдын ала ашық сөйлесуі керек. Қыздық перде — бұл тесігі бар шырышты қабыршықтардан құрылған қатпар, ол қынапқа кіру жолында, яғни қыздың ішкі және сыртқы жыныстық мүшесі арасында тұрады. Қынапқа ер адам мүшесі кіргенде сол тамыр үзіледі де, өте аз мөлшерде қан бөлінеді. Кей қызда туабітті перде болмауы да мүмкін. Кей жігіт қыздық пердені алам деп мүшесін бірден кіргізуі мүмкін. Оның соңы қынаптың немесе жатырдың жыртылуына апарады. Алғашқы түннің шарты — мүшені баяу кіргізу.
Бірінші жақындасу кезінде қыз қатты қорқуы мүмкін. Оның себебі — ары қарай не боларын білмеу. Ер мен қыздың жыныстық сауаты болса, жыныстық қатынастың ретін біліп отырады. Әр кезеңге іштей дайын болады. Қыз қатты қорықса, қынап бұлшықеті жиырылып, ер адамның мүшесін қысып қалып, шығармай қояды. Ондай жағдайда жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бару керек.
Жыныстық қатынастың үш кезеңі бар.
Бірінші кезең — қозу процесі. Әйелді аймалаған соң қынаптан сұйық бөлінеді де, организм қатынасқа түсуге дайындалады. Сұйық бөлінбесе, қынап құрғақ болып жыртылуы мүмкін. Бұл кезең 15-20 минутқа созылуы керек. Әйел жақсы қозса, интим гельдер қажет емес. Интим гель пайдалану әйел қатынасқа дайын емес екенін білдіреді. Қозу процесінде ер адамның қуықасты безінен сұйық бөлінеді. Шәует сілтілі ортада аман қалады, ал зәр — қышқыл орта. Қуықасты безінен бөлінетін сұйық та — сілтілі орта, ол шәуетке қышқыл ортадан тірі өтетін жол дайындайды.
Екінші кезең — қосылу кезеңі. Бұл — ең маңызды кезең.
Соңғысы — ер мен әйелдің қатынасты аяқтау кезеңі. Осы кезеңдер сақталса, жыныстық қатынас процесі ұзаққа созылады.
Интим аймағындағы түк пайдалы ма?
Жыныстық қатынас алдында міндетті түрде дәрет алынуы керек. Жыныс органдары таза болмаса, ішке инфекция түседі. Қыздың ішкиімі ені 9 сантиметрден қысқа болмағаны дұрыс. Одан қысқалары интим аймағына жабысып тұрып, тік ішекте болатын инфекция қынап пен зәр шығару органына түсіп кетуі мүмкін.
Интим аймағындағы түкті алып тастау ұсынылады. Өйткені дәрет дұрыс әрі жиі алынбаса, түкке кіші, үлкен дәреттен, жыныс мүшесінен шығатын сұйықтан инфекция жиналады. Толығымен алып тастамаса да, түктің жұқа, қысқа болғаны дұрыс. Оның үстіне, интим аймағының түксіз, таза болуы жұптарға көбірек ұнайды.
Ер адамның тез шаршап қалу себебі неде?
Ер адамның тез шаршап, оргазмға жылдам жетуінің урологияға қатысы аз. Оның себебін анықтау үшін қан анализі тапсырылуы керек. Қанда гемоглабин көрсеткіші төмен болса, адам тез шаршайды. Организмде түрлі витаминнің жетіспеуі де жылдам шаршауға ықпал етеді.
Оргазмға тез жету «мезгілсіз эякуляция» деп аталады. Ер адамда мезгілсіз эякуляция болғанда әйел қанағаттанбай қалады. Урологқа келетін жастардың 60-70%-інде осы проблема бар. Өзінің тез «бітіріп» қоятынын білетін ер адам әйелді ұзағырақ қоздырғаны дұрыс, шарықтау шегіне жақындағанда қатынасқа түсуге болады. Сонда екеуі де қанағаттана алады.
Мезгілсіз эякуляцияның бірнеше деңгейі бар. Біріншісі — жыныстық қатынасқа түспей тұрып немесе түсе сала оргазмға жету. Екінші деңгейге басында жыныстық қатынасқа ұзағырақ түсіп жүріп, уақыт өте келе мезгілсіз эякуляцияның пайда болуы жатады.
Мезгілсіз эякуляцияның мынадай себептері бар:
- Ұлды сүндетке отырғызбау. Ер адам сүндеттелмегені себепті жыныс мүшесінің басы жабық тұрады. Жыныс мүшесі басының қатты сезімталдығы — оргазмға тез жетудің бірден бір себебі. Сүндетке отырғызылғанда, басы ашылып, ол ішкиімге тиіп өседі де сезімталдық төмендейді. Солайша жыныс мүшесі жыныстық қарым-қатынасқа дайындалады.
- Сүндетке дұрыс отырғызбау. Ер адамның жыныс мүшесінде тілшек болады. Сүндетке отырғызғанда осы тілшекті кесіп жібермеу керек. Тілшек кесіліп кетсе, ол кейін мезгілсіз эякуляцияға себеп болады.
- Баланопостит ауруы — баланит және постит деген аурулардың қатар дамуы. Баланит кезінде жыныстық мүше басы қабынады, постит — жыныс мүшесінің ішкі терісі қабынуы.
- Психика. Ер адамның «ерте бітіріп қоямын» деп қорқуы. Жыныстық қатынасқа алғаш түскен уақыттарда «тез бітіру» — қалыпты нәрсе. Дегенмен кейін оның уақыты ұзаруы керек. Қатынасқа сирек түсетін ер адам тезірек бітіреді, өйткені жыныс мүшесінің басы өте сезімтал болып тұрады.
- Мастурбация: Бұл — қол немесе басқа мүше арқылы жыныс мүшесін оргазмға дейін қоздыру. Мастурбация кезінде адам ләззат алудан гөрі оргазмға тезірек жетуді ойлап тұрады. Өйткені мұны бәрі дерлік жасырын істейді, басқа біреу көріп қоймасын, біліп қалмасын деп қорқады. Солайша, организм оргазмға жылдам жетуге үйреніп қалады.
Мезгілсіз эякуляция себебі жыныс мүшесі басына, әлде орталық жүйке жүйесіне қатысты екенін білу үшін лидокаин сынағы жасалады. Ер адам жұбымен жақындасар алдында жарты сағат бұрын лидокаин бүріккішін жыныс мүшесі басына 1-2 рет себеді. Сол кезде мүше басындағы нервтер сезімталдығын жоғалтады. Дәріні жуып тастап, жыныстық қатынасқа түскенде мезгілсіз экуляция болмаса, проблема жыныс мүшесі басында екені анықталады. Ал өзгеріс болмаса, бәрі адамның психикасына байланысты немесе ми жарақаттанған деген қорытынды жасауға болады.
Жыныстық қатынастың болмауы немесе қанағаттанбау денсаулыққа зиян ба?
Әйелдер жыныстық қатынасқа түспесе немесе үзіліп қалса, кіші жамбаста варикоз кеңеюі мүмкін. Гормонал дисбаланс болуы мүмкін. Денсаулыққа басқа айтарлықтай зияны жоқ. Психология тұрғысынан алғанда бақыт гормонын жиі сезінбеген адам депрессияға, күйзеліске көбірек түседі.
Жыныстық қатынас арасы үзіліп, бірнеше жылдан соң қайта басталса, оған арнайы дайындалу қажет емес. Тек қыздардың мүмкіндігінше бір ер адаммен қатынаста болғаны дұрыс. Жақындасып жүрген жігітке емес, басқасына тұрмысқа шықса, қыз үшін ердің жыныс мүшесі көлемі маңызды болады. Бұрынғы жігітінің жыныс мүшесі көлемі үлкен болып, күйеуінікі одан кіші болса, қыз жақындасудан қанағаттанбайды.
Әйелдерге «Ер адамның жыныс мүшесі ұзындығы маңызды ма, әлде ені ме?» деген сұрақ қойылып, сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде әйелдер үшін жыныс мүшесінің ені маңыздырақ екені анықталды.
Әйелдің қанағаттанбауына жыныс астауындағы қантамырға қанның дұрыс жетпеуі әсер етуі мүмкін. Оның себебі — жақындасу реті сақталмауы немесі жұбының ұнамауы. Бұл мәселені сексопотолог көмегімен шешуге болады. Сексопотолог — ерлер мен әйелдердегі жыныстық бұзылыстарды анықтайтын, емдейтін және алдын алатын дәрігер.
Әйел жүкті кездегі жыныстық қатынас
Әйел аяғы ауыр кезде жыныстық қатынасқа түсудің ешқандай зияны жоқ. Гинеколог тыйым салмаса, бала туғанға дейін жақындаса беруге болады. Әйелдің айы-күні жетіп тұрса да, толғақ келмей жататын кездер бар. Ондай жағдайда акушер-гинеколог әйелді үйіне қайтарып, ерімен қатынасқа түсіп келуін сұрайды. Оның себебі мынау: әйелдің жатыр мойны аузы сақина сияқты жабық тұрады. Ер адамның жыныс мүшесі басы соған тигенде, сақина тітіркенеді де, толғақ келе бастайды. Жатыр мойны аузы ашылып, әйел жеңіл босанады.
Жыныстық қатынасқа түсудің қалыптасқан жиілігі бар ма?
Алғашқы неке түні мен одан кейінгі қатынасқа түсу арасы 7-8 сағаттан басталады. Осы уақыт ішінде ер адамның ұрығы қайта өндіріліп, дайын болады. Әйел адамда ондай норма жоқ. Жұп қаласа, жиі қосыла беруіне болады. Дегенмен күніне өте жиі қосылу қарым-қатынасқа зиян болуы мүмкін. Әйел сондай жиілікке үйреніп қалса, жақындасуды іздеп тұрады. Жыныстық қатынастың саны емес, сапасы маңызды. Жиі қосылатындар жыныстық қатынасқа сирек түстіндерге қарағанда жасырақ көрінеді, өйткені бақыт гормонын көбірек алады.
Ер адамда аденома ауруы болмаса, жақындасудың шекті жасы да жоқ. Қуықасты безі аденомасы — бұл қуықасты тінінің табиғи көбеюінен туындаған бездің үлкеюі. Ондай кезде операциямен қуықасты безін алып тастайды да, эрекция болмайды. Сондықтан ер адам осы безді күтуі керек. Ол үшін жыныстық қатынасқа уақтылы түсіп, велосипед айдауы керек, атқа жиі мінгені дұрыс. Урологқа 6 ай сайын қаралып тұру қажет.
Анал және орал жыныстық қатынасының зияны қандай?
Тік ішек пен қынаптың микрофлорасы мүлдем бөлек. Бүкіл организм қалдығы тік ішектен шығатындықтан онда инфекция өте көп болады. Ер адам да, әйел де анал жыныстық қатынас арқылы түрлі инфекция жұқтырады. Сол себепті медицина тұрғысынан жыныстық қатынастың бұл түріне рұқсат етілмейді.
Ауыз қуысы — өте лас жер. Онда стрептококк сияқты бактериялар болады. Олар сүйісу арқылы берілмейді, өйткені ауыздағы сілекей бездері бұл бактерияларды жоюға үйреніп қалған. Ал жыныс мүшесіне бұл бактериялар таңсық. Оған қоса, орал жыныстық қатынасына түскенде жыныс мүшелері инфекциясы ауызға, одан тамаққа түседі.
Жыныстық қатынастағы қателер:
- жақындасқан кезде бір-бірімен ашық сөйлеспеу: қандай дене тұрысы ұнайтынын, жақындасу аяқталған соң бір-бірінен «саған ұнады ма, қанағаттандың ба?» деп сұрамау, әйелдің белсенді болмауы, жақындасқан соң әйелдің еріне рақмет айтпауы;
- жыныстық қатынаста эмоцияны көрсетпеу: жақындасу кезінде үнсіз болса немесе түрлі жағдайға байланысты (отбасының өзге мүшелерімен бір бөлмеде тұру және тағы басқа) оргазмға жылдам жетуді көбірек ойласа, организмдегі адреналин, серотонин гормондары бөлінбейді. Бұл бақыт гормондарының бөлінбеуі адамды күйзеліске ұшыратады.
- бірінші орынға өзін қою: ер адам өзінің қанағаттануын ғана ойлауы, керісінше, адам жұбының қанағаттануын көбірек ойласа, екеуі де жақсы нәтижеге жетеді.
- ер адамның бірден тұрып кетіп қалуы: әйел жақындасқан соң ері қасында 15-20 минут жатқанды қалайды, бұл — әйелдің қажеттігі.
- жақындасу орнына мән бермеу;
- өзінен шығып тұрған иіске мән бермеу: адамның иісі, иіссуы жұбына қаншалықты ұнайтынын сұрау керек, иіс жағымсыз болса, жақындасуға құлық болмайды.
Тағы оқыңыз: 16+. Әйелдің интим аймағы гигиенасын сақтау тәртібі