Дене құр жатқанға, көңіл думандатқанға әбден үйреніп қалған соң бұрынғы режимге оралу қиындау. Психологтар мұның асқынған түрін «мерекеден кейінгі синдром» немесе «мерекеден кейінгі күйзеліс» деп те атайды. Жұмысты үйден істеп жатсаңыз, күнделікті өмірге оралу тіпті қиындауы мүмкін. Әдетте адамды ұйқы басып, әлі болмай, енжарлық танытып, іске беттей алмай жатады. Мұндай күйдің психологиялық тұрғыда демалысты аяқтағысы келмеу және физикалық тұрғыда жаңажылдық отырыстардан соң өзіңді жақсы сезінбеу деген екі себебі бар. Дегенмен жұмысқа да, бұрынғы өмір сүру қалпына да біртіндеп қайта оралуға болады. Ол үшін мына кеңестерді ұстанып көріңіз.

Бірден білек сыбана кірісуге болмайды

Жұмысқа келе сала түрлі мәселе шешіп, бірден қарбалас жағдайға «күмп ете қалудың» соңы күйзеліске ұласуы мүмкін. Өйткені мұндайға босаңсыған ағза да, «әлі демалыстамыз» деп ойлап жатқан ми да дайын болмай шығады. Әуелі, жұмыс үстеліңізді бір реттеп алыңыз. Электрон поштаны, ұжым чатын тексеріңіз. Жаңа күнделік алып, бір аптаға немесе бүгінгі күнге арналған to do list жазып шығыңыз. Ми «ә, жұмысқа оралыппыз ғой» деп есін жиып алсын. Басшыңыз да аздаған жалқаулықты түсінеді, өйткені ол да сіз сияқты демалыстан енді ғана оралып отыр.

Түскі асқа дейін әріптестеріңізбен сөйлесіп, демалысты қалай өткізгенін, Жаңа жылды қалай қарсы алғанын сұраңыз. Кабинеттерде, дәлізде ары-бері жүріп, бой үйретіңіз. Бірінші күні маңызды кездесу белгілемеген немесе ұзақ жиналыс жоспарламаған дұрыс. Оларды сәл кейінге, әбден сергіп, бұрынғы қалыпқа түскен уаққа шегеріңіз.

Көңілді жүріңіз

Күні бойы күліп жүріңіз, демалыстың қалай өткенін ойша «бір шолып өтіңіз». Түрлі сәтті қайта есіңізге түсіріп, жымиып алыңыз. Бұл күйіңіз әріптестерге де «жұғады». Жұмыстағыларға демалыста болған қызық оқиғаларды айтып беріңіз, олар да өздерінікін баяндайды. Осылайша, жұмыс күні жеңілірек басталады.

Иллюстрация: Dribbble.com/ Igor Varenov

Демалыстағы әдеттерді ұмытпауға тырысыңыз

Мысалы, демалыс күндері спортпен жиі айналыссаңыз немесе таза ауада жиі серуендесеңіз, жұмысқа шыққан соң да оларды ұмытпаңыз. Кабинетте немесе үйде ноутбук алдында қадалып отыра бергенше, өзіңізді бір сәт қуантыңыз. Ноутбукты «ұйқы» режиміне қойыңыз да, сыртта 10-15 минут жүріп қайтыңыз. Мұның тамақ ішуге де қатысы бар. Демалыста көк шай ішіп, көбірек жеміс-жидек жесеңіз, мұндай әдетті офисте де, үйдегі қашықтан жұмыс кезінде де қайталаңыз. Бұл ұйқы ашамын, ағзаны оятамын деп кофе ішіп, шоколад жей бергеннен әлдеқайда пайдалы. Сонда жұмыс күні де жағымдырақ болады.

Жаңаға ие болу үшін ескіні құрту керек

Қаншалықты қорқынышты естілсе де көп нәрсені «жаңа беттен» бастауға кеңес беріледі. Жұмыс үстеліндегі заттардың керегін жинап, қажет емесін макулатураға өткізіңіз. Электрон поштадан артық хаттарды, телефоныңыздан қажет емес нөмірлерді өшіріп тастаңыз. Жаңаны шашылып, ретсіз жатқан ортадан гөрі ұқыпты жиналған жерден бастаған жақсы.

Жұмысыңыз сізге не үшін ұнайды?

Тіпті болмай жатса, жұмысыңызды не себепті жақсы көретініңізді санамалап шығыңыз. Біразымыз «жұмыс істемесе, қандай жақсы болушы еді» деп ойлауымыз мүмкін. Дегенмен қаласақ та, қаламасақ та жұмысқа баруға тура келеді. Бізге біреу ақша тауып бермейді ғой. Сондықтан дұрысы — жұмыстың жақсы жақтарын ойлау. Офиста сізді қуантатын нәрсе не екенін еске түсіріңіз. Мүмкін, бұл жұмысқа кешіккен әріптесіңіз әкелетін картоп қосылған бәліш немесе шоколадты балмұздақ болар?! Әлде жұма күні түстен кейін басшыңызбен бірге бәріңіз жеребе тастап, сол арқылы фильм таңдап, экран алдына отырған сәт па екен?! Болмаса, арнайы ресми жиналыс жасамай-ақ, әркім өз орындығында отырып бір жобаны еркін форматта талқылап, арасында әзілдеген кездер ме? Не де болса, жұмыстың жақсы сәттерін ойлаңыз, сонда оған қуана-қуана қайта кірісесіз.

Күйзеліс деген сөзді ұмытыңыз

Күйзеліс дейсіз бе? Ол сізде жоқ. Өйткені күйзеліс дегеніміз — жабырқау, қимыл-қозғалыс пен сөйлеу белсенділігі әбден төмендеген кәдімгі ауру. Ал ештеңе істегісі келмей, жаңажылдық фильмдер мен концерттерді көруге бүйректің бұрып тұруы күйзеліс «белгілеріне» жатпайды. Бұл — бар болғаны, мереке кезінде жұмысты «жатырқап» қалу.