Сиыр жылы есік қаққалы тұр. Жаңа жылда 2020-да болған өзгеріс жалғаса ма? Сиыр жылы кімдер үшін пайдалы болады? Қадамын аңдап басатындар кімдер? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Нумеролог Жанна Кенжебаева:

“Сиыр жылында мүмкіндікті құр жібермеу керек”

Жаңа жылдың басты цифры – 5 (2+0+2+1). Осы цифр адамзат тағдырында көп нәрсені өзгертеді, бәрін өз орнына қояды. 2021 жылда атқарылған шаруаның нәтижесі дереу көрінбеуі мүмкін, одан кейін байқалуы ғажап емес.

Мүддесін тек бірінші орынға қоюды үйренгендер өзі үшін қарым-қатынастың жаңа түрін ашады. Ондай азаматтар бұл жылы қоршаған ортаға қайтарымсыз жақсылық жасаудан ләззат алып, сол қасиетті әдетке айналдыра бастайды. Ал бұған дейін ылғи жақсылып жасап жүргендер 2021 жылдың бар жақсысын алады.

Жанна Кенжебаева. Фото жеке архивінен

Өтіп бара жатқан жыл көптеген салада өзгеріс әкелді. Жаңа түсініктермен таныстық, жұмыстың жаңа режиміне, қозғалыс пен жаңа өмірге тап болдық. Мұның жақсы не жаман екенін айту қиын. Сиыр жылы бұл өзгерістер сол қалпында қалады. Бар адамзатқа қатысы өзгерістерден қорықпау керек. Оған қарсы тұрудың еш мәні жоқ, дұрысы – өзгеріске оң көзбен қарап, оны қабыл алу.

Бұл жылда әлемдік экономикадан тұрақтылық күте алмаймыз. Өйткені ғаламдық өзгерістен бұл сала да шет қалмайды. Әсіресе, шағын бизнес иелеріне белді бекем буып, қиындыққа қарсы тұруға тура келеді. Сиыр жылында ірі кредит пен қарыз алмауға кеңес береміз. Мәселені өз күшіңізбен шешуге тырысқан абзал. Бір жақсысы, пандемия біртіндеп аяқтала бастайды, бірақ аймақтар пен елдер арасындағы қозғалыстың шектелуі, шекаралардың жабылуы және түрлі ерекше режим өзгермейді.

Коронавирус пандемиясының жақсаруын жылдың екінші жартысынан күтуге болады. Ең қауіпті айлар – ақпан, маусым, қараша мен желтоқсан. Осы айларда ерекше сақтанып, сапарға шығуды жоспарламау керек, отбасы мен жұмыста ұрыс шығармауға тырысқан жөн. Қалған айлар жаңа жылдың ең жайлы кезеңдері саналады.

Тағы бір айта кететіні, 2021 жылы келіп тұрған мүмкіндікті құр жіберуге болмайды. Ойламаған жерден мүмкіндік пайда болды ма, ештеңеге қарайламау керек.

Дегенмен мұның бәрі жалпылай берілген болжам екенін ұмытпаңыз.

Астролог Гүлмира Махметова (@astrolog_astana_gulmira):

2021-де әр жылда туғандарды не күтіп тұр?

Гүлмира Махметова. Фото жеке архивінен

2021 жыл өткен жылмен салыстырғанда тұрақтырақ болады. 2020 жылы көптеген астрологиялық оқиға болған еді. Біріншіден, тышқан жылы кібісе жыл болды, алты тұтылу, көптеген ретроград планета, күрделік планеталардың қосылуы тіркелді. Олардың қосылуы бұзушы сипатта болып, соның ішінде Плутон аспектісі есте ұзақ қалды. Сиыр жылында қосылу шашыранды аспект сипатында, демек 2021 жылы өткен жылдың салдары көрінеді.

  1. Тышқан жылы туғандарға жыл – қаржылай және инвестициялық бағыттағы маңызды шешім қабылдау кезеңі. Өзіңізді жақсы бағалаған сайын еңбегіңізді қымбат сата аласыз. Қосымша табыс көзі көбеюі мүмкін. Дегенмен қаржыны да абайлап ұстап, жинау керек екенін ұмытпау керек. Бәрін уақтылы төлеген дұрыс, қаржы операцияларына қатысты тәуекелге бел буатын әрекетке бармаған жөн. Әйтпесе өз қиялынан өзі зардап шегуі мүмкін. Бұл жылдың ұраны – іскерлік пен рационалдық.
  2. Сиыр жылғыларға бұл – өте маңызды жыл, өйткені олар 12-кезеңге жетіп отыр. Жаңа есіктер ашылады. Олардың қолында барлық есік кілті бар, тек оны ашса болғаны. Биыл істелген тиімді әрекет ондаған жылға әсер етуі мүмкін. Бір орында отырмай, жұмыс істеу керек. Карьера дамуына мүмкіндік бар, көбі жеке бизнес ашып, өзге де ауқымды жобалар бастауы мүмкін. Махаббат пен қарым-қатынас жаңа белеске шығады, білім алу мен ғылыми дәрежеге жететін, кітап пен мақала шығаруға қолайлы жыл болады. Сырт келбетті өзгертуден қорықпаңыз. Жаңаны үйреніп, рухани ұстаз табуға, болмаса сондай ұстазға айналуға болады. Дегенмен шамадан тыс оптимизмнен, алданудан, өзіңізді алдаудан сақтаныңыз. Оның түбі осындай жағдайдан зардап шегуге апарады. Оған қоса, тамақ көлемін орталау керек, олай етпесе, артық салмақ қосып алу қаупі бар.
  3. Барыс жылы туғандар үшін өзімен, ішкі әлемімен тыныш орында отырып, бетпе-бет қалатын кезең басталды. Ұйқыға, ішкі дауысқа, интуицияға назар аудару керек, медитация жасауды үйренуге болады немесе тыныш жерге барып өмірге сырттан қарап көру қажет. Бұл – жалғыздық кезеңі, сондықтан бұл жыл белсенді әрекетке арналмаған. Көшуге, киелі жерлерге зиярат етуге, бұрынғы таныстармен кездесуге, қайырымдылық қорын құрып, адамдарға көмектесуге қолайлы кезең. Барлық ескі-құсқыдан арылып, керек еместен құтылған жөн. Айналаңызға мән беру қажет, аса сенгіш, аңқау болудан сақтану керек. Барыс жылғыларға бұл кезеңде ештеңеден қорықпауға болады.
  4. Қоян жылғылар 2021 жылы пікірлестерін тауып, олардың арасында абыройлы болады. Өзіңізбен өзіңіз болмаңыз, серіктестер іздеңіз. Түрлі ұйымға мүше болып, әртүрлі адаммен араласуға да қолайлы кезең. Онлайн білім алса, астрология, IT, программалау сияқты стандарт емес нәрсені үйренсе, онысы нәтижелі болады. Достық деп жүргені махаббатқа айналуы мүмкін. Қояндар 2021-де күйгелек, қарбалас болып, қан-тамыр және жүйке жүйесі, қан қысымы мен жүрегіне қатысты проблемаларға ұшырауы мүмкін.
  5. 2021 жылы ұлу жылы туғандар үшін карьера, әлеуметтік және кәсіби қызмет, абыройлы адамдармен қарым-қатынас бірінші кезекке шығады. Бұл – жұмыс ауыстыру мен карьерада өсуге өте қолайлы кезең. Қаржы жағдайы да жақсарады. Сиыр жылы өмірлік маңызы бар мақсатқа жету күтіп тұр, сондықтан өте жауапты болу керек. Қанша жерден табысты болып жатсаңыз да кәсіби қызметті асыра пайдаланбаңыз, заң мен ережені бұзуға болмайды және өзіңізге адал болыңыз.
  6. 2021 – жылан жылы дүниеге келгендерге білім алып, оқуға түсуге, тіл үйренуге, оқытушылық қызметке, сапарға шығуға қолайлы жыл. Ғылыммен айналысатындарға диссертация қорғауға, ғылыми дәреже алуға мүмкіндік көп. Оған қоса, жаңа жылда заңға қатысты дау жылан жылғылардың пайдасына көбірек шешіледі, заң құжаттарына қатысты проблемалар шешімін табады. Жылан жылғылардың діни сенімі, рухани және адами құндылықтары артады. Олар 2021 жылы қалай бағыт алу керек екенін, маңдайына не жазылғанын түсінеді. Жалпы, жыл жайлы, табысты болады, әділдік жеңеді.
  7. Жаңа жылда жылқы жылы туғандардың қаржысы көбейеді. Қаржылай серіктестікте, бизнесте, ірі қаржылай кірісте, қарыз қайтаруда, ірі қаржы инвестициясында табысты болады. Дегенмен қаржы мәселесіне келгенде рационал, консерватив көзқарастан айнымау керек, сонда алға жылжисыз. Жылдың кілт сөзі – “өзгелерден қаржылай көмек алу”. Жылқы жылы туғандардың құпия ғылымға, өмір мен өлім туралы сауалдарға, көріпкелдік пен сиқырға, зерттеу қызметтеріне қызығушылығы артуы мүмкін. Интим өмірде белсенділік артады. 2021 жылда жылқы жылғыларда сынақ жағдайлары, өздері еш әсер ете алмайтын өзгерістер болуы мүмкін. Дағдарыс сотқа дейін апаруы ғажап емес, сондықтан қаржыға қатысты заң бұзбаңыз, салық пен айыппұлды уақтылы төлеп, пара мен арам жолмен келген ақшадан бас тартыңыз. Сиыр жылы түрлі фобия мен бойдағы өзі кемшілік деп санайтын қасиеттерден құтылуға арналған эмоция жылы болайын деп тұр.
  8. Қой жылғылар үшін жаңа жыл махаббат пен қарым-қатынасқа арналады. Жалғыз болып, ерекше жан іздесеңіз, маңдайға жазған адамды 2021 жылы жолықтыруға мүмкіндік бар. Екінші жартыңыз болса, қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл – іскер серіктесті, клиентті, сатып алушыларды тартуға, ортақ бизнеске жайлы уақыт. Жаңа таныс көбейіп, олар қой жылғыларға пайдалы болады. Бұл жыл тумалары рухани ұстаз табауы мүмкін. Бір жағынан, жаңа жылда біраз уақыттан бері болашағы жоқ екені білініп жүрген қарым-қатынасты қайғы-мұңсыз аяқтауға болады. Қой жылғылар істі болса, жағдай соның пайдасына шешілуі ғажап емес.
  9. Маймыл жылғылардың жаңа жылдағы ұраны – жұмыс және денсаулық. Жұмыс істеу қабілеті артып, кәсіби өсудің жаңа перспективасы ашылады. Жұмыстың көп болуы күнделікті іске айналып кетеді. Есесіне бұл үшін берілетін сыйақы да молынан болады. Басшылар мен кәсіпкерлердің қоластында істейтіндер саны артып, білікті қызметкерлері көбеюі мүмкін. Қызмет көрсету саласындағылардың ісі оңға басады, сондықтан жұмысын қымбатқа сатуына болады. Қызметіңізге қатысты іс қозғалуы мүмкін, бірақ олардың сәтті шешілетін түрі бар. Жұмысты көп істегендіктен иммунитет төмендеп, маймыл жылғылар шаршап, қажуы мүмкін. Сондықтан ұйқы қанық болуын, уақтылы демалуды ұмытпау керек. Денсаулықпен айналысуға тура келеді. Қарызға қатысты мәселе сәтті шешіледі.
  10. 2021 жыл – тауық жылғыларға шығармашылық пен талантын көрсетуге арналған уақыт. Махаббат, романтика да өзектігін жоймайды. Лотерея ұтып алуға, байқаудан оза шабуға, тендер жеңуге оңтайлы кезең. Тауық жылғылардың отбасы мүшесі саны артып, баласы көп жетістікке жетуі мүмкін. Сиыр жылы хоббиді жеке іс пен бизнеске айналдыруға болады. Жалпы, тауық жылғылардың айы оңынан туайын деп тұр.
  11. Туыс-туғанмен болған бұрынғы дау-дамай шешіліп, отбасында татулық пен гармония орнайтын жыл иесі – ит жылы туғандар. Көмек қажет болса, оның ішінде материалдық және қаржы жағынан болсын, жақындарға қысылмастан айта беруге болады. Пәтер, жер учаскесін, үйге кез келген затты сәтті сатып алуға болады. Оған қоса, мүлікке, үйді жөндеуге, мекен ауыстыруға қатысты мәселенің бәрін тиімді шешуге мүмкіндік бар. Көбінің отбасында сәби дүниеге келіп, үйлену, тұрмысқы шығу сияқты өзгеріс болады. Эмоция тұрғысынан, ит жылғылар өзін қауіпсіз сезіне бастайды.
  12. Доңыз жылғыларға білім алу, біліктілік арттыру, жаңа машық пен тәжірибе, шетел тілін үйрену уақыты келді. Интернет-бизнесі жақсы дамиды, мектеп ашуға да болады. Жаңа жылда сауданың, кеңес беру қызметінің, тиімді келісімшарт жасаудың, маңызды немесе керек құжатқа қол жеткізудің сәті түскелі тұр. Шешен сөйлеуді үйрену керек, оның қажет болып қалатын кезі болады. Беделді адамдармен танысуға мүмкіндік бар. Автомобиль, байланыс құралдарын, тұрмыстық техниканы, ноутбукты сатып алу сәтті болмақ. Туыс-бауырмен бірге уақыт өткізуге өте жайлы уақыт келгелі тұр. Туыстар өмірінде көп жақсы оқиға орын алмақ. Доңыз жылы туғандар дұрыс шешім қабылдауға, дау-дамайды шешіп, жөн қорытынды жасауға бейім. Жаңа таныстық көбейеді. Дүниетаным мен сана-сезім өзгеруі мүмкін, жаңа перспективті идеялар пайда болады. Білім мен саяхатқа инвестиция құйған дұрыс. 2021 жылы қозғалыс көп болып, жыл қарбалас болуымен естке қалуы мүмкін.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)