Ашаршылықтың 3 кезеңі
Жалпы Қазақстан тарихында ашаршылықтың 3 кезеңі болды.
Бірінші ашаршылық — 1916-1918 жыл. Бұған Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Ресейдегі азаматтық соғыстың басталуы, мал-мүлікті тәркілеу мен патша билігі жіберген жазалаушы армия басқыншылығы, сонымен қатар халық арасында таралған індет пен қатты суық және құрғақшылық себеп болды. Деректерге сүйенсек, бұл жұт салдарынан кемінде 1,5-2 миллион адам көз жұмған, ал 300 мыңнан 1 миллионға дейін адам босып кеткен.
Екінші ашаршылық — 1921-1922 жыл. Оның үш себебі бар. Алғашқысы — Азаматтық соғыс салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы. Екіншісі – 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылықтың ауыл шаруашылығына келтірген зияны. Үшіншісі — жұқпалы аурудың тарауы.
Үшінші ашаршылық — 1929-1933 жыл. Оның себебі – Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, сондай-ақ көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын тіршілік көзінен айырып, жаппай және күшпен отырықшыландыру науқаны. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл жылдары 2,4 миллион адам аштықтан қырылған. 1930-1931 жыл аралығында 1 миллион 70 мың адам Қытай, Иран және Ауғанға қоныс аударған. Оның 414 мыңы кейін елге оралған.
1921-1922 жылы Қазақстанда не болды? Қанша адам қырылды?
1921 жылы Қазақстанның 5 губерниясы – Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай және Адай уезі ашаршылыққа ұшырады.
1920-1923 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санағы және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша, 1921 жылғы қиын жағдайда Қазақстан халқы 30%-ке дейін азайған. Кейбір елді мекенде нәубет кесірінен халық түгелдей дерлік зардап шеккен, яғни не аштан өлген, не босып кеткен.
1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады.
ҚзОАК-нің Төрағасы С.Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында сол жылдың көктемінде алынған жартылай дерек бойынша Қазақстанда 2 832 000 адам аштық зардабын тартқаны жайлы айтылады.
Ашыққан адамдарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтың мәліметінше, сол жылдары 1 млн 700 мың адам аштықтан көз жұмған.
Ал Қазақстан Тарих институтының директоры, тарихшы Бүркіт Аяғанның пікірінше, 1920 жылдардағы аштықтан өлгендер саны 2,3 миллион адамға жеткені жөнінде мәліметтер бар.
1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша, аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болып, соның 68,2%-і, яғни 1,5 миллион жан өлген.
1921-1922 жылдардағы нәубет құрбандары санына қатысты деректерге келгенде тарихшылар мен зерттеушілер бір келісімге келген жоқ. Сол себепті орта есеппен 1919-1923 жыл аралығы шамамен 1,7-2,3 миллион адам қаза тапты, ал 2-2,5 миллион адам босып кетті деп шамалап айтуға болады.
1917-1923 жылдары аралығындағы қазақ жеріндегі халық саны:
1917 жыл — 6 218 300 адам;
1920 жыл — 4 679 795 адам;
1923 жыл — 3 786 910 адам.
Осы кезеңде Қазақстанда ғана емес, Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Симбирск, Уфа сияқты Ресейдің бірқатар жері де ашаршылық құрсауына түскен болатын. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 млн астам адам аштыққа ұшырады.
Аш-жалаңаш балалар
Ата-анасы көз жұмып, қараусыз қалған балалардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйіне бөлді.
1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш бала саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті.
Жұқпалы аурудың тарауы
Сол жылдары сүзек, тырысқақ, оба, дінгене секілді жұқпалы аурулар тарай бастады. Бұл дертке шалдыққандар республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Ашаршылық, эпидемия, ауруханада орынның жетіспеуі өлім санын одан әрі көбейтті. Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ке жуығы көз жұмды.
Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды.
Қазақ республикасында 1922 жылдың наурыз және сәуір айларындағы дерек бойынша, Семей губерниясының тұрғындарын қоспағанда, алты губерния тұрғындарының 68,2%-ы ашықты.
Астық пен мал шаруашылығы
Малдың 80%-і кырылды. Ауылшаруашылық өнімінің 80%-ін Кеңес билігі орталыққа тасып, халық азық-түліксіз қалды. 1918 жылдың 13 мамырынан бастап азық-түлік диктатурасына сай «Азық-түлікті тәркілеу» науқаны басталды.
Қостанай губерния комитеті мен бақылау комиссиясының мәліметі бойынша, сол өлкеде ғана 1920 жылмен салыстырғанда 1922 жылы жылқы 63%-ке, ірі 50%-ке, ұсақ мал 65%-ке азайды. Егіс алқабы 62%-ке қысқарды.