«Ашаршылық құрбандарына тағзым етуге арнайы күн белгіленуі керек»

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, мемлекеттік комиссия ашаршылықты жеке зерттеуі керек.

1992 жылғы комиссия шеңберінде тарихымыздың ақтаңдақ беттеріндегі біраз ақиқатқа көз жеткіздік, 1993 жылы арнайы жарлықпен осы атаулы күн белгіленді. Саяси қуғын-сүргін қасіретімен қатар ашаршылыққа байланысты да көп зерттеу жүргізілді. Дегенмен осы тұста бір айта кетерлік жайт, қоғамда ашаршылық мәселесі жеке қарастырылса деген пікір бар. «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Ғасыр зұлматы» атты дөңгелек үстелде де ғалымдар осы ойды қуаттады, — дейді ол.

Тарихшының айтуынша, Қазақстанда жаппай аштық 1918 жылы басталды, 1921 жылы жалғасты, кейін 1932 жылғы алапат нәубетке ұласып, миллиондаған адамды жалмады.

Бұған сол тұста ұжымдастырудан қашып, кәмпескелеуге ұрынбау үшін шетел ауған, жолда көмусіз, сүйегі далада шашылып қалған боздақтарды қосуға болады. Бұл тарихты толық зерттеліп бітті деп айтуға болмайды. Мамандардың пікірінше, бұған геноцид деп те баға бере алмаймыз. Себебі қасірет қолдан жасалғанын айғақтайтын нақты құжат жоқ. Дегенмен ол қазақтың басына түскен алапат қасірет екені анық. Осы зұлматта халықтың жартысынан көбінен айырылдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталары да ашаршылық жылдарында шекара ауып, соның зардабын тартқанын естеліктерінен білеміз, — дейді Дархан Қыдырәлі.

Ол зұлмат жылдардың құрбандарына лайық деңгейде тағзым ету қазіргі буынға мол тағылым болатынын айтты.

Үлкендеріміз бізге бір үзім нанды қастерлеуге үйретті. Себебі олар ашаршылықты көрген, жоқшылықтың қасіретін тартқан. Бүгінде ондай көнекөздердің қатары сиреп бара жатыр. Сондықтан уақыт оздырмай, олардың да аузынан тың дерек жазып алу қажет. Бұған қоса, бүкіл өңірдегі, облыстар мен аудандардағы, қажет болса, көрші елдердегі архивтерді ақтара отырып, осы алапат қасіреттің құрбандарын түгендеу, олардың басына белгі орнату игілікті іс болары анық. Мұның бәрі ашаршылық құрбандарын арнайы еске алып, тағылым мен тағзымға толы күн ретінде белгілеу арқылы ерекшелене түсер еді деп ойлаймын, — дейді қоғам қайраткері.

Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтірумен айналысатын мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын еске сала кетейік.