«Соңғы аялдама» сериалындағы Берік — шекарадан түрлі тауарды заңсыз өткізіп, күнін көріп жүрген қарапайым жұмысшы. Сюжет бойынша, бір күні ол ірі контрабандашылардың ісіне еріктен тыс араласады. Соның кесірінен Берік үлкен проблемаға тап болады, өміріне қауіп төнеді.
Сериал Қазақстан ұлттық арнасының тапсырысымен түсірілген. Режиссері — Думан Еркімбек, бас продюсері — Жалын Тілеуберген. Сценариін жазғандар — Думан Еркімбек, Әлішер Райымқұл, Асылбек Еркімбек және Толғанай Қуандық.
Бас продюсер Жалын Тілеубергеннің айтуынша, елімізде төрт-ақ бөлімнен тұратын сериал жоқтың қасы. Авторлар бұл жолы ерекше жоба жасағысы келіпті.
Төрт сериядан тұратын телехикая бұған дейін болған жоқ. Сондықтан түбегейлі бір оқиғаны аз уақытқа сыйдыру өзімізге де қызық болды. Сериалдың ерекшелігі: фильмдегі әр кейіпкердің образы, көзқарасы әр серияда бөлек ашылажы. Бастапқы үш бөлімде үш кейіпкердің көзқарасымен оқиға шиеленіседі. Төртінші бөлімде сол шиеленістің шешілу жолы көрсетіледі, — дейді продюсер.
Қазақстандықтардың фильмге, телевизияға адам тәрбиелейтін құрал ретінде қарап, елде жасалып жатқан контенттерден тәрбиелік мән-мағына іздеп тұратыны бар. Сондықтан «Соңғы аялдаманың» да көрермені сериалдан өзіне бірнәрсе алғысы келеді. Авторлар көрерменге не айтқысы келетінін сұрап көрдік.
Адам өз эгосын таңдай ма әлде айналасындағылардың мүддесіне жұмыс істей ме? Қарапайым кейіпкердің оқиғасы арқылы көрерменге ой тастап, жол сілтейміз. Әрі қарай дұрыс-бұрысын көрермен өзі шешеді. Бәрі де кадрды ұғатын, сөз қадірін түсінетін көрерменнің еншісінде. Әкімшілік жағынан да, шығармашылық тұсынан да өзіме қызық жоба болды. Продюсер ретінде топты қадағалап әрі рольде ойнап жүру оңай болған жоқ. Бірақ түсіру тобы жастардан құралған соң, солардың алдындағы жауапкершілікті сезіндім, — дейді Жалын Тілеуберген.
«Соңғы аялдама» — Думан Еркімбектің режиссер ретіндегі дебюті. Оның айтуынша, негізгі мақсат — кейіпкерлермен бірге көрерменге де ой салу.
Өмірде кейде басқаның мүддесінен өз пайдамызды жоғары қойып жатамыз. Сериал кейіпкерлері де тура солай өмір сүреді. Бірақ оқиға барысында бір сәт «Осы ісім дұрыс па?» деген ойға келеді. Сериалдың ерекшелігі сюжетінде, оқиғаның жеткізілуінде деп ойлаймын. Көрермен «Соңғы аялдаманы» негізгі идеясы үшін көруі керек. Сосын сериалда қыз бен жігіттің арасындағы махаббат жоқ. Бірақ әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік көрсетіледі. Экшн көп, пиротехника біраз қолданылды. Жалпы сериал жақсы шықты деп есептеймін. Көрермен көріп, бағасын бере жатар, — дейді режиссер Думан Еркімбек.
Басты рольдерде Рүстем Жаныаманов, Еділ Рамазан, Нұрсұлтан Мұхамеджанов, Жалын Тілеуберген, Елдос Шәйкенов және Мұрат Жарылқасынов ойнайды. Актер Рүстем Жаныамановтың сөзінше, «Соңғы аялдама» сериалының ерекшелігі — шынайылығында. Режиссер актерлардан тура өмірдегідей ойнауды сұрапты.
Думан келіп, «Барынша өмірдегідей ойнаңызшы» деді. Өзім де қуандым, сондай стиль маған ұнайды. Еш жасандылықсыз, шын ойланып, шын сөйледік. Сондықтан көрермен сериалдың барлық бөлімін бір деммен көріп шығады деп ойлаймын. Тіпті түсірілім кезінде әр сөзі, әр сахнасы, жұмыстың әр сәті басқа жобаға ұқсамай, ұнап жатты. Сол кезде осы сериал толықметражды фильм болып шықса екен деп едім. Себебі оған әбден лайық, толық фильм болса, күшті өнім болар еді, — дейді актер.
Рүстем Жаныамановқа фильмнің сценариімен бірге түсіру тобы кілең жастардан құралғаны да ұнапты.
Сериалдың сценариі шебер жазылған, маған сонысы ұнады. Қыз бен жігіт арасындағы махаббатты қозғамай-ақ, өмірдегі отбасы құндылықтарын, досқа адалдықты, адамға деген жауапкершілікті көрсетіп те, фильм түсіруге болады екен. Жас режиссердың аяқалысы жаман емес. Түсіру тобы өте жас, соған қарамастан жұмысын жақсы атқарып шықты. Осы сериалдың авторларына, барлық мүшесіне риза болдым. Осы орайда кино түсіруді жастарға беру керек дегім келеді. Олардың жалындап тұрғанын, амбициясын, фантазиясын өз көзіммен көрдім. Тек жастарды қолдап, мүмкіндік беріп, шабытын ашып отыру керек, — дейді актер Рүстем Жаныаманов.
Криминал драма көрерменге Ұлттық арнадан 4 қаңтардан бастап 23.30-да көрсетіледі. «Соңғы аялдама» сериалының авторлары көрерменнің шын бағасын күтеді.