Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен алдағы 3 жылға шамамен 95 миллиард теңге бөлінеді.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлер жалақысы 1,5 есе, 2022 жылдың 1 қаңтарында қазіргі мәннен 1,75 есе, ал 2023 жылы 2 есе өседі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға сеп болады.

Бұл жыл барлығына қиын болды. Әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде іс жүзінде тұрып, ерекше контингентпен жұмыс істеді. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және маңызын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлер тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, — деді Біржан Нұрымбетов.