«Барлық дерлік жуғыш заттың құрамында сульфат бар»

Әуелі кір ұнтағы, сабын, сусабын секілді жуғыш затта оның құрамындағы элементтердің суда ерігіштігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ суды жұмсартатын иістендіргіш, бояғыш, ағартқыш, тұрақтандырғыш, қоюландырғыш және тағы басқа компоненттер бар екенін айта кету керек.

Сульфатсыз деп жүрген сусабындардың құрамында натрий лаурилсульфаты болмауы мүмкін. Бірақ құрамын толық оқысақ, аммоний лаурилсульфатын кездестіруіміз ғажап емес. Ал мұның құрамында дезинфекциялағыш қасиетке ие, яғни микробтарды өлтіре алатын аммоний ионы бар. Осының кесірінен тірі ағзаға зиян болуы да мүмкін. Яғни, аммоний лаурилсульфатының натрий лаурилсульфатына қарағанда улылығы жоғары. Сондықтан «Сульфатсыз сусабын» деген жазбаларға сусабын құрамын толық оқымай тұрып сене беремеңіз.

Жуу немесе тазалау кезінде жуғыш заттың мақсаты — кір бөлшектерін тазаланатын дүниенің бетінен (киімнен, ыдыстан, шаштан) бөліп алу. Осы мақсатта жуғыш зат әзірлеу кезінде сульфат (алкильсульфат) қолданылады. Ол барлық дерлік жуғыш зат құрамына кіреді. Өйткені алкильсульфат — негізгі жуғыш компонент. Басқаша айтқанда, кез келген дүниенің бетіне жақсы жұғады, кірді оңай бөліп алады, жуғыш заттың көпіруіне жауап береді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жуғыш зат құрамына кіретін беттік-активті заттардың катионды, анионды, ионогенді емес және тағы басқа түрлері бар (беттік-активті зат — surfactants, поверхностно активные вещества — ред).

Катионды заттарды улылығы жоғары болғандықтан, көбіне дезинфекция жасау үшін қолданылатын өнімнің құрамына өте аз мөлшерде қосылады.

Анионактивті заттар – негізгі жуғыш компонент. Оған жоғарыда айтылған алкилсульфаттар (мысалы, лаурилсульфаттар, лауретсульфаттар), карбоксилаттар (сабындар) жатады. Жалпы беттік-активті заттар өндірісінің 60%-і осы анионактивті заттардан тұрады және олардың басым бөлігі жуғыш өнімдер әзірлеу үшін пайдаланылады.

Ионогенді емес немесе бейионды деп аталатын беттік-активті заттар бар. Бұлардың артықшылығы – судың кермектілігі әсер етпейді және басқа беттік-активті заттармен салыстырғанда улылығы өте төмен. Ионогенді емес заттардың технологиясы анионактивтіге қарағанда қымбат, сондықтан мұндай беттік-активті заттар жуғыш заттың құрамына енгізілетін болса, өнім қымбаттай түседі. Яғни ионогенді емес компонент қолдана отырып, сульфатсыз сусабын, ұнтақ, сабын жасалады, бірақ бағасы жоғары болады.

Жуғыш заттардың құрамына әдетте 5-15% көлем аралығында анионактивті заттар кіреді. Заттың бұл мөлшері кірді ерітетін мицеллалардың түзілуі үшін жеткілікті.

Жуғыш заттың қаптамасында көрсетілген қолдану мөлшерін орындаған жөн. Кей компания 1 келі болатын ұнтақ ұзаққа жетеді деп айтады. Яғни оған кірді кетіретін компонент көп қосылған. Оны пайдаланғанда, ұсынылған мөлшерден аспауды мықтап ұстанған дұрыс. Мысалы, 3 келі кір киімді жуу үшін бір қасық ұнтақ жетеді десе, одан артық қосудың қажеті жоқ. Киімнен кірді бөліп алуға сол мөлшер жетеді.

Бір жолы студенттерім жуғыш заттар құрамын зерттеді. Сол кезде баланы жуындыруға арналған  бір гелдің құрамында каустикалық сода болды. Каустикалық сода — натрий гидроксиді, оны күйдіргіш натрий деп те атайды. Көбінесе канализациялық құбырларды тазалау үшін қолданады, себебі жабық түтікті бітеп тастайтын май, шаш, тамақ қалдықтары сияқты кірді жақсы алып түседі. Бірақ оны гигиеналық заттар құрамына қосу дұрыс емес.

Көпірмейтін, сұйықтау келген жуғыш өнім кірді кетіре ме?

Көпірмесе, нашар жуады деуге болмайды.

Көбік кірдің кетуіне ешқалай әсер етпейді. Құрамында жуғыш компонент болса болды, кір кетеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мысалы, кір жуғыш машиналарда қолданылатын «автомат» ұнтақтары мен қолмен жууға арналған ұнтақтың айырмасы бар: машинаға арналған ұнтақ жақсы көпірмейді, өйткені көбік машиналардың ұзақ жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Ол үшін ұнтақ құрамына көпіртпейтін арнайы зат қосады. Ал қолмен жуу үшін пайдаланылатын ұнтақ жақсы көпіреді.

Қоюлыққа келетін болсақ, жуғыш заттардың құрамына қоюландырғыш енгізіледі. Көбінесе ол — натрий хлориді (ас тұзы). Жуғыш компоненттің мөлшері бұрынғы күйінде қалады.

Көбік көп шықса және жуғыш өнім қоюырақ болса, кір жақсы жуылады деген сөз емес. Бұлай ойлау — психологиялық тұрғыда қалыптасқан нәрсе. Көбік пен қоюлық адамның осы сеніміне сай келу үшін ғана қосылады.

Химиялық қоспалардан қорқу қажет пе?

Қазақстанда жуғыш өнім өндіретін үлкен зауыттар жоқ, тек кішкентай цехтар бар. Елде көбіне сұйық, паста тәрізді заттар мен сабын өндіріледі. Өйткені оларды жасау технологиясы қарапайымдау әрі арзанырақ. Ал кір жуғыш ұнтақтың технологиясы күрделі, оған арнайы аппараттар керек. Біз қолданып жүрген жуғыш заттың 90%-тен астамы шетелден келеді.

Жалпы, сусабын, сабын сияқты гигиеналық зат әр адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Аймақтың суына да байланысты. Сондықтан әр адам үшін жеке қарастырылуы керек. Терінің бетінде қышқыл қабат болады, ол ағзаны түрлі бактериядан қорғайды. Теріні жай сумен жусақ, қышқыл қабат жойылып, 15-20 минуттан соң, қара сабынмен жуса, 30 минуттан соң, кәдімгі сабынмен жуса, 1,5-2 сағаттан кейін қалпына келеді. Сондықтан моншада тері «шықырлағанша» езініп, ұзақ отырудың аса бір қажеттігі жоқ. Қышқыл қабат қалпына келіп үлгергенше теріге бактерия түсуі мүмкін. Аллергия осыдан пайда болып жатады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ыдысты сульфаты бар жуғыш затпен жуғанда оны жақсылап шаю керек. Дұрысы — ыдысты әуелі ыстық сумен, содан кейін салқын сумен бірнеше рет шаю. Әйтпесе, жуғыш өнім ыдыста қалып қоюы мүмкін. Су температурасы жоғары болса, мұндай заттар ыдыстың бетінен жылдамырақ кетеді. Ыдыс жақсы шайылмаса, сол ыдысқа құйылған тамақпен бірге организмге түседі.

Ал кір сабынның құрамында карбоксилаттар болады. Жуғыш қасиеті төмендеу. Сумен тез шайылып кетеді.

Құрамында карбоксилат бар жуғыш заттар кермек суда өздерінің жуғыш қасиетін жоғалтып алады. Сол үшін ондай затпен жуған киім қатты болып, түсі оңып кетуі мүмкін. Суды жұмсарту үшін ұнтақ құрамына фосфат, трилон Б, цеолит және тағы басқалары қосылып жүр. Олардың ағзаға кері әсері жоқ.

Беттік-активті заты бар жуғышты қолданған соң шашты не киімді немесе ыдысты жақсылап шайса,  сондай-ақ құрамында бұл компонент мөлшері азырақ келетінін сатып алса, ағзаға үлкен зиян келе қоймайды.

Организмге зиян келуден сақтанудың жолы – жуғаннан кейін таза сумен жақсылап шайып тастау.

Ал қорқып, қаша берудің қажеті шамалы.