Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, есепті мерзімде ауданда өндіріс кәсіпорындарында 6 млрд 573,7 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімі көрсеткіші бойынша Шардара ауданы облыста 5-орынды иемденіп отыр.
Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ауданда 1,5 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Т.Жалғасбаевтың балық өңдеу зауытының балықтың майы мен жемін шығару цехтарының құрылысы; «Turan IT» ЖШС-нің блокчейн, дата центр жобасы; Алатау батыр ауылындағы жеке кәсіпкер Б.Сариевтің жем шығару жобасы; Достық ауылындағы «BS Agro Product» ЖШС қауыннан қауын қақ дайындау жобасы. Алғашқы үш жоба биыл жыл соңында іске қосылса, соңғысы келесі жылдың соңында ашылады, — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Бұдан өзге, ағымдағы жылдың 9 айында аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 25 млрд 969,3 млн теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 1млрд 944,6 млн.теңгеге жетті. Қазірге дейін 7 500 га астам жерден 17 362 тонна мақта терілді. Мақта жиын-терім жұмыстары жалғасуда. Шаруаларды қолдау мақсатында күзгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағада 3 120 тонна жанар-жағармай бөлінген. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 10 200 тонна селитра, 950 тонна аммофос, 650 тонна сульфат аммоний, 120 тонна карбамид тасымалданып таратылды.