Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошевпен жүздесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жастар арасындағы насихаты жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.
Орталық басшысы бағдарламаға қатысты ойларын ортаға салып, осы бағыттағы жұмыстардың мәні мен маңызын тілге тиек етті.
— «Рухани жаңғыру және жастар». Сіздің ойыңызша, аталған екі ұғым арасында қандай байланыс бар?
— Елімізде қоғамның азаматтық дамуына бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асып келеді. Мәселен, патриотизмді қалыптастыруға, дәстүрімізді, мәдениетімізді және ұлттық кодымызды сақтауға бағытталған негізгі идеологиялық бағдарлама бар. Бұл – әрине «Рухани жаңғыру», яғни қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы. Осы айда Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бағдарламаны жүзеге асырудағы басты басымдық балалар мен жастарға беріледі деп атап өткен еді. Бұл нақты әрі дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені әр ұлттың болашағы, мемлекеттің дамуы тікелей жастарға байланысты екені сөзсіз.
— Бұл бағдарлама жастар мәселесінде қаншалықты маңызға ие?
— Кез келген елде бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын факторлардың бірі – жастардың жағдайы. Қазақстанда барлық жасқа қолдау көрсетіп, әлеуметтік ортаны жаңғырту осы бағдарлама аясында болуы кездейсоқ емес. Еліміздегі миллиондаған жас азамат өз мүмкіндігін жан-жақты дамытып, жүзеге асыруы үшін көптеген мәселе шешілуі керек. Қазіргі кезде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жастар ортасының негізгі проблемаларын анықтаумен айналысады. Зерттеу нәтижелері жұмыста жаңа тәсілдер мен тетіктерді қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдарға жіберіледі. Осылайша жастардың негізгі мәселелері мен мүдделері мемлекеттік дәрежеде қарастырылады.
Бұл ретте айта кетсек, азаматтарды «жастар» санатына біріктіретін негізгі өлшем жас ұғымы. Әлемдегі жастардың жас мөлшері – 10-35 жас аралығында. Ал Қазақстанда 14-тен 29 жасқа дейінгі азаматтар жастар қатарына жатады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылдың басында республикадағы жастар саны – 3 765 383. Соңғы уақытта 90-шы жылдардағы «демографиялық шұңқырға» байланысты жастар саны азайып келеді. Яғни, сол уақыттағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бала туу азайған. Енді сол кезде туған азаматтар есейгенде, олардың қатары сирегірек екені байқалады. Алайда 2030 жылға қарай жастар саны қайта көбеймек. Бұл 2000-шы жылдардағы бала туу санының көптігіне байланысты.
— Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы жастар қаншалықты хабардар деп ойлайсыз?
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы білетін жастардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өткен жөн. Осы жылы «Жастар» ҒЗО жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, жастар арасындағы ең негізгі 5 тренд анықталып, оған салауатты өмір салты, волонтерлік, саяхат, азаматтық белсенділік және экология тақырыптары кірді.
Жыл басынан бері белсенді дамып жатқан волонтерлік пен экологиялық қозғалыстарды қоғамдық сананы жаңғыртуға жасалған үлкен қадам деп санауға болады. Сондай-ақ, жастардың ішкі туризмге, әсіресе, танымал әрі қасиетті жерлерге баруға қызығушылығы да едәуір артқан. Мұның барлығы жастардың бағдарлама туралы хабардар екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар, жас ұрпақтың прагматизм мен эволюциялық даму, сананың ашықтығы мен білімге құштарлық бойынша әлемдік тенденцияларының толқынында екені «Рухани жаңғыру» мен жастар арасындағы сабақтастықтың тағы бір дәлелі деп ойлаймын.
— «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында ұйымдастырылған қандай жобаларды жастар үшін пайдалы деп атап өтер едіңіз?
— Қазіргі таңда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы бірқатар жобаны сәтті іске асыруда. Атап айтқанда, жастар арасындағы өзекті мәселелерді сараптамалық талқылау бойынша «Jastar: Ózekti másele» жобасы, студенттер мен жас мамандарды жастар саласын зерттеуге тарту бойынша «Zertteý» жобасы, жастарға қызмет көрсететін орталықтардың қызмет сапасын арттыруға бағытталған «Jastar belgisi» жобасы және т.б. бастамалар қолға алынды. Әр жобаның өзіндік мақсаты, міндеттері мен күтілетін нәтижесі бар.