Сұлтандар мен билердің көзқарастары назар аударуға тұрарлық емес. Өйткені бүкіл ұлттың мүддесі қай жағынан алып қараса да, жекелеген топтың пайдасынан басым тұруы қажет.

Тағы бір айта кететін жай, Азияның бұл бөлігінде (Орталық Азия — ред.) несториандық және монофизиттік діни конгрегациялар өте көп болған, ал Ыстықкөлде каталондық карта мәліметіне қарағанда, сириялық якобиттердің ғибадатханасы болыпты. Христиан дінінің мұнда кең таралғаны сондай, ол бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшыраған.

Біздің боз даланың аздап көңілсіздеу екені рас, бауырым, дегенмен, түк істемей керіліп жатуыңа қолайлы-ақ! Ешкім бөгет жасамайды.

Еуропада әлі күнге дейін көшпелі тайпаларды жауыз шапқыншылар және жүгенсіз жабайылар деп ұғатын жалған түсінік бар. Көшпелі моңғол мен қырғыз (қазақ) туралы түсінік дөрекі әрі малға тектес варвармен тығыз байланысты. Ал осы варварлардың басым бөлігінің жазбаша не ауыз әдебиеті, дастандары бар.

Шығысқа  қарай  барған  сайын жер  құнарлана  түсетін сияқты,  қайсақтардың өздері  шығыстағы  жерлерді  өте  мақтайды.  Іленің  орта  ағысы  Сібірдің  солтүстік  жеріне  қатты ашық,  оның арғы  тек аласа Шолақ  жотасы және  Арқарлы мен  Малайсары  таулары көрініп тұр. Ал  Алтын Емелден жоғары Ілені  солтүстіктен Кіші  Алатаудың  қарлы  жотасы мен  оның шығыс сілемдері  қалқалап  тұр.

Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, этникалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарының, әсіресе, славяндардың осы тектес шығармаларымен бір сарындастығына қайран қалдым.

Сұлтан болуды ұйғарып отырмын. Өйткені отандастарыма пайдамды келтірсем, оларды шонжарлар мен байлардың озбырлығынан қорғасам деймін. Әрі мен бәрінен бұрын жерлестеріме білімді басшының қаншалықты пайда келтіретінін өзім арқылы көрсеткім келді.

Өздеріңіз (әкесі Шыңғысқа жазған хатынан – ред.) жүрерде маған бұйырған едіңіз – ақшаның қанша шыққанын жазып тұр деп. Һар нешік. Сіздерге жалған айтып болмас, әуелгі жыл білмеген шаһар көбірек шықты: киім қылдырдым, форма сатып алдым, көйлек, дамбал, падшаға «представить» еткенде, ұлықтарға асқа барғанда кәретемен жүрмек керек, һар нешік, бұ күнде һам шықты. Жалование формуляр список келгенше берілмейді, қашан келерін хұда білсін. Бірнеше күн ақшасыз отырып, көп хажелет көрдім. Өзіңіз білесіз, бұ шаһарда ақшасыз адам аштан өледі, әзер-әзер екі жүз теңге займға алдым. Енді бұ хатты алғаннан кейін азырақ ақша жіберсеңіз жақсы болар еді. Мен Сіздерден сұрауға ұяламын, сұрамай, болмайды. Борыш қылсам, мұнан да жаман.

Біздің халқымыз бай әрі поэтикалық тұрғыдан мазұнды әдебиетке ие. Ол (әдебиет) шығыс шығармаларына емес, үндігерман эпостарына жақынырақ.

Көппен жалғыз алысуға шама келмесіне көзім жетті, шындық қанша нұрлы болғанымен, адасқан ақылға сәуле түсіре алмайды екен, уақыттың өзі соған себепкер болса, амал бар ма?

Тайпалық организм жағдайында оны қоршаған орта, ауа райы, жер жағдайы бірінші кезекке қойылуы керек, себебі адамның ояну сезімі, керекті физикалық құбылыс пен әлеуметтік жағдайдың біртұтас әсеріне байланысты емес пе?

Халықтың қалыпты дамып, өсуі үшін ең алдымен бостандық пен білім керек. Бұдан келіп шығатыны, бәрінен бұрын оқу қажет.

Көшпелі тайпалардың және жазу-сызуы болмаған жалпы халықтың тарихи фактілерге емес, жартылай ертегіге ұқсас аңызға негізделген, сонымен бірге бізге тек қытай мен шығыс тарихшыларынан алынған, біріне-бірі қайшы, бұлыңғыр түрде жетуде, осылайша олардың көне заманғы тағдыры талай сыр түйген жұмбақ күйінде қалуда.

Бүркітпен, мылтықпен, итпен аң қағу сияқты ермек түрлерімен шұғылдануға болар еді. Бірақ бұған сайтан алғыр денсаулығым жарамайды. Жатасың да қоясың.

Халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа. Саяси реформалар қажетті экономикалық реформаларды жүргізу құралы ғана, себебі әрбір жеке тұлға және тұтас адамзат қоғамы ең басты мақсатқа — өзінің материалдық әл-ауқатын жақсартуға ұмтылады, даму дегеніміз осы.

Қазір Шығысқа еліктейтін мұсылмандық ескілік пен орыс мәдениетіне еліктейтін жаңашылдық арасында бірден байқала қоймайтын, бірақ өте күшті күрес жүріп жатыр.

Бүкіл әлемді оның барлық кереметімен тануға, адамның өмірі мен өлімі туралы құпияны ашуға деген талпыныс шамандықты — бүкіл әлемді және табиғатты сүю, өлген жандардың аруағын қастерлеуді туғызды.

Қашқардың ауа райы денсаулығыма жағар ма еді деп те ойлаймын. Оның сәті түспесе өзіміздің өлкеде жүрсем де жаман болмас еді. Шаруашылықпен, саудамен айналысамын, ал сайлаудан өтсем, адал шенеунік ретінде өз туған-туыстарыма сауатсыз да, дөрекі сұлтандарға қарағанда едәуір пайдам тиер еді.

Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір маңызды оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмтылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен.

Менің туыстарым… көптеген ұлттық та, таптық та ескілік шырмауында. Әсіресе, бірбеткейлік, даңққұмарлық бірден көзге шалынады. Осыдан-ақ олардың өздері туралы, өздерінің ақылдылығы туралы және басқалар туралы жоғары пікірде болатыны түсінікті. Әр түрлі ақыл-кеңестер немесе дау-дамай олардың менмендігін тек тітіркендіреді және қасарушылықтарын нығайтады.

Барлық заң шығарушылар мен реформаторлардың қоғамға пайданы көздеп келгені және көздейтіні күмәнсіз, бірақ қоғам дамуына пайдалы, зиян деген түсінік әр ғасырда әртүрлі болды.

Достоевскийлер не істеп жүр? … Журналдарының жағдайы қалай? «Жалғасы бар» деулеріне қарағанда, жақсы болу керек. Өз арамызда айтқанда, мен солардың негізін, халықшылдығын жөнді ұқпаймын, біресе славяншылдықтың иісі аңқиды, біресе шектен асқан батысшылдықтың иісі шығады. Бітісу байқалмайды немесе бітісу қолдарынан келмей жүр. Менің ойымша, екінің бірі, не батыс үлгісімен түбірінен қайта құру керек, не ескіден айырылмай, тіпті ескі сенімнің өзін де пайдалану керек. Қытайлар секілді «ортаны ұстану» енді жарамайды.

Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған.

Омбының өсек-аяңы мен алауыздығы әбден жирендіріп болды, шынымен-ақ осы жерден кеткім келеді. Сіз бұған қалай қарар едіңіз? Ақылыңызды айтыңызшы, Федор Михайлович. Не істегенім жөн?

Жергілікті сұлтандармен және қара сүйек қазақтардан шыққан байлармен қазір аразбын. Мен оларға жалшыларды жақсы ұстаңдар, еңбек ақысын дұрыс төлеңдер дегенді талай рет талап еттім. Мен даланың пролетариатымен жақсы доспын, өйткені бір-бірімізді жақсы ұғамыз.

Қазаққа басқа геометриялық пішіндерден гөрі шаршы (квадрат) көбірек ұнаса керек. Өйткені, ол үшін — зат неғұрлым ауқымды болса, соғұрлым маңыздырақ көрінеді. Сондықтан да, әдетте, атақты Һәм бай қазақтардың қабірінің үстіне осындай ескерткіштер тұрғызылады.

Қажыдым,  күшім  бітті, қан-сөлім кетіп,  құр  сүйегім ғана қалды,  кешікпей  жарық  дүниеден кетермін. Менің  аяулы туыстарым  мен  достарыммен  көрісуді  тағдыр  жазбай  тұр. Бұл  менің  ең  соңғы хатым. Қош  болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым.

* * *

Материал shoqan.kz, ult.kz, qamshy.kz, abai.kz, dala.kz, bilim-all.kz сайттарында жарияланған сұхбаттар негізінде әзірленді.