Ағаш кесуге қандай жағдайда рұқсат беріледі?

Ағаш кесуге ресми рұқсатты Алматыда Жасыл экономика басқармасы береді. Оның қабығы алынса, шіріген немесе қурап қалса, діңінің қисаю бұрышы 45 градустан артық болса, жылу немесе электр құбырына жақын тұрып кедергі келтірсе ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар арнайы құрылыс жүретін ауданды босату мақсатында ағашты кесуге, бұзуға болады.

Қалада ағаш кесу үшін Жасыл экономика басқармасының шешімі мен ағаш кесу туралы арнайы рұқсаты болуы керек. Ағашты кесу, сирету жұмысына осы басқарма жауапты және бұл жұмысты қажет болған кезде басқарма өзі орындайды. Жалпы жасыл-желекке қатысты барлық норма мен ереже Алматыда жасыл-желекті күтіп-ұстау ережелерінде жазылған және ол ақпарат ашық. Кез келген уақытта оқып, танысуға болады, — дейді экологист Әлия Эрмакбаева.

Ағашты заңсыз кесу оқиғасының қалай алдын аламыз?

Еске салайық, 23 қарашаға қараған түні Алматыдағы Төле би даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысындағы 13 ағаш кесілді. Қоғам белсенділері бұл мәселеге бейжай қарамады. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш кесілгеніне назар аударып, қала әкіміне тапсырма берді. Шамамен 9-10 емен мен екі қарағаш кесілген. Емен — Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктің бірі. Әлия Эрмакбаеваның айтуынша, біз куә болып отырған оқиға қайталанбауы үшін Қызыл кітапқа енген өсімдікті, қала орталығындағы ағаштарды заңсыз қиратқан қылмыскерге өте қатаң жаза тағайындау керек.

Жаза қатаң болғаны соншалық «экология қылмысына» бару, оны қайталау мүмкін емес болатын жағдайға жеткізу керек. Ағашты кесе салғысы келген адам оның жазасын, өзінің бас бостандығы мен өмірін ойлап, райынан қайтатындай болуы керек, — дейді ол.

Маманның пікірінше, ағашқа, өсімдікке, жалпы қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін халықтың да экологиядан хабары көп болғаны, түсінігі жоғары болғаны тиімді.

Мысалы, бір ағаш жылына 90-120 келіге дейін оттегі өндіретінін көп адам білмейді. Бұл — үш адамның бір жыл бойы тыныс алуына жететін оттегі көлемі. Сонымен бірге ағаш ауадағы шаң мен ұсақ бөлшектерді өзіне сіңіреді. Өсімдік — табиғи фильтр. Осындай ақпаратты халық білсе, жасыл-желекке қатысты негатив оқиғалар азаяр еді. Дегенмен қоғам белсенділерінің осы мәселені көтеріп, ат салысып жатқанының өзі көңіл қуантады. Бірте-бірте біз тұратын жердің экология жағдайы өзімізге тікелей байланысты екенін түсініп келеміз, — дейді экологист.