Жазда Алматы экологтары бұл аймақтағы ағаш жапырағының ерте сарғаятынын айтты және оның себебін қоршаған ортаның бүлінуімен түсіндірді. Оның үстіне қаладағы жол мен тротуардың кесірінен кей ағаш тамырын кең жайып, өсе алмайды екен.

Қураған жапырақты өртеудің зияны қандай?

Күз келген соң жапырақ мәселесі қайта көтеріле бастады. Себеп – қураған жапырақты жинап, оны қаланың ортасында өртеу. Әлия Эрмакбаева мұндай өрттен шығатын түтіннің денсаулыққа зиян екенін былай түсіндірді:

  • Біріншіден, өртенген жапырақтан тұншықтырғыш газ бөлінеді. Ол оттегінің организм тініне түсуіне кедергі келтіреді.
  • Екіншіден, өртенген жапырақтан бензопирен бөлінеді. Ол жылдан жылға ауада жинала береді де, белгілі бір концентрацияға жеткенде, онкология ауруларының, қатерлі ісіктің көбеюіне әсер етеді.
  • Үшіншіден, бықсып жатқан жапырақтан диоксин бөлінеді. Ал диоксин – адамзатқа аса қауіпті, улы газ.

Мысалы, бір тонна жапырақты өртегенде, ауаға шамамен 30 келі зиян зат бөлінеді. Жапырақ жанғанда шығатын көмірқышқыл газы мен азот оксидіден бронхоспазм пайда болады. Бронхоспазм – түтіннен адамның тұншығып, жөтелуі. Кейін бұл түрлі аллергияның пайда болуына және иммунитеттің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Дәрігерлер де далада от жаққанның темекі тартқаннан жүз есе зиян екенін айтып жүр, – дейді Әлия Эрмакбаева.

Маманның сөзіне қарағанда, далада жапырақты өртеу тек адам мен жануарға емес, атмосфераға, су мен топыраққа да зиян. Өрттің өзі қауіпті. Жел тұрса, ол бақылаудан шығып, айналаны отқа орауы мүмкін. Осының кесірінен сирек кездесетін жануар мен жәндіктер жойылып, экожүйе бұзылады.

Қураған жапырақты неге пайдалануға болады?

Сарапшы өсімдіктің қалдығын өртемей, оны қордалап, топырақты құнарландыруға пайдалану керек екенін айтады. Осылайша топырақты жасанды емес, табиғи жолмен жақсартамыз.

Сонда адам өзіне, жақындарына, балалар мен қарттардың денсаулығына зиян келтірмейді. Өзі тұратын жердің экожүйесіне, жан-жануары мен жәндіктеріне, су мен топыраққа жауапкершілікпен қарайды. Оның үстіне өсімдік қалдығы арқылы топырақты табиғи жолмен құнарландырады. Экология деген – өте кең ұғым, ол біріншіден өзімізге, сосын тұратын жерімізге жауапкершілік алудан басталады, – дейді сарапшы.