Басты бетҚоғамТүркістанда балалар...

Түркістанда балалар туризмін дамыту мақсатында «Тірі сабақтар» жобасы жүріп жатыр

Негізгі мақсат — мектеп бағдарламаларын визуализациялау арқылы мектептен тыс жерлерде экскурсиялық сабақтар өткізу арқылы туризмге деген қызығушылығын арттыру.

Негізінен пилоттық жоба ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысында жүзеге асырылды. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде пилоттық жоба үшін экскурсия әдістемесі мен бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ, мектеп пәндері мен сабақ тақырыптары анықталған.

Ал, Түркістан облысында экскурсия өткізу үшін тарих пәнінен (6-сынып) «Түркістан-XII-XV ғасырлардағы Қазақстанның рухани және материалдық мәдениетінің орталығы» тақырыбы таңдалған. Экскурсиялық сабақ облыс орталығындағы тарихи-мәдени және архитектуралық ескерткіштер шоғырланған «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында өткізілді.

Түркістан облысының туризм басқармасы ұйымдастырған шараға Кентау қаласы мен Отырар ауданынан келген 100-ге жуық оқушы қатысты. Жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуді көздейтін танымдық саяхат білімгерлердің туған елдің көрікті жерлері туралы мәліметтерге қанығып, білімдерін кеңейтуге мол мүмкіндік сыйлады.