Нұр-Сұлтандағы жарылыс: 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Олардың бірі аса ауыр жағдайда жатса, екеуі ауыр жағдайда.

№1 және №2 көпсалалы ауруханаларға барлығы 23 адам жатқызылған. Ал жеңіл жарақатпен келген 11 адам амбулатория емін алуға жіберілген.

Негізінен науқастар түрлі дәрежедегі термиялық күйікпен, орташа деңгейдегі улы газдан уланумен, жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Бір науқас жамбас сүйегінің жабық сынуымен травматология бөлімінде жатыр. Қалғаны комбустиология бөлімінде. Олардың жағдайы орташа ауыр, асқынусыз, — деді ведомстводағылар.

Еске салайық, 21 қарашада Нұр-Сұлтандағы дәмханада газ баллоны жарылды. Салдарынан асүй бөлмесіндегі шатыр опырылған. Жарылыстан ғимаратта болған әйел ауруханада қайтыс болды. 35 адам жарақат алып, 23 адам ауруханаға жатқызылды. Қала әкімі Алтай Көлгінов марқұмның отбасына көмек берілетінін айтты.