Басты бетБілімАсхат Аймағамбетов:...

Асхат Аймағамбетов: Біздің балалар оқыған мәтінді нашар түсінеді

Министр PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отырғанын жазды.

PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке орай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл — бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе. Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл — шын мәнінде үлкен проблема. Бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет.

Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз. Білім және ғылым саласына қарасты 7 096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде 6461, колледждерде 579, жоғары оқу орындарында 56, сонымен бірге Республикалық ғылыми-педагогика кітапханасы жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры — 267 325 289. Саны, әрине, көңіл көншітерлік. Дегенмен, олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э.Берроуз, А.Азимов, М.Твен, Ж.Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба? Бұл тұрғыда айтарлықтай проблемалар бар, — деп жазды министр.

Ведомство басшысы кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұратынын, ал көркем әдебиет саны аз және олардың басым бөлігі кеңестік кезеңде пайдаланылған идеология сипатындағы кітаптар екенін айтты. Әсіресе, қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет  жоқтың қасы.

Көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материал-техника және ақпарат базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданады. Ұлттық білім академиясы әдебиет, тіл институттарымен, «Оқулық» орталығымен, Ұлттық ғылыми кітапханамен, НЗМ, БИЛ бірлесіп ұсынылған әдебиеттер тізімін құруға кірісті. Жоба шеңберінде қазақ әдебиетінің де, қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің де қолжетімді болуына ерекше назар аударамыз. Одан өзге кітапханаларды ғылыми фантастика жанрындағы кітаптармен қамтамасыз ету де маңызды, — деп жазды Асхат Аймағамбетов.