Басты бетМедицина"Өзгеше болмақ"....

«Өзгеше болмақ». Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны туралы

Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшысымен, қала және облыс әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинады, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренді.

Осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтардың пандемияға деген көзқарасы өзгерді.

Пандемияның екінші толқыны көп белгісі бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл дүниежүзі «COVID теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет — көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, — деді Мемлекет басшысы.