Басты бетҚоғамҚазақстанның Таулы...

Қазақстанның Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысты мәлімдемесі

«Әзірбайжан Республикасы президентінің, Армения Республикасы премьер-министрінің және Ресей Федерациясы президентінің Таулы Қарабақ қақтығысы аймағындағы атысты және барлық әскери іс-қимылды тоқтату туралы мәлімдемесін жоғары бағалаймыз.

Қол жеткізілген уағдаластықтар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес келеді және Таулы Қарабақ проблемасын реттеу үшін негіз бола алады.

Осы келісімге қол жеткізудегі Ресей Федерациясының сындарлы ролін және оның уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға бағытталған бітімгершілік күш-жігерін ерекше атап өтеміз.

Осы күрделі кезеңде әзербайжан мен армян халықтары берік бейбітшілік пен келісім орнату, өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сенімді іргетас қалауға ұмтылатындарына үміттенеміз», — делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Facebook-тегі парақшасында 10 қарашада түнгі сағат 01.00-ден бастап Ресей және Әзербайжан президенттерімен Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын жазды.