Әйгерім Жақсылық, ветеринар:

Әйгерім Жақсылық
Әйгерім Жақсылық. Фото жеке архивінен

Жасөспірімдердің күшікті азаптаған видеосын соңына дейін көре алмадым. Меніңше, адекват адам жануарларды ешқашан қорламайды. Мұндай қылмысты ешқандай жолмен ақтай алмаймыз.

Алматыда үй жануарын серуендету ережесі бар. Ол 2018 жылдың басында қабылданды және ол жануарды күтіп-бағуға жауапкершілікті арттыруды көздейді. Ереженің қайта қарауды қажет ететін тұсы әлі бар, бірақ мәселе мұнымен шешіле қоймайды. Бізде жануар асырау құқығын реттеп отыратын ешқандай ұйым жоқ. Елімізде кез келген адам қалаған кезде ит-мысық асырап алып, қызық болмай қалғанда одан құтыла салады. Мұндайда жануар иесі жауапқа тартылмайды. Сондықтан дүниежүзінің, соның ішінде Батыс елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, жануар асырап алатын адамға тиісті жауапкершілік жүктейтін арнайы құжат берілуі керек. Осылайша жануарды шын асырағысы келетін, жақсы көретін адамға көбірек мүмкіндік беріп, оны жай қызық көретіндерге талапты қатаңдатамыз.

Еуропа елдерінде жануарды сақтандыру ісі жақсы жолға қойылған. Оған жануардың бір жылғы емі, профилактикасы – бәрі кіреді. Неге осындай әдісті бізге де енгізбеске? Мемлекеттің араласуынсыз ветеринария мен мал шаруашылығы мәселелерін реттеу, жануарды аяусыз қорлауды доғару мүмкін емес. Жануарларды қорғайтын арнайы заң қабылдануы керек.

Сәкен Нұрқабекұлы, саясаттанушы, “Ecosofy немесе Киелі табиғат” кітабының авторы:

Сәкен Нұрқабекұлы
Сәкен Нұрқабекұлы. Фото жеке архивінен

“Ecosofy немесе Киелі табиғат” кітабын жазардан бұрын “Жануарларды ермек қылып, азаптау, содан лəззат алу психологиялық ауытқу ма, бұл бұрын да жиі болып, ақпарат технологиясының əлсіздігінен көмулі жатты ма, əлде қазір шынында қатыгездік көп пе?” деген сауалдарға жауап іздедік, қариялардан да сұрадық. Үлкен кісілердің пікірі “Қазіргі адам қатыгезденіп барады” дегенге саяды. Бұрынғының адамы өзіне, малына қауіп төнбесе, жануарға бейсауат тиіспеген. Малды да еті үшін баптап өсірсе де, кешірім сұрап барып бауыздайды, яғни агрессиясыз сояды. Аңшылар да бұрын өзіне қажет көлемде ғана аң аулаған. Артық алғанды “кие ұрады” деп сенген. Əр жануардың желеп-жебеуші əулиесі, пірі болады деген түсінік табиғатты киелендіру үшін жасалған. Қой айдап жүрген бала малды тепсе, оның бұл ісін үйіндегілер жай қалдырмайтын. Ата-əжелер хикая, аңыз айтып, малды неге тебуге болмайтынын түсіндіретін.

Бала жəндікке қатыгездік жасап, оны азаптап, ойнап отырса, бұл – ата-ананың алаңдауына үлкен себеп. Ересектер күллі тіршіліктің киесі болатынын аңыз, қиссамен айтып бермесе, соңы жануарларды азаптауға ұласады. Мəселенің бəрі бала кезде құмырсқа төбелестіріп, жаралы кептерді жұлқылап ойнап отырғанда басталады. Балаға “Оның да жаны бар, жəндікті азаптауға болмайды” дегеніңіз ақыл емес, бұл – мораль. Ал ХХІ ғасырдың баласына мораль өтпейді. Бала “Неге болмайды?” деп сұраса, үлкендер “Болмайды деген соң болмайды” деп жауап береді. Кейбірі “Өзіңді біреу осылай азаптаса, жақсы ма?” деп зекиді. Осымен бітті. Асылында балаға сол жəндіктің, жануардың киелі екенін көрсететін аңыз-қисса, ертегі айтылуы керек. Үнемі мазмұнға бай қиссаларды естіп өскен бала табиғатты, күллі тіршілік иелерін киелі жаратылыс ретінде көреді.

Бүгінгі бұл дағдарыс шектен тыс рационализмнен, прагматизмнен, профанациядан, затшылдықтан, ескінің бəрін қоқысқа тастай салудан туып жатыр. Оның салдарын тек үй жануары мен түздегі хайуан көріп жатқан жоқ. Таяқтың бір ұшы адамның өзіне де тиіп жатыр. Əйелін өлгенше сабау, көшеде себепсіз төбелесу, баласын далаға тастау, қартайғанда əке-шешені үйден қуу, өзге тұрмақ, өзін де жетістірмей, өмірін оп-оңай қиып, суицид жасау – бəрі адамның, қоғамның құндылықтардан айырылғанының көрінісі, “әуелі ішіп-жем, экономика керек” деген ұстанымның салдары, бірақ не нәрсеге де ешқашан кеш емес. Қоғам түзелуі үшін көп нəрсенің қажеті жоқ. Адам бойындағы мейірім, жауапкершілік, уəдеге беріктік, жомарттық, адалдық деген сияқты болмыстан шығатын санаулы қасиетті қайтару керек. Ол үшін қайтадан ескі құндылықтарға жүгінуге, оны жаңашалап, қайта тұтуға тура келеді.

Ақбота Әлімбай, психолог, педагог:

Ақбота Әлімбай
Ақбота Әлімбай. Фото жеке архивінен

Балаға отбасында немесе достары арасында қысым жасалса, ол үшін агрессия қалыпты жағдайға айналады. Мұндай баладан агрессияны оңай күтуге болады. Себебі, біріншіден, ол көргенін қайталайды, екіншіден, әлсіз емес екенін дәлелдеу үшін өзінен осал жанға күш көрсетеді. Бала себепсіз агрессия көрсетпейді. Ашу-ызаның қайдан шыққанын анықтап, оған психологиялық көмек беру қажет. Демек баланы ұрып жазалау – үлкен қате.

5-6 жастағы бала жануарға зәбір көрсеткенде оған зияны тиетінін білмеуі мүмкін. Ал бұл жас шамасынан асқан баланың мұндай іс-әрекетін қатыгездікке жатқызуға болады. Мұндай жағдай баланың болашағына әсер етпей қоймайды. Бала жан-жануарды қорлайтын әрекетке бармауы үшін әуелі ата-ана өзі үлгі болуы керек. Ересектер балаға қоршаған ортаны сурет, кітап арқылы немесе зообаққа апарып таныстырып, оған уақыт бөлуі керек. Мүмкіндігінше үй жануарын асырап, оған қамқорлық жасауды үйрету де артық болмайды. Баламен түрлі жануар ролінде ойын ойнау да жақсы көмектеседі. Арасында табиғат, жануарлар әлемі туралы фильм көрсету керек. Баласына немқұрайлы қарамайтын ата-ана оның бос уақытты қалай өткізетініне мән береді.

Айгүл Имбергенова, “Аяныш” жануарлар құқығын қорғау қоғамдық қорының президенті:

Айгүл Имбергенова
Айгүл Имбергенова. Фото жеке архивінен

Кейінгі кезде Қазақстанда тұрғындардың жануарларды қорлауы, шынымен де, жиілеп кетті. Оның видеоға түсіп, желіде тарамағаны қаншама?! Мұндай қылмыс жасаған адамды 30 тәулікке қамап, қоғамдық жұмысқа жегу аз болады. Оларды да басқа қылмыскерлерді жазалағандай түрмеге отырғызу керек. Мемлекет жануарды қорлауды қылмыс деп қабылдамаса, жағдай ушыға беретінін түсінуі керек. Ит-мысықты азаптап, оны өлтіріп, кейін сол үшін кешірім сұрай салу біздің қоғам үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Бүгін итті өлтірген жан ертең адамға зәбір көрсетпесіне кім кепіл?! Ең сорақысы – жануарларды қорлап жүргендердің арасында балалар бар.

Мемлекет жануарды аулау мен атып өлтіру үйсіз жүрген жануардың санын азайтпайтынын түсінуі керек. Далада жүрген жануарларды тіпті балалардың көзінше ұстап әкетеді. Бұл баланың психикасына әсер етеді. Негізі ешқандай тұқымға жатпайтын жануарды атпай-ақ, оған стерилизация жасауға болады. Бізге жануарларды қорғайтын заң керек. Бұл тек жануарды қорғауға емес, баланың бойындағы қатыгездікті жоюға көмектесер еді. “Аяныш” жануарлардың құқығын қорғау қоғамдық қоры да жануарларға адамгершілікпен, жауапкершілікпен қарауды, жануардың азапталғанын көрген адамдарды қолдауды көздейді. Қазір біз биліктен жануарларды қорғауға қатысты заң қабылдауды талап етіп жатырмыз. Петицияға Zakonanimal.kz сайтына кіріп, қол қоюға болады.

Қазір жануарларды қорғау мәселесіне осы сала мамандары ғана емес, тұрғындар да қызыға бастады. Биыл Волонтер жылы болып жарияланғандықтан жануар атаулыны қорғауға атсалысқысы келетін азаматтарды қоғамдық жұмысқа шақырамын. Елімізде жануарларды қорғау ұйымдары өте көп. Олардың әрқайсына қаржылай көмек пен қосымша күш керек. Барлық отбасының үй жануарын асырауға мүмкіндігі бола бермейді, бірақ әр отбасы айына бір рет жануарларды уақытша асырайтын мекемеге балаларымен келіп, бірге уақыт өткізе алады.

Елімізде кейінгі кезде тіркелген жануарды қорлау деректері: 

1 мамырда Алматы облысындағы Жетіген ауылының орталық саябағында бәзбіреулер екі итті ағашқа асып, өлтірген. Асылып тұрған иттерді балалар көрген.

27 мамырда Алматы тұрғыны көшеде екі жігіт оның иттерін тепкілегенін айтып, шағымданды. Жігіттердің біреуі иттеріне араша болған қыздың көзінен жұдырықпен ұрған.

31 мамырда Атырау маңында екі адамның көшедегі иттерді атқан видеосы тарады. Кейін зообелсенділер ол екеуінің біреуі ветеринария станциясында жұмыс істейтінін анықтады.

1 маусымда әлеуметтік желілерде Атырау облысындағы Еркіндала ауылы тұрғынының видеосы тарады. Ол өз итін әуелі қылғындырып, кейін басын ескі тоңазытқыштың есігіне қысқан.  

2 маусымда Петропавл тұрғыны өзінің итін төртінші қабаттан лақтырып жіберген. Әйел сол кезде мас болған.

4 маусымда Қарағандыда белгісіз біреулердің мысықты қан жоса қылып өлтіргені белгілі болды. Тұрғындар подъезден мысықтың өлексесін көріп, полицияға шағымданды.

5 маусымда Алматы облысы Қабанбай ауылының 15 және 16 жастағы тұрғындары күшікті тірідей өртеп, оны видеоға түсіріп, желіде жариялады. Кейін олар мұндай әрекетті ермек үшін істегенін айтты.

7 маусымда Атырау облысының Көктоғай ауылында жергілікті тұрғын көршісінің итін ұрып өлтірген.