«Экология мәселесін шешуді мемлекет қолға алуы қажет»

Өзбекстаннан, Түрікменстаннан және Әзірбайжаннан келген ғылыми кеңесшілер жердің құнарсыздануына қарсы қандай шара қолданып жатқандарын айтты. Әзірбайжанның Табиғи ресурстар, энергетика және экология комитетінің өкілі Шамиль Гусейновтің айтуынша, мемлекеттен қаражат бөлінбей экология мәселесін шешу қиын.

Жердің тозып, шөлейттенуі — Орталық Азия үшін үлкен проблема. Егер мемлекеттік және жеке ұйымдар араласса, бұл проблема шешімін табуға жақын тұр. Мемлекеттік органның өкілі ретінде бұл мәселе биліктің араласуына, қандай да бір шешімді халықаралық ұйымдардың келісімімен жасауға зәру дер едім. Заңды да қайта қарау керек. Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамның білімді болғаны дұрыс. Осы ретте халықаралық кездесу мен басқосулардың орны бөлек, — дейді Шамиль Гусейнов.

10 жыл бұрын Әзірбайжан шаруалары барлық салықтан босатылған. Олардың қатарында омарташылар да бар.

Шамиль Гусейнов
Шамиль Гусейнов. Фото: Infores.kz

Әзірбайжанда қаржыландыру жағынан проблема жоқ. Тек Ұлттық кеңес құруды қолға алмақпыз. Кеңес әр адамның химиялық қоспаны қанша мөлшерде қолданып жатқанын бақылау үшін қажет, — дейді ол.

Түрікменстанның жері тұзды

Сұлтан Вейсов — Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ғылыми кеңесшісі. Оның айтуынша, Түрікменстан халқы тек құрғақшылықтан емес, топырақтың тұзды болуынан да зардап шегіп отыр.

Бізде жердің құрғауы ғана емес, оның тұзды болуы да — үлкен проблема. Проблема деп отырғаным мынау — тұзды топырақ табиғи жолмен пайда болып жатқан жоқ. Сондықтан мұнымен күресу қиын, тұз қайта шығады. Осы тұста Түрікменстан жаңа технологияларды қолдануды көздейді, — дейді Сұлтан Вейсов.

Түрікменстанда бюджет қаражатының 15-20%-і қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады.

Біздің жеріміздің 80%-і құрғақ. Оның үстіне соңғы 20 жылда климат та өзгеріп жатыр. Мұндай кезде қуаңшылықпен күресу екі есе күшейеді. Шөлейтті жерлер экожүйенің ландшафты екенін ескеру керек. Шөлді жерлерде өмір сүретін халық бар. Олар көп және табиғатпен үндестікте өмір сүріп жатыр, — дейді ғылыми кеңесші.

Султан Вейсов
Султан Вейсов. Фото: Infores.kz

«Заңды күшейткенмен проблеманы шеше алмаймыз»

Түрікменстан өкілінің айтуынша, заңды қатайтып, жердің тозуын тоқтата алмаймыз.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Түрікменстан мұндайға көп қаражат жұмсады. Жердің құнарлығын табиғи жолмен қалпына келтіру үшін сексеуілді кеспейтін болды. Халықты газбен қамтамасыз етті, — дейді ол.

«Ара жоғалса, адамзат жоғалады»

Ал Өзбекстанның Омарташылар қауымдастығының төрағасы Шерали Суяркуловтың айтуынша, жердің тозуын химиялық қоспаларды қолданбау арқылы жақсарта алмаймыз.

«Ара жоғалса, адамзат жоғалады» деген сөз бар. Әсіре айтылса да, араның өнім алудағы, егіншіліктегі ролін айқындап тұр. Әлемде адам саны көбейіп келеді, ал жер өспейді. Адам көбейген соң егін егетін жердің де жылдан жылға қажеті артады. Сондықтан оларды игеру процесі күшейеді. Ал бұл тәсіл химиялық қоспаны көп қолдануға себеп болады. Осылай параллель түрде жабайы ара, көбелек, шыбын сияқты егінге пайдалы жәндіктерді өзіміз жоямыз. Әр үйдегі дастархан дәмге толсын, халықтың қарны тоқ болсын десек, шыбын-шіркейдің азаюын тоқтатуымыз керек. Химиялық қоспаны қолдануды шектей алмаймыз. Себебі бәрімізге азық-түлік керек. Ал бүгінге дейін химиялық қоспаны алмастыратын, орнын толтыратын нәрсе табылған жоқ, — дейді Шерали Суяркулов.

«Топыраққа қатысты заң жобасы болуы керек»

Төрағаның айтуынша, мәселені шешуге топырақтың тозаңдануына қатысты норматив құқық актілерінің болмауы — кедергі. Екінші мәселе — егінші мен омарташының бір-біріне келтіретін зияннан хабарсыз болуы.

Шерали Суяркулов
Шерали Суяркулов. Фото: Infores.kz

Өзбекстанда Президенттің жайылымды қадағалау туралы жарлығы шықты. Оған жайылымды қалпына келтіру де, мал жайылымын азайту да кіреді. Арал маңына бір қыста 550 мың гектар сексеуіл егілді. Бұл — жердің құрғауына қарсы таптырмас амал, — дейді Омарташылар қауымдастығының төрағасы.

«Қазақстан жерінің тозуына себеп көп»

Қазақстан жерінің 70%-і құнарсыз, шөлейтті аймаққа жатады. Жердің құрғауының себебі көп — эрозияның нашарлауы, жерді жайылым ретінде шектен тыс қолдану, оны заңсыз қазу, өнеркәсіп орнының қалпына келтірілмеуі және тағы басқа. Аралдың тартылуы да топыраққа әсер етеді, — дейді БҰҰ-ның Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы конвенциясының ұлттық үйлестірушісі Қайрат Үстеміров.

Қайрат Үстеміровтің айтуынша, шаруалар егін даласын жәндіктертің қажетін ескермей түрлі химикатпен өңдеп жатыр. Араның жоғалуының ең бірінші себебі – осы.

Қайрат Үстеміров
Фото: Infores.kz

Шаруаларды да түсінуге болады, олар жақсы өнім алғысы келеді. Осы тұста жәндіктерді жойып алмауды, бәрін орынды жасауды қадағалайтын, ескертетін қандай да бір мемлекеттік бағдарламаның болғанын қалаймыз, — дейді ол.

«Сексеуілді заңсыз кесу газ мәселесі шешілгенше тоқтамайды»

Топырақтың сапасын жақсарту мақсатында бірнеше аймаққа сексеуіл егіледі. Бірақ тұрғындар сексеуілді заңсыз кесіп, тұрмыста қолданады. Мұндай жағдай болмауы үшін мемлекет аймақтарға газ тартуы керек.

Арал маңына 10 мың гектар сексеуіл егілді. Сексеуіл мәселесі туралы Ішкі істер органдарымен де жұмыс істеуіміз керек. Себебі осы жылы 2800 гектарды қамтитын 224 заңсыз іс тіркелген. Өткен жылы бұл сан 300-ге дейін барған еді. Мысалы, Қызылорда мен Маңғыстау өңірлерінде сексеуілді кесу бойынша заң бұзылған жоқ, себебі ол өңірде газ бар. Ал Жамбыл облысында барлық жерде газ болмағандықтан халық сексеуілді пайдаланады, — дейді Қайрат Үстеміров.