Қуыршақтың денесі сабан, қамыс немесе шыбықтан жасалған. Қуыршақ екенін үстіндегі «киіміне» қарап қана білуге болады. Әдетте өсіп қалған қыздар қолына ине-жіп алып, шеше, әжесінен көріп, қуыршағына киімді өзі тігетін болған. Жасы кіші балаларға қуыршақ костюмын әпкесі, анасы немесе әжесі тігіп берген. Ойыншықтың костюмы кәдімгі күнделікті ұлттық киімнің дәл көшірмесі болып шығатын.

Қуыршақ қалыңдық. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Ойыншық киіміне қарай қуыршақ қыз, қуыршақ қалыңдық, қуыршақ жігіт болып кете береді. Мынау — қуыршақ қалыңдық. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жатады. Матасы мақта мен жібектен, денесі шиден тоқылған, жібі де матадан иіліп жасалған. Бойы — 15 сантиметр, басының диаметрі — 1 сантиметр, қуыршақтың ені — 2 сантиметр. Қуыршақ сол кездегі Ақмола облысына тиесілі.

Күйеу жігіт. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Бұл — XX ғасырдың басына жататын күйеу жігітті бейнелейтін қуыршақ. Денесі ағаштан жасалған. Бойы — 22 сантиметр, қолының ұзындығы — 5 сантиметр, шалбарының ұзындығы — 7,5 сантиметр, бетінің көлемі — 3,5 сантиметр. Қуыршақ сол кездегі Ақмола облысы, Петропавл уездіне тиісілі.

Қуыршақ әйел. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Кейде күнделікті киімге ұқсатылып, қуыршақтың костюмы қарапайым болып келген. Мысалы, мына қуыршақ әйелді атауға болады. Денесі шиден жасалып, матасы мақтадан тігілген. Бойы — 17,5 сантиметр, басының диаметрі — 1,5 сантиметр, ені — 1,5 сантиметр. Қуыршақ XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жатады, сол кездегі Ақмола облысының Атбасар уездіне тиесілі.

Қуыршақ қыздардың шаш үлгісі де болыпты. Жылқының жалынан бұрым етіп өріп қояды екен. Шаштың ұшына ілінген «шолпы» мыстан жасалған. Қуыршақтың бойы — 14 сантиметр, ені — 9 сантиметр , «шолпының», яғни тиынның диаметрі — 2 сантиметр.

Бұл қуыршақтың денесі ағаштан жасалған. Бойы — 14 сантиметр, иығының жалпақтығы — 3,8 сантиметр, бетінің диаметрі — 2,3 сантиметр. Қыздар үшін қуыршаққа киім тігу іс тігудің басы болған. Қолға ине алып, жіп сабақтауды кішкентай киімнен бастаған олар кейін анасынан, әжесінен көргенін істеп, тігіннің кез келген түрін іліп әкеткен.

Қуыршақ қалыңдық. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Қуыршақ қалыңдықтың бойы — 17 сантиметр, бас киімін қоса есептегенде 25 сантиметрге жетеді, иығының жалпақтығы — 5,5 сантиметр, бетінің диаметрі — 1,8 сантиметр. Қуыршақтардың киімін әшекейлеу өте күрделі болған: мына қуыршақтың мерекелік бас киімі түрлі-түсті әйнектермен, маржанның кішкене бөліктерімен, түймелермен, темір тақтайшалармен, жүн жолақтарымен, үкі қауырсындарымен әшекейленген. Көйлегі кестеленген.

Қуыршақ күйеу. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru
Қуыршақ күйеудің бойы — 24 сантиметр, иығының жалпақтығы — 3,5 сантиметр. Оны жасауға ағаш, мата, қауырсын мен жіп пайдаланылған.

Қуыршақ камзолы әйелдердің дәстүрлі сырт киімі саналатын камзолдың толық көшірмесі деуге болады. Камзолды тігуге барқыт, шыт маталар, формалы киім үшін қолданылатын жіңішке алтын я күміс оқа және жіп пайдаланылған. Киімнің ұзындығы — 11 сантиметр, иығының жалпақтығы — 5 сантиметр, қолының ұзындығы — 5 сантиметр.

Қуыршақтың кереуеті. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Қуыршақтармен ойнағанда оның «керек-жарағы» да қатар жасалған. Солардың бірі — ағаштан жасалған мынадай кереует. Биіктігі — 6 сантиметр, ұзындығы — 18,5 сантиметр, ені — 8 сантиметр.

Ойыншық кілем. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Қуыршақтың төсек-орын жабдығы, жиһазы, кішкентай киіз кілемі, қарапайым киізі, оюлы пердесі болған. Суреттегі кілем барқыт, шұға маталарынан тоқыма баумен және жіппен тігілген. Ұзындығы — 25 сантиметр, ені — 12 сантиметр.

Ойыншық жамылғы. Фото: Щенников Клавдий Васильевич/Collection.kunstkamera.ru

Қуыршақтың бар «керек-жабдығы» матадан және киізден жасалған. Оны да қыздың өзі тіккен, кейде үлкендер көмектескен. Бұл ойыншық жамылғыны да иесінің өзі тігіп алған секілді. Оның ұзындығы — 21 сантиметр, ені — 17 сантиметр.

Фото: Дудин Самуил Мартынович/Collection.kunstkamera.ru

Бұл — этнографиялық және археологиялық коллекция жинаушы Самуил Дудин түсірген фото. Дудин бұл ойыншықтарды 1899 жылы сол кездегі Семей облысы, Саумалкөл маңында түсірген екен. Фотодан кішкентай қуыршақ қыздан бастап қуыршақ әжеге дейін түрлі затты көруге болады. Тіпті ойыншық тұскиіз бен жастық, ойыншық иесінің кішкентай сөмкелері де бар.

Суреттердің бәрінде қуыршақтың бет-жүзі жоқ. Түрін адамға ұқсатып ойыншық жасауға «жан әлемді аралап жүреді және адамға ұқсас суретке еніп алуы мүмкін» деген түсінік бөгет болса керек.

Тағы да оқыңыз:

Ескі сурет: XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар