Әр ұлттың өз сипаты, ерекшелігі болады. Тереңнен тамыр тартқан тарихы, құнды мұралары ұлттық болмысын айшықтай түседі. Ал ұлттық код тілі мен ділінде, дәстүр-салты мен мәдениетінде, тілінде көрініс табады.
Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын әлем жұрты материалды емес (рухани) мәдени мұраларға (intangible cultural heritage) жатқызады. Бүгінгі мақалада әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген қастерлі құндылықтарымыз жөнінде сөз етеміз.
ЮНЕСКО мұрасы – қандай мұра?
ЮНЕСКО (UNESCO) 1945 жылы құрылғаннан кейін әлем бойынша ғылым мен білім, мәдениет саласын дамытуға айырықша көңіл бөле бастады. Құрамында 200-ге жуық мүшесі бар ұйым мәдени мұраны сақтап қалу үшін алғаш рет 1972 жылы «Әлемдік мәдени мұра» атты арнайы конвенция қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, «Әлемдік мәдени мұра» тізіміне енген әрбір нысан өзінің мемлекет аумағында қорғалуы тиіс және жаһандық деңгейде насихатталуы керек. Бұл тізімге алғашында Қазақстан атынан Түркістандағы Яссауи кесенесі мен Алматы облысындағы «Тамғалы тас» бастаған барлығы 5 ескерткіш енді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары ЮНЕСКО мүшелері бейзаттық мұраға да көңіл аудару керектігін айта бастады. Бұл мақсатты сөзден іске асыру үшін 2001 жылы ЮНЕСКО өзіне мүше мемлекеттер мен қоғамдық ұйымдар арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде 2003 жылы халық орындаушылық өнері, мереке тойлау, діни-ғұрыптар, наным-сенімдер, дәстүрлі өнер (қолөнер) жайлы білімдер, т.б. бойынша материалды емес (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясы дайындалды.
Конвенция бойынша ЮНЕСКО-ның бейзаттық мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне енген элементтер әлемдік мұра ретінде танылады. Оны әлем тарапынан да, ұсынған мемлекет тарапынан да сақтау жолдары қарастырылып, мұрагерлерді насихаттау міндеттеледі. Егер жоғалу қаупі туындаса, арнайы грант бөліп, қайта жаңғырту ісі жолға қойылды.
Әлемдік тізім
2003 жылы арнайы конвенция қабылданғаннан кейін, әлем халқы біртіңдеп өз мемлекетінде заң нормаларын конвенцияға сай лайықтай бастады. Нәтижесінде 2008 жылдан бастап жаһандық өнер мен білім адамзаттың рухани мұрасы тізіміне енді. ЮНЕСКО-ның ресми сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы есеп бойынша 127 мемлекеттен жалпы саны 549 элемент тізімге енген. Бұл қатарда АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы секілді алпауыт мемлекеттермен қатар, Камбожия, Ботсвана, Панама сияқты елдердің де мәдени мұралары бар. Мысалға, Аргентина атынан «Танго» би өнері, Мексикадан «Өлілер мейрамы», Ресейдің «Хороводы», Түркиядан «Дәруіштер биін» атап өтуге болады.
Әлемдік тізімге ену үшін бірқатар талаптарды орындау керек. Ең алдымен ұсынылған элементті ұстаушы мұрагерлердің видео және жазбаша рұқсаты қажет. Кейін элемент жайында ағылшын және француз тілінде таныстыру ролигі түсіріледі. Ең соңында арнайы анкета толтырылып, өкілетті органнан ЮНЕСКО-ның бас штабына ұсыныс хат жіберіледі. Жыл сайын (кейде жылына екі рет) ұйым мүшелері жиналыс ашып, барлық ұсыныстарды қарастырады.
Қазақстан еншісі
2011 жылы Қазақстан материалды емес (рухани) мәдени мұраларды қорғау конвенциясын ратификациялап, келесі жылы заңды түрде қолданысқа енгізді. Осы уақытқа дейін 10 элемент адамзат мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізімінде тұр.
- 2014 жыл
Қазақстан атынан екі өтінім жіберілді. Бірі «Қазақтың дәстүрлі күй өнері» (1) болса, екіншісі «Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» (2) деп аталды.
«Қазақтың дәстүрлі күй өнері» қазақтың домбырада күй тарту өнеріне арналған. Негізгі мақсаты – байырғы күй орындау мәнерді сақтап қалу. Элементтің мұрагерлері ретінде күйші қауым көрсетілген.
«Қазақ пен қырғыздың киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдылары» элементі халықаралық жоба ретінде таныстырылды. Тізімде көрсетілген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанмен қатар Қырғызстан да киіз үй құру өнерінің иесі саналады.
- 2015 жыл
Бұл жылы бір ғана ұсыныс жолданған. «Айтыс өнері» (3) мұрасын Қырғызстан мен Қазақстан бірлесе дайындап өткізген. Нақтырақ айтсақ, адамзаттың мәдени мұрасы ретінде де халықаралық өтінім деп көрсетілген.
- 2016 жыл
Бұл жылы төрт бірдей элемент (үшеуі халықаралық) тізімге енген. «Қатырма нан жасау өнері» (4) деп ұсынылған элементтің халық арасында басқаша да атаулары бар деп көрсетілген: жұқа нан, шелпек, жұқпа нан, жай нан, қамыр, пәтер, бәтер, бәтер нан, қаттама нан, қатпарлама, кұдай нан. Бұл элементті Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия бірлесіп дайындаған. Осы өнерді меңгерген барлық адам мұрагер деп танылады.
«Қазақ күресі» (5) ұлттық спорт түрі ретінде қазақ халқы арасында кең таралған деп көрсетілген. Жыл сайын әлем және Азия/Еуропа чемпионаттарымен қатар, ел ішінде «Қазақстан барысы» турнирі өткізіліп тұратыны баяндалған.
Ал «Наурыз мерекесі» (6) Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттеріне ортақ мұра ретінде көрсетілген.
Осы жылы тағы бір халықаралық жоба ұсынылды. Біріккен Араб Әмірліктері, Аустрия, Белгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Қазақстан, Корей Республикасы, Монғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания, Сирия сияқты барлығы 18 мемлекет ұжымдаса өткізген «Құсбегілік өнер» (7) материалды емес (рухани) мәдени мұра деп танылды.
- 2017 жыл
Бұл жылы Қазақстан атынан тағы бір мұра тізімге қосылды. «Асық ату» (8) деп аталатын ойын түрі ежелден қазақ даласында қолданыста болғанын және қазіргі таңда халық арасына насихаттап жүрген «Асық ату» федерациясы жайында атап өтілген.
- 2018 жыл
«Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (9) ата салтты ұстап жүрген халық білімі жайында. Анкетада көрсетілген мәліметке сәйкес, халық ішінде бұл элемент «Қымыз мұрындық», «Бие байлау», «Айғыр қосу» деп те атала береді екен.
«Қорқыт Ата: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» (10) элементі халықаралық ұсыным ретінде жіберілген. Ұсыным иелері: Әзербайжан, Қазақстан және Түркия. Өтінімде Қорқыт ата халық жыршысы, музыкант, батагөй ақсақал ретінде көрсетілген.
Маман пікірі
ЮНЕСКО мәдени мұраларды қорғауға алып, тізімге енгізіп қана қоймай, арнайы мамандарды да даярлайды. Жыл сайын Корей Республикасында арнайы курс ұйымдастырылып, эксперттер оқытылады. Бүгінгі таңда еліміздегі санаулы эксперттің бірі Назым Малибаеваның тақырыпқа қатысты пікірін білген едік.
«Әр мемлекет әлемдік материалды емес мәдени мұра тізімінен бөлек, өз ішінде де жеке тізім жасап, жыл сайын толықтырып отыруы керек. Өкінішке қарай, біз қазір бұрын жасалған тізіммен ғана отырмыз. Өзгерістер мен толықтырулар жоқ. Сонымен қатар, орталықтандырылған мекеме де жоқ. Түрлі федерациялар өз бетінше жұмыс жасап жүр. Жүйелі түрде жұмыс жасалмағандықтан, нәтиже де аз.
Мысалға, Оңтүстік Кореяны алайық. Олар алдымен провинция, кейін республикалық дейгейде тізім жасаған. Сол тізімге сай жұмыстанады. Материалды емес мәдени мұрамен айналысатын мекемелері де бір жүйемен қызмет жасайды.
Бір ғана мысал айтайын. Жонжу деген қала бар. Осы қалада орналасқан барлық мекемелер аталған мұрамен ғана айталысады. Бұл сақтау, дәріптеу, насихаттау. Керек десеңіз өзге қалалардан мектеп оқушылары арнайы келіп, білім алады. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеу ісі бір жолға қойылған. «Ұстаз – шәкірт» дейді бұл үрдісті. Бізге де осы өте-мөте қажет.
Кәрістермен қатар, Қытай мен Вьетнам да өздерінің мәдени мұраларын сақтауда көп жұмыс істеп жатыр. Сол жақтың білім мен мәдениет министрлігі мектеп жасындағы балаларға құнды мұралар жөнінде оқыту үшін сабақтан тыс қосымша білім беру дәрістерін ұйымдастырады.
Бұның бәрін Қазақстанда да жасауға болады. Бірақ материалды емес мәдени мұра туралы арнайы заң керек. Десек де біздің басты міндет өз мұрамызды ЮНЕСКО-ның тізіміне көптеп қосу емес. Қазіргі басты мақсат – мұраны сақтап, келер ұрпаққа аманаттап тапсыру», – дейді Назым Малибаева.
Иә, мәдени мұраларымызды қастерлеу, оны кейінгі ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Ұлттық болмыспен үндескен ұлы құндылықтарымыз жаңа дәуір тоғысында жаңа биікке көтерілуге тиіс. Рухани мұраларды сақтау – гуманитарлық саясат пен мемлекет тұтастығының негізі.
Рүстем Нұркенов