Күретамыр: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»
Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғайтын халықаралық транзиттік автожол тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік экономиканың ірі көзі саналады. Автобан — өткен ғасырларда (II ғ. бастап) Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасында мәдени-экономикалық байланыстың күретамыры болған Ұлы Жібек жолының заманауи баламасы. Тоғыз жолдың торабында жатқан Қазақстанның географиялық орналасуын ескерсек, жаңа ғасырда оны қайта жаңғырту еліміз үшін өте тиімді екені сөзсіз.
Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды», – деп атап өткен болатын.
Расында, Қытайдың Шианынан басталып, Шыңжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын жалпы ұзындығы 12 мың шақырымды алған керуен жолының бір бөлігі Қазақстанның ірі қалалары болған Испиджаб (Сайрам), Отырар, Тараз, Баласағұн секілді шаһарлармен өткені белгілі.
«Ұлы Жібек жолы» тек сауда мен тауар айналымының өзегі ғана болып қоймай, мәдениет пен өнерге, ынтымақтастыққа мол әсер еткен. Қолданбалы, сурет-сәулет өнерлері, музыка, тіпті әдебиет те керуен жолындағы елдермен бірге дамыды. Себебі жібек жолымен саудагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар, әншілер де сапарлап, өткен жерінде әдебиет-мәдениет, діни ілімдері, т.б. туралы айтып отырған. Бұған бір мысал ретінде Қазақстандағы ортағасырлық қалалардың орнынан табылған археологиялық жәдігерлерді айтсақ болады. Әрине, бүгінгі жаңа технологиялардың ғасырында өркениеттің дамуы басқа арнаға түсті. Цифрлық дәуірде ақпарат алмасу жылдам дамыды. Дегенмен жаңа ғасырда халықаралық автомагистраль арқылы тарихи орындарымызды жаңғыртып, туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік туды.
Осының бәрін назарға алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы 6 сәуірдегі «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі алдағы шаралар» атты № 310 жарлығының 79-тармағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізін реконструкциялау жобасын іске асыруды міндеттеді.
2007 жылы желтоқсанда Қазақстан мен Ресейдің көлік министрліктерінің басшылары арнайы келіссөз жүргізіп, екі ел арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын халықаралық дәрежеде бекітіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты мәселесіндегі экономикалық және әлеуметтік комиссиясына қарасты автомобиль жолдарының тізіміне енгізетін болып шешім қабылдады.
Елбасы 2008 жылы «Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру-мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жобаны жүзеге асыруды ел үкіметіне тапсырды. 2008 жылы 22 қыркүйекте Ресей Федерациясымен, 2009 жылғы 16 сәуірде Пекинде ҚХР Коммуникация министрлігімен автокөлік дәлізін құру жайында меморандумға қол қойылды. Ұзындығы 8 445 шақырым болатын автобан Санкт-Петербургтен басталып, Мәскеу – Нижний Новгород – Қазан – Орынбор – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – Үрімші – Ланьчжоу – Чжэнчжоу – Ляньюньган арасын жалғайды. Жолдың Қазақстандағы ұзындығы 2787 шақырым (5 облыс арқылы өтеді) болса, Ресей Федерациясында 2233, ҚХР-да 3425 шақырымды алып жатыр. Бұл жол елдер арасындағы алыс-берістен бөлек, уақыт ұту тиімділігі бойынша көш ілгері. Мәселен, осы аралықта теңіз жолын пайдалануға 45 тәулік, Транссібір темір жолы арқылы 14 тәулік кетсе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына кететін уақыт небәрі 10 тәулікте еңсеріледі.
Ғасыр автомагистралі – ғасыр құрылысы
Жаһандық қаржылық дағдарысқа қарамастан Елбасы шетелдік инвесторларды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының келешегі мен стратегиялық маңыздылығына сендіре алды. Қазақстан аумағынан өтетін жобаның жалпы құны 825,1 млрд. теңгені құрап, оның жартысын дүниежүзілік ірі қаржы инвесторлары саналатын «Еуропалық қайта құру және даму банкі», «Азия даму банкі», «Ислам даму банктері» инвестиция құйды, қалған бөлігі басқа көздерден (мемлекеттік бағдарламалар) қарастырылды. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық қаржы институттарымен қаржыландыру шарттары жасалды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде жүргізілген зерттеулер 2020 жылға қарай жүк тасымалдау көлемі 2,5 есе өсетінін, орташа жылдық жалпы экономикалық тиімділік жол жүру уақытының қысқаруынан 33,9 млрд теңгеге дейін, жол көлік апаттарының азаюынан 49,9 млн теңгеге, жалпы аймақтық өнімнің (ЖАӨ) өсуіне байланысты 82,9 млрд теңгеге артады деп күтілген. Шынында автокөлік қызметтерінің халықаралық нарығында қазақстандық жүк тасмалдаушылар үлесі үлесі 2015 жылдан қазіргі күнге дейін 40 пайыздан 47 пайызға дейін көбейді.
Мемлекетіміздің Индустрияландыру картасының ең ауқымды жобаларының бірі транзиттік автожол Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағы арқылы өтеді. Бұл бағытта ел халқының жартысы 7,5 миллиондай халық тұратынын ескерсек, бұл экономика үшін өте маңызды. Осы ретте автомагистральдің жоспарлы уақытта бітуіне сеп болған 2015 жылы Елбасы бекіткен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының ұлттық экономиканың негізгі драйверіне айналғанын ерекше атап өткен жөн. Бағдарлама аясында республикалық маңызы бар 3 мың шақырымға жуық автожол салынса, оның 527 шақырымы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралінің еншісінде.
Сапалы автомагистраль арқасында жаңа жұмыс орындары құрылды, жұмыстың 69 пайызын отандық компаниялар жасады. Құрылыс материалдары, бетон жабындары, қазіргі заманғы жол құрылысында қолданылатын материалдардың барлығы Қазақстанда өндірілді. Транзиттік жүк тасымалы артып, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды. Бес жыл ішінде еліміздің ЖІӨ өсіп, экономиканың өсімі 16 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді.
Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, автомобиль жолдарының жол бойы сервисі нысандармен қамтылуы 100 пайызды құраса, автожолдардың бойындағы 1803 жол бойы сервисінің 49 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сай.
Қытай мен Қазақстан өздеріне тиесілі 3425 және 2787 шақырым жол бөліктерін 2016-17 жылдары аяқтап, пайдалануға берді. Ал Ресейдегі жоспарланған 2233 шақырым жол әлі салынып жатыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік маршрутының ресейлік учаскесінің құрылысы жеті жылдан бері кейінге қалдырылып келеді. Бұл ретте ондағы бағыттың өзгеруі қаражаттың шамадан тыс жұмсалуына әкеп соғатыны сөзсіз. Құрылыстың кешігуі тікелей экономикалық шығындарға әкеледі», – деп есептейді Ресей Федерациясы Есеп палатасының аудиторлары.
Ал, «НГ» сарапшылары Ресей жобасы 20-35% қымбаттауы мүмкін, бірақ одан да сорақысы, маршрутты уақтылы пайдаланбау тағы да триллион рубль мен жүздеген мың жұмыс орнын қажет етуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен, Қазақстан мен Қытай бөліктерінің дер кезінде аяқталуы өз жемісін беруде.
Барыс-келіс: Қазақстан-Қытай
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда экономикамызға 300 млрд доллардан астам шет елден инвестияция тартылды. Doing Business дүниежүзілік банкінің рейтингі Қазақстан әлемдегі 10 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, отыздыққа енгенін көрсетті.
Әлбетте, Қазақстан үшін негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі – Қытай. Қазақстан арқылы Қытай және Азия елдерін Еуропамен, Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол, 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Өткен жылы Қытаймен сауда айналымының үлесі Қазақстанның жалпы сауда айналымының 12,3 пайызын құрады. 2019 жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 млрд долларға жуықтаған.
2015 жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА базасында логистикалық әлеуетті дамыту мақсатында құрғақ порт пен инфрақұрылым құрылысы салынды.
Қазақстан-Қытай шекарасында іске қосылған заманауи «Нұр жолы» өткізу пункті «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің жалғасы. Күніне 2,5 мың көлік (2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі), 15 мың адам өте алады. Оларға 100-ге жуық кеденші қызмет көрсетеді.
Қазақстан ТРАСЕКА, Солтүстік-Оңтүстік, Ортаазиялық дәліз, Трансазиялық теміржол магистралі сияқты халықаралық көлік дәліздерінің белсенді қатысушысы саналады. Бүгінде ШЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ЕЭК және БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссия, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы, СПЕКА және т. б. интеграциялық құрылымдар мен халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылған.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстырушы алтын көпір ретінде тарихты жаңғыртып, мемлекетімізді Еуразия құрлығындағы аса маңызды халықаралық көлік және транзиттік тораптардың бірі ретінде танытты.
Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы экономикалық қана табысқа жол ашпай, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерері анық.