— Бұл бағдарлама туралы ойыңыз қандай?
— Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында осы бағдарлама жүзеге асып жатыр. Жалпы бұл бағдарлама бойынша, санамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымыз бен ұлттық кодымыздан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіре білуіміз керек. Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруға тиіс. Егер бағдарлама осы мақсатта халыққа дұрыс жеткізіліп, насихаттау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілсе оң нәтиже береді деп ойлаймын.
— Дұрыс айтасыз, кейде «Рухани жаңғыру» деп науқаншылдыққа берілеміз. Осы үшін атқарылатын жұмыстың нақты тиімді не тиімсіз екенін қалай анықтасақ болады?
— Республика бойынша кез келген іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Сол себепті біріншіден бағдарламаның 6 басымдығы мен 17 арнайы жобасын оқып, дұрыс түсіну керек. Одан кейін, семинар өткізгенде жауапты мамандар ғылыми тілде емес, халыққа қарапайым тілде түсіндіре білуі керек. Екіншіден, осы семинар не басқада іс- шараларды орыс тілінде емес, өз ана тілімізде өткізсек, дұрыс болар еді. Жалпы осындай олқылықтарды жібермеу үшін мамандардың өздері алдымен бағдарламаның мақсатын жіті түсінуі керек деп есептеймін.
— Түркістан өңірінде осы бағдарлама аясында қандай мәдени не әлеуметтік іс-шаралар жүзеге асырылды?
— Қазір мәдени бағыттағы іс-шараларымыз онлайн форматта өтіп жатыр. Жалпы офлайн күйінде бұл бағыттағы іс-шаралар тоқтап тұр. Ал әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар облыс көлемінде жоғары деңгейде өтіп жатыр. «Туған жер» арнайы жобасының аясында облысымыздан шыққан кәсіпкерлер мен ел азаматтары көмекке мұқтаж жандарға баспана, азық-түлік, қаржылай әлеуметтік көмек пен түрлі нысан құрылысына демеуші болып, туған өңірімізді гүлдендіруге қолдау көрсетті. Демеушілердің көмегімен 30-ға жуық тұрмыстық жағдайы төмен отбасы баспаналы болды. Жоба аясында 75 нысан, оның ішінде 4 балабақша, 3 спорт нысаны, мектеп, емхана, спорт алаңын аштық. Сонымен қатар Мырзакент орталық ауруханасының ауласынан жедел жәрдемдік тік ұшақ қонатын алаң салынды.
— Осы атқарылған жобалардың қаржылай көмектен бөлек қоғам үшін қандай маңызы бар?
— Мемлекет басшысы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» демекші, жоба арқылы еңбектеген баладан, еңкейген кісіге дейін санасы жаңғырып, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктері артады. Жалпы «Туған жер» арнайы жобасы аясындағы барлық кіші жобалардың жүзеге асуы қоғамның дамуы мен әлеуметтік ахуалының жоғарылауына үлес қосады деп ойлаймын. Соның ішінде «Алтын ұям» кіші жобасына тоқталып кетсем. Шараның мақсаты – ысырапшылдыққа жол бермей, қоғамға бір пайда алып келу. Жоба барысында, 10 жылдық не 30 жылдық кездесуге жиналған түлектер сән-салтанаттың орнына өз мектебіне, ауылына қаржылай не материалдық көмек көрсетті. Мысалы, түлектердің көмегімен Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне микроавтобус сыйға тартылды, Жамбыл ауылында 30 жылдыққа жиналған түлектердің демеушілігімен Жастар аллеясы және Шалдар ауылында 10 жылдық түлектердің қолдауымен спорттық алаң пайдалануға берілді.
— Жоғарыда айтылған жобалардан бөлек, өзіңіз тағы қандай жобаны ұйымдастырғыңыз келеді?
— Бағдарламаға жалпы көңілім толады, алайда арнайы жобалар аясында өткізілетін кейбір іс-шаралар қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан да, өңірлік жобалық кеңселерге қаржы жағынан мейлінше қолдау көрсетілсе, бізде көптеген идея бар. Мәселен, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2020 жылы елімізде «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны баршамызға белгілі. Біз осыны негізге ала отырып «Туған жер» арнайы жобасының аясында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, пайдалы іске ынталандыру, өңірдің тарихи орындары мен киелі, қасиетті жерлері туралы ақпаратты тарату мақсатында «Гид-волонтер» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қысқаша айтар болсам, киелі мекендерді көргісі келетін шетелдік әрі отандық туристерге жол бастаушы болуды қалайтын, Гид болуға ниет білдірген еріктілер өңірдегі киелі және тарихи орындарға саяхат жасайды. Осындай жобаны ұйымдастырғым келетін еді.