— Сіздің ойыңызша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы неде?
— Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біз саяси, әкімшілік, экономикалық, әлеуметтік реформаларға баса назар аудардық – сыртқы көріністерге, материалдық жетістіктерге үлкен мән бердік. Әрине, қол жеткізген жетістіктеріміз баршылық. Алайда қоғамымыздың рухани мәселесі тысқары қалып отырды. Еліміздің экономикалық тұрақтылыққа талпынған кезде, адамдар отбасылық құндылықтарға, тәрбиеге, білім мен ғылым мәселесіне көңіл бөле алмады. Мәдени тұрғыдан дамығанымызбен, қазақ болмысындағы кез келген адамның отбасылық тұрғыдан қалыптасып дамуындағы нәрді, құндылықтарды жоғалтып алдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы құндылықтардың маңыздылығы мен қайта жаңғырту мәселесін көтереді.
— Биыл бағдарламаның іске асырылып жатқанына үш жыл болды. Бүгінгі күнде бағдарламаның жаңа даму кезеңінде қоғамдық сананы жаңғыртудың қандай бағыттары басымды болып табылады?
— Менің ойымша, бағдарламаның барлық бағыттары өте маңызды. Қазіргі таңда әлемді жайлап отырған COVID-19 індетімен күресу барысында қоғамымызда «сананың ашықтығына» кереғар мәселелердің бар екендігі байқалады. Соның ішінде прагматизм, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы – осының барлығына жеткілікті көңіл бөлінбегені көрініс тауып жатыр.
Білім саласында қаншама жылдар бойы реформалар жүзеге асырылып келді, ал нәтижесінде бүгінгі күннің сұраныстарына жауап бере алатындай, әлемдік дағдарысқа төтеп бере алатындай мамандарды дайындай алдық па, біліктілігі жоғары жастар қорын құрай алдық па немесе бұрынғы ғылыми-зерттеу институттардың сабақтастығын жалғастыра алдық па? Жоқ. Бүгінгі коронокризис қоғамда қордаланып қалған мәселелердің бетін ашып, біздің неге дайын, неге дайын еместігін көрсетті.
Сондай-ақ, күнделікті тіршілігіміздегі прагматизм мәселесін алып қарасақ, осындай қиын кезеңде – адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған жағдайда біз әлі күнге дейін той тойлап жүрміз. Өзімізден өзіміз жасырынып, тойға тығылып баратын болдық. Көп нәрсенің қадірін түсінбейміз, орынсыз ысырапшылыққа жол берудеміз. Осындай жағымсыз әрекеттерімізбен келер ұрпаққа үлгі көрсетіп жатырмыз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының әрбір бағытының өзекті екендігі күн сайын дәлелденуде. Бағдарламаның бағыттары бойынша атқарылатын жұмыстар әлі де алда. Сананы жаңғырту үш жылдың немесе он жылдың ішінде жүзеге асатын нәрсе емес – «Елу жылда ел жаңа» деп қазақ халқымыз бекер айтпаған, бұл ұзақ жол. Бұл жолда жастар ғылыми жаңашылдықтарды қабылдап, озық технологияларға үйреніп, бәсеке заманына бейімделе білу керек. Қоғам болып кереғар дүниелерден арылуымыз қажет. Сонда ғана әлемнің алпауыт елдерімен бәсекеге түсе аламыз.
— Білімнің салтанат құруының өзектілігіне тоқталып өтсеңіз?
— Білім кез келген мемлекеттің басты салымы болып табылады – білімсіз ешбір мемлекет те, қоғам да дамымайды. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазақ халқымыз тегін айтпаған. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылынан бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Сол бағдарлама арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне жастарды оқуға жіберіп, әлемнің білді университеттерінде білімдерін ұштауға мемлекеттен қаржылай қолдау жасады. Қазіргі таңда түлектердің басым бөлігі елімізге оралып, еліміздің дамуына үлестерін қосып жатыр. Бұл да білімнің салтанат құруының бір көрінісі болып табылады.
Бүгінгі таңда еліміздің білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар өзіміздің интеллектуалды әлеуетімізді қалыптастырудың, мемлекетті алға жетелеудің басты кепіліне айналуы тиіс. Сол себепті бұл салада дұрыс реформалар мен нақты қадамдар қажет. Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер біздің дамығанымызды күтпейді. Біз олардың қазіргі жетістіктеріне тезірек жетуіміз қажет. Жастарымызды оқытуда, тәрбиелеуде дамыған елдердің ұтымды тәжірибелерін пайдалана білу керек. Әсіресе, IT және нақтылы ғылым салаларына басты назар аударған жөн. Жасанды жетістік пен атаққұмарлық сияқты, қоғамды кері сүйрейтін, зиянды түсініктерден арылатын уақыт жетті.
Білімнің салтанат құруының өзектілігі жыл сайын артып келеді. Жалғыз «қара алтынның» күшіне сенбеуіміз керек. Бай жеріміз бен, көрікті табиғатымызды тиімді пайдалануды үйренетіндей уақыт болды. Шикізаттарымызды өзіміз өңдеп, жасанды интеллектке сүйенген заманауи өндіріс ошақтарын тұрғызу қажет. Заман ағымына ілесе алатын, жаңа технологияларды жетік меңгерген, оны дұрыс пайдалана білген мемлекеттердің қатарына кіруіміз қажет.
Абай атамыз айтқандай, «Сыбырдан басқа сыры жоқ, шаруаға қыры жоқ» жастарымыз көбеймесі үшін ғылым мен білмді және тәрбиені қолға алған жөн. Бұларды дер кезінде қолға алмаса кез-келген мемлекет құрдымға кетеді.
— «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының рухани маңыздылығы қандай?
— Еліміз көрікті тарихи жерлерге толы. Әр аймақтың, жердің өзіндік тарихы, киесі бар. Барша қазақстандықтарға белгілі киелі жерлерге барып қана қоймай, әр жердің тарихын насихаттау қажет. Осы бағдарлама аясында алғаш рет «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» әзірленіп, жарияланғанда көптеген азаматтар таң қалыспен қарады – Қазақстанды жаңадан аша бастады, өзі тұрып жатқан аймақтың тарихын, киелі жерлерін, жер атауларының тарихын біразымыз білмейді екенбіз.
Өкінішке қарай, оқулықтарымызда жалпылама және жартылай ғана жаңартылған мәліметтер беріледі. Бүгінгі таңда еліміздің флорасы мен фаунасы бойынша кешенді еңбектер жоқ. Кітапханаларда барлары кеңес одағы тұсында жазылғандар. Сол себепті осы жоба арқылы еліміздің киелі жерлерімен қатар, оның оны мекен етуші тіршілік әлемі жөнінде де еңбектер мен зерттеулердің болғаны қажет.
Ішкі және сыртқы туризм саласын мықтап қолға алған дұрыс. Біздің елдің табиғаты мен тарихи жерлерге қызығушылық білдіріп, сырттан келіп жатқан туристер жоқ емес. Алайда, көршілес елдермен салыстырғанда дамытуды қажет ететін бағыттары жоқ емес.
Мәселен, Түркістан өңірінің дамуы – осы өңірді түрік әлемінің астанасы қылып, түркі тілдес елдерден туристерді тартып, қызығушылықтарын арттыра алсақ, ел экономикасы үшін ұтымды болары сөзсіз.
Сонымен қатар, ішкі туризм мәселесі де алдыңғы қатарда. Мемлекет тарапынан бұл салаға көбірек көмек көрсетілсе, экономикамыздың тиімді салаларының біріне айналары сөзсіз.
— Неліктен сананың ашықтығы бәсекеге қабілетті болудың басты алғышарты болып табылады?
— Сананың ашықтығы дегеніміз – бүгінгі таңда әлемде орын алып жатқан жаңашылдықтарды, жетістіктерді қабылдай білу, соларды өзіміздің қоғамдық өмірімізге, тіпті өмір салтымызға бейімдей білу болып табылады. Бұның жақсы бір көрінісі – тілдерді үйрену. Қазіргі таңда, әрине, алдымен мемлекеттік тілімізді дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Сонымен қатар ағылшын, еуропа, қытай тілдерін меңгеріп, жетік білу, жастарымыздың әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті әрі, интеллектуалды ортаға интеграциялана алады.
Қазіргі заманғы демократиялық стандарттарға сай келетін, бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыруға және дамытуға бүкіл дерлік интеллектуалды күшімізді салуымыз қажет. Ол ең алдымен сананың ашықтығымен және ғылым мен білімнің дамуына байланысты. Себебі, көкірегі ояу, санасы ашық жастар мен білікті мамандар — бүгінгі жаңарулардың тек «ақылы» емес, сонымен қатар қозғаушы күші. Уақыт алдыға жылжыған сайын бұл дәлелдене түсіп жатыр.
Ата-бабаларымыздан сақталып келе жатқан құндылықтарымызды жаңашылдықпен сабақтастырып, бүгінгі талаптарға сай қалыптастыру қажет. Осының барлығы санамыздың жаңғыруы, рухани жаңғыру болып табылады. Соның арқасында қоғамымыз кемелдене түседі, еліміз дамиды. Оны тек қана жастарға артып қоюға болмайды, орта немесе аға буын өкілдері де саналарын өзгертіп, жаңашыл идеяларды алға тартып, өзгерістерді бойларына сіңіре білулері қажет.
Рухани жаңғыру – ұлттық болмысымызды айқындайтын адамгершілік, қанағатшылық, кішіпейілдік, шыншылдық, даналық, үлкенді сыйлау, табиғатты сыйлау сынды басты рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, кереғар дүниелерден арылып бүгінгі шындыққа бейімделу, төсілу.