Іс-шараны Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева ашты. Іс-шараға Kazakh Tourism ҰК АҚ туристік өнімдерді дамыту департаментінің директоры Даниел Сержанұлы, «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Олжас Жансеитов, Aigul line брендінің негізін қалаушы, Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының басшысы Айгүл Жансерікова, БҰҰДБ өкілдері және жергілікті қолөнершілер қатысты.
Гүлмира Ахбердиева қолөнер және кәдесый өнімдері арқылы аумақтық брендинг мәселесін қозғады. Ол біздің өңірге келетін туристердің қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен мәдениетінің бір бөлігін өзімен бірге алып кеткісі келетіндігін атап өтті.
Қазіргі кезеңде Қазақстанда қолөнердің ролі ұлттық мәдениеттегі көп ғасырлық қолөнер тарихына қарамастан, көлеңкеде қалып отыр. Көбінесе, қолөнер шеберлері өз күш-жігерін өндірістік аспектілерге ғана жұмсап келеді.
Ежелден қолөнер орталығы болып саналатын тарихи шаһардағы ұлттық қолөнерді дамыту, Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық қолөнер орталығына айналдыру бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
Осы орайда, Kazakh Tourism ҰК АҚ-мен туризм субъектісі ретінде қолөнершілікті дамытуды кешенді зерттеу жобасы аясында Елімізде өнімді өткізу, ілгерілету, өткізу алаңдарын құру бойынша мәселелерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар шара барысында Aigul line брендінің негізін қалаушы Айгүл Жансерікова Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының жұмыс тәжірибесін бөлісіп, ұлттық бұйымдардың өндірісімен қатар, оны сатудың жаңа бағыттарын ойлап табуды ұсынды.