Басты бетМедицинаҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысын мақтады

Президенттің айтуынша, Қазақстан эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинады. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан үкіметі өз жұмысын сәтті жүргізіп отыр.

Алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақытымыз жеткілікті болды. Жалпы, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинадық. Бұл тәжірибені мейлінше тиімді пайдалануымыз керек. Жалпы Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізуде. Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитария ахуалы күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев инфекцияға қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын айтты. Ең бастысы, тәжірибе бар. Бірақ соған қарамастан босаңсуға болмайды.

Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиника зерттеулері жүргізіліп жатыр. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бірақ елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды. Жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармағанымыз жөн. Өкінішке қарай, азаматтарымыз, тіпті, жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын ұмыта бастады, — деді мемлекет басшысы.